Бүгінде Ақтөбеден қонақ күткен астаналықтар не алматылықтар сыйлыққа жент әкеліп беруін сұрайды. Соңғы жылдары бұл өнім өндірістік деңгейде әзірлене бастады. Әсіресе, жергілікті «Ваниль» кондитерлік цехының өнімі бергісі Астанадағы АҚШ елшісіне, әрісі Қытайда тұратын әлемдік деңгейдегі актер Джэки Чанға жеткізілген.
Isker Tilshi ортасының кезекті қонағы — Ақтөбе өңірінде өсетін тары мен талқаннан дайындалатын ұлттық өнімді біраз жерге танытқан кәсіпкер Зәуреш Еркінәлиева.
Бірден айта кету керек, Зәуреш Еркінәлиеваны ортаға шақыру оңайға соқпады. Бизнесвумен соңғы жылдары баспасөзге мүлдем жабық. Іскер орталарға да уақыт таба бермейтінін айтты. Дегенмен, біздің форматтың ерекшелігін түсіндіргеннен кейін барып ол келісті.
Кәсіпкерде жаңалық көп. Таяу уақытта оның бизнесінде ребрендинг жасалмақ. Басым бағыт – ұлттық десертке негізделген сый-сыяпатқа жасалады. Isker Tilshi басқосуына бизнесмен ханым жаңа рецептімен әзірленгена чизкейк пен «құс сүтін» ала келіпті. Бір қызығы – екі десертке де талқан қосылыпты.
Сонымен бірге, Зәуреш Еркінәлиеваның жақын уақытта тренинг орталығын ашатынын білдік.
Isker Tilshi ортасының кезекті басқосуында болған әңгімені қаз-қалпында жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Кондитерлік бизнестің басталғанына — 15 жыл
«Ваниль» — Ақтөбедегі танымал брендтердің бірі. Бүгінде басқа жаққа жолға шыққан жергілікті тұрғындар міндетті түрде осы брендтің өнімдерін сыйлыққа алып кетіп жатады. Өзге жақта тұратындар да алдымен осы атаумен белгілі тағамдарды алдыртуға мүдделі.
Құпиясы неде?
«Цехымыздың ашылғанына 15 жылдан асып барады. Мойындау керек, соңғы 5-6 жылдың шамасында біздің өнімдер кеңінен таныла бастады. Марқұм Бердібек Сапарбаев Қытайға сапарға шығар алдында біздің жент өнімдерімізді арнайы қораптарға салғызып, безендіріп беруімізді сұрады. Аспан асты еліне 400-ден астам қорап жентімізді жөнелттік. Одан бері көптеген елге, өңірлерге шыққанда да өзге емес, біздің қораптағы женттен алып кетіп жүрді», — дейді Зәуреш Еркінәлиева.
Кәсіпкер ханым кезекті бизнес форумдардың бірінде Ресейдегі Орынбор және Орск қалаларында да «Ванильдің» филиалдары ашылғанын еске алды.
«Еуропа – Азия: Шекарасыз ынтымақ» деген атаумен өңіраралық форумдар жиі өтетін. Солардың бірінде ақтөбелік кәсіпкерлер өз жұмыстары мен қызмет түрлерін таныстыратын болды. Бағдарлама барысында түрлі жарыстар болды. Мен ресейлік серіктестермен бірлесіп арнайы нөмір әзірлеп, алғашқы орыннан көріне білдік. Содан, мүмкіндікті пайдаланып, жент өнімдерінен барлығына ауыз тигіздік. Нәтижесі көп күттірмеді. Сауда алаңдары бізге бастапқыда жалдау ақысын төлетпей орын беретін болды. Бізге де керегі сол болды. Қысқасы, Орынбор, Орск қалаларында осылайша бөлімшелеріміз пайда болды», — дейді Isker Tilshi қонағы.
Зәуреш Еркінәлиева бизнесте 30 жылдан астам уақыт жүргенін айтады. Кондитерлік өнім өндірісіне бірден аяқ баспаған.
«Шынымды айтсам, мен түрлі торт атаулыны жақсы көре бермедім. Кішкене дәмін татсам, сәл кейін өзімді нашар сезіне бастаймын. Бірде Мәскеу қаласында өткен шаралардың бірінде дәмі тіл үйірер торт жедім. Содан бері менде қызығушылық ояна бастады. Әлгі торттың құрамын сұрастыра келе, ондағы майлар мен басқа өнімдер туралы зерттей бастадым. Бизнесімді де осы кондитерлік өнім өндірісімен байланыстыру керек деген ой пайда болды», — деп жалғады әңгімесін бизнесвумен.
Көп танысының қаржы уәжіне қарамастан, Зәуреш ханым Ақтөбеде кондитерлік цех жұмысын бастап кетеді. Тіпті, жанынан кофейня мен дәмхана ашып қояды.
«Бастапқыда небары 5 адам болып жұмысқа кірісіп кеттік. Таныстарым күмәнмен қарай бастады. Бірақ, мен мойымадым. Өйткені, өзіме қатты ұнады. Тәуекелге бел будым. Өндіріске қажетті жабдықтар сатып ала бастадым», — дейді ол.
Неге «Ваниль»?!
Зәуреш ханым бизнесіне «Ваниль» деген атау береді. Алайда, бұл атауды естігенде ақтөбеліктердің ойына алдымен жент келеді.
«Атауға қатысты айтарым — кезінде қойыла салды. Бұл атаудың танымал болатынын ойламаған шығармыз. Дегенмен, алдағы уақытта атауға қатысты жаңалығымыз бар», — деп қайырды қонағымыз.
Пандемия өз дегенін жасады.
Жаһандық пандемия ақтөбелік кәсіпкердің бизнесіне де кедергісін келтірмей қоймады. Қаладағы кофейня жұмысы тоқтады. Ресейдің екі қаласындағы бизнестерді жүргізу қиынға соққан.
«Сәтбаев көшесіндегі кофейня жұмысын тоқтатуға тура келді. Үкімет қаулысымен қоғамдық тамақтану орындарына шектеулер қойылды. Ал, Орынбор мен Орск қалаларындағы филиалдар жұмысын алыстан басқару қиынға соқты. Оның үстіне кедендік заңнама жиі өзгереді. Бүгін заң басқа, ертең мүлдем тиімсіз ережелер қабылданады. Мұның барлығы бизнеске кері әсерін тигізбей қоймайды. Шекараны кесіп өту оңай емес, ал күнде өзгеретін заңнама бізге психологиялық тұрғыда да оңайға соқпады. Сондықтан, бизнесті қайта қарауға, шұғыл шешімдер қабылдауға тура келді», — дейді бизнесмен ханым.
Есесіне, Зәуреш Еркінәлиева фокусты Қазақстанның өзге қалаларына қоя бастады.
«Бүгінде Астана қаласында екі дүкенде біздің өнім сатылымға шыға бастады. Мен ондағы жағдайлармен әбден танысып алдым. Өнімді тасымалдау, сақтау шарттарын білген соң, келісімге келдік. Алдағы уақытта Астананың басқа да аудандарында біздің өнімдер сатылымға шыға бастайды. Тіпті, «Ваниль» атауымен дүкендеріміз ашылады», — дейді ол.
Ақтөбелік кәсіпкерге франшиза бойынша ұсыныстар аз түспесе керек. Алайда, бұл сұраққа Зәуреш ханым әзір оралғысы келмейтінін айтады.
«Ваниль» өнімдері өзге қалалардағы көп кәсіпкерге қызық. Франшиза беріңіз деп хабарласып жатқандар көр. Мен о бастан сапаға жұмыс істеп келемін. Алдағы уақытта да сапаға қатты мән беруім керек. Дайын емес өнімді (франшизаны меңзеп) біреуге беруге қорқамын. Франшиза ашқан күнде жай дүкендер ашуға рұқсат берермін. Бірақ, өндірісті осы Ақтөбеден аластатпаймын. Барлығы көз алдымда дайындалуы керек. Тек дайын өнімді сатуға шығаруға рұқсат беруім мүмкін», — деп пайымдайды бизнесвумен.
Жентті қонақтарға қалай таныстыру керек
Қонағымыз жент десертін көп ортада «қазақтың ұлттық тағамы» ретінде таныстыратынын айтады. Құндылығын жеткізуге тырысады. Тары жинаудан рекорд орнатқан тарышы Шығанақ Берсиевтің жетістігін айта келе, тары өнімінің құрамы, оның адам ағзасына пайдасы туралы да айтып өтеді екен. Әрі-беріден соң, көптеген елдердің ұлттық тағамдары секілді тары-талқан мен одан жасалатын жентті қазақтың ұлттық десерті ретінде таныстырады.
Бүгінде «Ваниль» кондитерлік цехы үшін шикізат ретінде тарыны Шалқар мен Қарғалы аудандарының дихандары өсіреді.
Білім ешқашан көптік етпейді
Зәуреш Еркінәлиеваның таяу уақытта Ақтөбеде тренинг орталығын ашып, ол жерде білімімен бөлісетіні жөнінде білдік. Сонымен бірге, өзін-өзі дамыту үшін қандай амалдарға барғанын да сұраған едік.
«Биылдың өзінде үш курсты қатар алып келе жатырмын. Астанаға барып оқып жүрмін. Қосымша менторлардан білім алып жүрмін. Ізденуді тоқтатқан емеспін. Бизнесте жүрген адамдарға әрдайым іздену керек, заманауи бизнес ережелерін біліп жүру артық болмайды. Тек бір курстың өзіне, есептеп отырсам, бірнеше миллион теңге жұмсаппын. Қайтарымы болады», — дейді цех жетекшісі.
«Ваниль» цехының бірнеше қызметкері Италияда, Ресейде әлемдік деңгейдегі кондитерлерден білім алып келген. Одан бөлек биыл корпоративтік онлайн білім алып жүр.
Бизнесте құлағаның маңызды емес, орныңнан тұрып әрі қарай жүріп кеткенің маңызды
Isker Tilshi қонағынан бизнестегі факаптары туралы білгіміз келген.
«Әр іс адамы өмірінде құлдилайды. Мен өмірімде аз құламадым. Бірақ, одан жаман болмадым. Егер менде о бастан барлығы керемет болып жатыр десем, алдаған болам. Бастысы – қиын кезеңдерде депрессияға түсіп кетпеу керек. Әрбір қиындық мен үшін жаңа шешімдер қабылдау үшін қадам іспетті. Уақыт өте ол қиындықтарға рақметіңді айтып отыратын кездер болады», — дейді ол.
Жеке брендке қатысты бірер сөз
Зәуреш Еркінәлиева жеке брендке аса көп мән бермегенін Isker Tilshi басқосуында ішінара мойындап қойды.
«Мен көп жағдайда өндіріске, өнім сапасына мән беріп келдім. Бұйырса, жақын уақытта жеке брендіме де назар аударамын. Түсінемін, ол заман талабы. Дәл қазіргі уақытта мен осы бағытта жұмыс істеп жатырмын», — деп түсіндірді ол.