Ақтөбелік дәрігер балаларды скринингтен өткізуді ұсынды — TilshiNews

Ақтөбелік дәрігер балаларды скринингтен өткізуді ұсынды

Ақтөбелік дәрігер балаларды скринингтен өткізуді ұсынды. Себебі, 1 жасқа дейін бар ауруды анықтап, емдемесе, дерт асқынып кетуі мүмкін. Бұл туралы Ақтөбеде өткен «Балалар денсаулығы мен репродуктивті денсаулықты қорғаудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде айтылды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының басшысы,академик Жақсылық Досқалиев Ақтөбеде өткен «Балалар денсаулығы мен репродуктивті денсаулықты қорғаудың инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Мұнда балалар денсаулығы мен репродуктивті денсаулықты қалыптастырудың медициналық-экологиялық және әлеуметтік аспектілері, ер адамдардың репродуктивті патологияның заманауи мәселелері секілді бірнеше тақырып талқыланды.

«Әлемде қарт адамдардың саны артып келеді. Сондықтан балалар денсаулығы мәсеселін қозғаған кезде ересектерді одан бөліп қарауға болмайды. Мәселен, 50 жасқа келген адамнан 2 созылмалы дерт анықталса, 70-ке келгенде 7 ауру табылады. Әрқайсысын емдеп, жазу мүмкін емес. Сондықтан дертпен күресуді емес, алдын алуды ойлаған жөн. Тағам мәселесін жақсартып, еңбекке тартып, физикалық мүмкіндіктерін күшейтуіміз қажет»,- дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов.

Қазіргі педиатрлар мән бермейтін кеселдің бірі ол – бала бойындағы қорқыныш. Балалық шақтың психикалық заңдылықтарын зерттеген М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің бөлім жетекшісі Ақмарал Баспанованың айтуынша, баланы сенімсіздік бойлаған, олар ертеңге күмәнмен қарайды.

«Қазіргі таңда балаларда үрей басым. Ғылыми зерттеу көрсеткіштеріне, яғни, сауалнама нәтижесіне сүйенсек, болашаққа үреймен қарайтындар саны басым. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін түрлі скринингтік бағларламалар жазылып, министрлікке ұсынылып жатыр»,- дейді А.Баспанова.
Оның айтуынша, вирустық гепатиттің туа бітті белең алуы байқалады. Ендігі кезде 1 жасқа дейін ауруларды анықтап, емдеу қажет.

«Егер 1 жасқа дейін емдей алмасақ, асқынып, басқа дертті қоздыруы мүмкін. Неонатология, перинатология ауруларының көрсеткіштері жоғарылаған. Яғни, калций жетіспеушілігінен пайда болатын аурулар да көбейгені анықталды. Бұған себеп, қазіргі уақытта халықтың 65-70 пайызы сүтті дүкеннен сатып алады. Ондағы сүттің қоспасы көп, пайдасы аз. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына зерттеу жүргізіп, Ақтөбеде йод тапшылығы жоғары екенін анықтадық»,- дейді А.Баспанова.
Айта кетейік, конференцияны М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті ұйымдастырды. Оған 100-ден астам медициналық жоғары оқу орындарының, денсаулық сақтау басқармасының, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, Польша, Италиядан ғалымдар, оқытушылар қатысты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған