"Команданың әрбір мүшесі бизнестің жүруіне мүдделі болуы тиіс": белгілі кәсіпкер топпен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқтады — TilshiNews

«Команданың әрбір мүшесі бизнестің жүруіне мүдделі болуы тиіс»: белгілі кәсіпкер топпен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқтады

Ақтөбеде шетел азаматтарының бизнес жасауы – таңсық дүние емес. Сонау тоқсаныншы жылдары-ақ қаланың орталық аудандарында түрік кәсіпкерлері өз бизнестерін аша бастады. Алғашқы дөнер дүңгіршектері, шайханалар мен дәмханалар, халал мейрамханалар да осы түрік ағайынның бастамасымен ашыла бастады. Бірқатары әлі күнге дейін тұрақты жұмыс істеп келеді. Кейбірінің айналымы еселеніп, бизнестері қарыштады.

Ақтөбеде бизнесін жүргізіп қана қоймай, көптеген қазақ жігітін бизнестің қыр-сырына қанықтырып, іскерлік әлемге баулығын Шевкет Өтен Isker Tilshi ортасында кәсіп жүргізудің бірқатар құпияларымен бөлісті.

Айта кетейік, түрік бизнесмені қаланың өнеркәсіптік ауданында сауда-өндірістік цех жұмысын жүргізіп, құрылысқа қажетті сендвич панельдерін өндіріп қана қоймай, ғылым жолында еңбектер жазып, бүгінде экономика бойынша жергілікті оқу орындарының бірінде дәріс оқып келеді.

Бизнесте алдымен тазалық пен адалдық болу керек

Шевкет Өтеннің пайымынша, бизнесте адам таза, адал және әділ болу керек. Бүгін бес-он тиын пайда көріп, ертең тақырға отыруың мүмкін. Сондықтан, бүгін іс бастадың екен, сен тек ертеңіңмен де шектелмей, болашағыңды ойлауың керек.

«Түркияда бизнес жасау жергілікті халықтың қанына сіңген деуге болатын шығар. Дегенмен, іс жасап жүріп, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер де болады. Иә, оны ешкім байқамауы мүмкін, бірақ, алдымен өзіңнің арыңның алдында адал болуың керек деп ойлаймын. Таза жолмен тапқан ақшаң берекелі болады», — деп бастады әңгімесін Шевкет Өтен.

Кәсіпкер Түркиядағы бизнес жүргізудің қыр-сырымен де бөлісуді ұмытпады.

Алдымен, сервис жоғары деңгейде болу керек. Түркияда бәсекелестік тым жоғары. Сондықтан, әрбір сауда адамы клиенттің бабын таба білуі керек. Саған бір стақан шай ұсынуы мүмкін. Өнімнің дәмін татқызуы мүмкін. Жеңілдіктер жасауы мүмкін. Бастысы – сен оның дүңгіршегінен бір зат сатып алуың керек. Сатып алушы ең болмағанда ішкен шайы үшін қысылып, міндетті түрде бірдеңе сатып алуы мүмкін.

Шевкет Өтеннің пайымынша, клиент бірнеше киімді өлшеп көріп, бірақ, ақырында ештеңе сатып алмауы мүмкін. Бұл ретте, түрік бизнесмені оған еш қабақ шытпауы тиіс. Іс жүзінде солай да. Бұл да сервис көрсетудің бір қыры.

«Түрік бизнесмендері сапаға мән берумен қатар, тауардың сыртқы келбеті мен безендірілуіне ерекше назар аударады. Сапа болған жерде, өнімнің сыртқы келбеті де рөл ойнайды», — деп санайды Isker Tilshi спикері.

Оның пайымынша, қаладағы тамақтану орындарының бір-бірінен ерекшелігі болуы керек. Мәселен, қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамхана-дәмханалардың бірінің алды жарықпен безендірілген. Қарап отырсаң, қытайдың арзан жарықтары. Дегенмен, адамдар сол жерге құмар. Әдемілік көздің жауын алады. Ерекшелену деген осы.

«Бірқатар тамақтану орындарында киіміңе ас бөлменің иісі сіңіп қалады. Әрине, ондай жерге клиент енді аяқ баспауы мүмкін. Адамда қазір талғам бар. Таңдау бар. Бірі ұнамаса, екінші жерге барады. Екіншісі болмаса, үшіншісі бар. Дегенмен, бір ұнаған жерге адам қайта-қайта барғысы келетінін де ұмытпау керек», — дейді Шевкет мырза.

Сервис көрсетудегі тағы бір маңызды жайт – қызметкерлер. Шевкет Өтен талай бизнес нысандарында қызметкерлерін қадағалап жүретінін алға тартады. Бұл оның қанына сіңген кәсіби әдет секілді. Мейрамханаларға барғанда, әсіресе, таныстарының бизнес нысандарына соққанда, қызметкерлерінің жұмысын жасырын қадағалап отырады.

«Кейде даяшыны қатты сынайтын кездер болады. Оның қаншалықты білікті екенін байқау үшін түрлі тапсырыстар жасаймын, жағдайлар туындатам, сұрақтар қоямын, олардың тығырықтан қалай шығатынын, шығуға әрекеттенуін қарап отырамын. Жасырмау керек, көп жағдайда сыннан өте алмай жатады. Әрине, білген ақыл-кеңесімді аямаймын, бөлісіп отырамын, ал оны әрі қарай ескере ме, әлде құлақ аспай ұмытып кете ме, ол өзінің жеке шаруасы. Бірақ, сервис бағытында әрі қарай жұмыс істеуге бел буса, қандай да бір шешім шығаруы керек деп ойлаймын», — дейді спикер.

Қонағымыз траффик жөнінде де бірер ауыз сөз қозғады. Оның ойынша, сауда адамдар көп өтетін жерде жасалуы керек. Қандай да бір бизнес ашарда, мейлі ол қоғамдық тамақтану орны, мейлі сауда дүкені болсын, адам көп жүретін орынды таңдау керек. Траффик, Шевкет мырзаның пайымынша, сату үшін ауадай қажет фактор.

Сату – үлкен өнер. Бұл бағыттың өз заңдылықтары бар. Isker Tilshi қонағы Шевкет Өтен сату менеджері қызметі өте жоғары сұранысқа ие болатынын айтады. Әрине, егер ол өз ісінің білгірі болу керек.

«Қазіргі таңда еңбек нарығында сату менеджерін табу қиын. Мен араласатын көп бизнесменнің басты проблемасы – сатуды керемет меңгерген маманның болмауы. Болашақта бизнесте бәсекелестік арта беретіні сөзсіз. Сәйкесінше, мықты сату менеджеріне сұраныс арта түседі. Оған ұсынылатын ақы да үлкен болады. Бастысы – сату өнерін мықты меңгерген маман болу керек», — дейді Шевкет мырза.

Жақсы бизнесмен болу үшін іскерлік форумдарға барып тұру көптік етпейді. Бірнеше сағатқа, бірнеше күнге созылатын іскерлік шаралардан қандай да болсын құнды ақпарат алып шығуға болады.

«Бизнес – тірі ағза іспетті. Әрдайым ізденіс үстінде болу маңызды. Заманына қарай трендтер пайда болады, ережелер өзгеріп отыруы мүмкін. Сол себепті барлығынан хабардар болып отыру керек. Саясаттағы өзгерістер де бизнес адамы үшін сигнал бола білу керек. Өйткені сен басқа елдермен де іскерлік қарым-қатынас орнатып отырасың ғой», — дейді ол.

Шевкет мырзаның өзі қолы боста үнемі ғаламтордан іскерлік білімге қатысты видеолар көріп, онлайн кітаптар іздеп отырады. Командамен де ұдайы байланыс орнатып, жаңа білім алуға қатысты басқосулар өткізеді.

«Бизнесмендермен кездесулерден қалмау керек деп санайды. Ол жерде серіктес табасың. Іскерлік мәмілелер жасай аласың. Жаңа өнімдермен танысасың. Жаңа ойлар туындайды. Бизнесіңе жаңашылдық енгізуің мүмкін. Бірінің жетістігі — екіншісіне мотивация, бірінің кемшілігі – өзгеге сабақ болуы тиіс» деп санайды.

Команда демекші, Шевкет мырзаның айтуынша, қарамағындағы қызметкерлердің жағдайын үнемі біліп отыру артықтық етпейді. Бизнестің жақсы жүруі командадағы әрбір адамның жағдайына тікелей байланысты. Бірінің жағдайы, екінші бірінің көңіл күйі, үшіншісінің тағы бір оқиғасы – команда жұмысына әсер етпей қоймайды.

«Рас, кейде шара қолданатын кездер болады. Ондай жағдай туындағанда қызметкерге не үшін шара қолданылып жатқанын, алдымен оның болашағына, жұмысына қатысты дұрыс шешім шығару керектігін ұғындыра білген жөн. Бет алды тиісіп, жауапкершілікке тарта беру – бизнес иесі үшін үлкен сын», — деп санайды спикер.

Бизнес жүргізу – жоспарсыз болмайды. KPI көрсеткіштерін қою да маңызды.  Оны әрбір команда мүшесі сезіне алуы тиіс. Бір ортақ мүддеге жұмыс істеу – тек бизнес иесі үшін емес, команданың әрбір мүшесі үшін маңыздылығын ұғындыра білген бизнес адамы көп нәтижеге қол жеткізе алады. Бизнестің жақсы жүруі – команда мүшелерінің де игілігі екенін естен шығармаған абзал.

Шевкет Өтен бір отырыста көп лайфхактарымен бөлісті. Тіпті, басқосу әдеттегіден бірнеше сағатқа созылып кетті. Мейман Isker Tilshi отырыстарына тағы да спикер болып келуге келісті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *