
Алматы қаласынан кәсіпкерлерден құралған бір топ делегация Ақтөбеге келді. Облыс әкімі кәсіпкерлерді жылы қарсы алып, ұсынысын қолдаған Бауыржан Байбекке ерекше алғысын айтты деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.
Ол облыстың әкімдерін де Бауыржан Байбек басқарған қаланың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
«Алматы – біздің еліміздің ең үлкен қалаларының бірі. Алматыда бизнес, мәдениет, сауда, банк жүйесі жақсы дамыған. Сондықтан Қазақстанның басқа өңірлері Алматымен байланысуы керек. Алматы қаласының барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Ақтөбе қаласы да Алматы сияқты Қазақстанның агломерацияға енген төртінші қаласы болып есептелінеді. Біздің өңірдің ерекшелігі ретінде логистикалық жағынан жақсы орналасқанымызды айтуғы болады. Батыс Қазақстандағы теміржол, тасжол, әуе жол болсын тиімді, ыңғайлы орналасқан қалалардың бірі. «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» жолы да Ақтөбенің үстімен өтеді», – деді әкім.
Бердібек Сапарбаев Алматы қаласынан келген делагаттық топқа Ақтөбедегі терракт оқиғасынан қорықпау керектігін айтты.
«Мен тағы жайға көңіл аударғым келеді. Қауіпсіздікке байланысты. Қазақстандықтар мен шетелдіктер Ақтөбеде 5 маусым күні болған оқиғаны ұмытқан жоқ. Қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген деген пікірді негізсіз екенін бүгін өздеріңіз көрдіңіздер. Барлық қауіпсіздік қызметі мен арнайы мамандар жұмыс жасап жатыр. Оның нәтижесі де бар. Біз барлық кәсіпкерлерге қауіпсіздікті қамтамасыз ететінімізді айтамын», – деді Бердібек Сапарбаев.