Ақтөбе облысының барлық аудандарында медиация кабинеттері ашылады — TilshiNews

Ақтөбе облысының барлық аудандарында медиация кабинеттері ашылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай құқықтық дауларды реттеу үшін татуластыру процедуралары институтын дамыту мәселелері бойынша кеңес барысында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Өздеріңізге белгілі, бүгінде татуластыру процедуралары мен дауларды шешудің балама жолдарын кеңінен қолдану және түсіндіруге ерекше назар аударылып отыр. Өңірде осы бағытта тұрақты түрде мақсатты және жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілуде.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұзылған адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің басым бағыттарының бірі ретінде татуластыру процедуралары және дауларды сотқа дейінгі шешудің балама жолдары, соның ішінде медиация институтын қолдануды атап өтті.
– Оның ерекшелігі – тараптардың барлық мәселені сот процесіне дейін шеше алатындығында. Ең алдымен соттардың жұмыс ауыртпалығы жеңілдейді, сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік баж сомасы қайцтарылады, – деп атап өтті облыс басшысы. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аудандарының әкімдіктерінде медиация кабинеттері ашыла бастады. Ақтөбеде медиация орталығы Ақтөбе облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ашылды.
Мәселен, жыл басынан бері татуластыру процедураларын қолдану нәтижесінде 724 азаматтық іс аяқталды, оның 509-ы келісімге келу арқылы шешілді, 190 іс бойынша тараптар медиацияға жүгінді, жеке және заңды тұлғаларға 72 млн теңге көлемінде мемлекет баж қайтарылды.
Алдағы уақытта әрбір ауданда ашылатын медиация кабинеттері тұрғындарға тұрғылықты мекеннен шықпай-ақ дауды шешу және ымыраға қол жеткізу мақсатында кәсіби емес медиаторларға жүгінуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде, қолайсыз ауа райында да маңызды. Әкімдіктер жанындағы медиация кабинеттері сондай-ақ азаматтарды сот және көлік шығындарынан босатады. Өйткені, міндетті мемлекеттік бажды және өкілдердің қызметін төлеу қажеттілігі болмайды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық сот төрағасы мен облыс әкімі арасында құқықтық дауларды реттеу үшін татуластыру процедуралары институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған