
Райбек Сағадат таяу уақыттан бері ол Ақтөбедегі кәсіпкерлер ортасында «Эмоциялық интеллект» тақырыбы бойынша тренингтер оқып бастады. Іс адамдары, көп жағдайда, эмоцияны басқару арқылы бизнесті оңтайлы жүргізуге болатынын жете түсінбесе де, бизнес әлемінде трендке айналған тақырыпты зерделеп, мүмкіндігінше, тәжірибеде ұстануға тырысып бағады.
Осы ретте тұлғалық даму тренері Райбек Сағадат Isker Tilshi ортасымен де білгенімен бөлісіп, бірқатар пайдалы кеңестерін берді.
«Бүгінде жаһандық трендтер пайда бола салысымен, интернеті бар шалғайдағы елді мекендерге 3-4 күннің ішінде жететін болды. Әрине, егер ізденетін адам болса, жасанды интеллектің мүмкіндіктерін де ғарыштың жылдамдығындай уақытта жылдам игеріп, қолданатын халғе жетті, — дейді Райбек Сағадат. — Қазіргі таңда білімнің көкжиегінде шектеу жоқ. Еліміздің сондай үлкен білім алаңына айналып жатқаны қуантады. Өз басым дәрістерімде интеллектің төрт бағытын қазақыландырып, «төртеу түгел болса…» деп түсіндіруге тырысам».
Тұлғалық даму тренерінің айтпағы – осы төрт бағытты қатар ұстанған адамның төрт құбыласы түгел болады. Ол үшін адам интеллектіні өзі басқара білуде біраз білім іздеп еңбектену керек екен.
Өкінішке қарай, Райбектің пайымынша, бізде «жылдың неше мезгілі бар?» деген сауалға «төрт» деп жауап бергендердің IQ көрсеткіші керемет дегенге қол шапалақтайтын болдық. Басқа сан айтылса, сәйкесінше, IQ деңгейін төмендете саламыз. Бұл бергі жағы болса керек.
Заманауи адамдар өз интеллектін басқара алатындай деңгейде болу керек. Өзін зерттеп таныған адам ғана, оның ішінде бизнесмендерді де атауға болады, айналадағы жандарды басқара алады.
«Жыл сайын еңбек нарығында «тұлға үшін не маңызды?» деген сарындағы сауалнама қорытындыланып, бірінші орынға бірнеше жыл қатарынан эмоциялық интеллект шығып жүргені жасырын емес. Жұмыс беруші кадр таңдағанда да үміткердің бойындағы бұрын мән берілмейтін қасиеттерге қарайды», — дейді Isker Tilshi ортасының спикері.
Райбектің пікірінше, команда құру, жұмыстың алға жылжуы үшін ұжымды басқару, коммуникация, командадағы атмосфера… айналып келгенде эмоциялық интеллектке тіреледі.
«Өз басым білімге сенемін. Дегенмен, қазіргі таңда ең қымбат валюта – назар деп айта аламын. Назар аудару арқылы – үлкен бизнестерді жүргізуге болады. Эмоция төңірегінде үлкен ақша айналып жатыр. Клиентке эмоция сыйлай білу керек. Эмоция арқылы жобаларды жүзеге асыруға болады», — деп санайды ол.
Клиент тауарға немесе өнімге емес, эмоция алғаны үшін шығынданатын заман болды. Маркетингте де осы бағытта әрекеттеніп жатыр.
Райбек Сағадатұлы осы ретте ұрпақтар теориясына да тоқтап өтті. Қарапайым тілмен жеткізсек, жаңадан өсіп келе жатқан ұрпаққа адалдық түсінігі де маңызды. Олардың қоршаған ортаға, жануарлар әлеміне, адамдар қарым-қатынасына қатысты түсінігі басқа.
«Кейінгі ұрпақтың ерекшелігі – олар әрдайым ізденіп, «мен кіммін?» деген сауалға жауап іздеп жүреді. Оларға «тек жұмыс болса болды», «айлық үшін жүрмін» деген түсінік жат. Ұнамады – кетіп қалады. Жұмыс беруші оны ұстай алмайды. Себебі — оларға эмоция маңызды», — дейді тұлғалық даму тренері.
Қазіргі орта немесе аға буын өзін тани алмай жүргенде, бизнеске келген келесі буынды қалай танып, зерттей алсын?! Ал, сіз, бизнес адамы ретінде команданы өз игілігіңізге жұмсауды ойлайсыз.
Компания жетістікке жету үшін ондағы команданың әрбір мүшесі айлық үшін де емес, белгілі бір эмоция алу үшін жүретіндей жүйе құруды ойлау керек. Ол жұмысқа жұмыс ретінде қарамайды, әдемі эмоция алу үшін келеді, өз ісінің фанаты бола білу керек.
«Сол себепті іс адамы алдымен өз эмоциясын танып біліп, басқара алатындай деңгейде болу керек. Содан кейін барып, өзгелердің эмоцияларымен басқара алады. Өз ұстанымыңызды зерделейсіз. Шешім қабылдау үшін факторларды өзіңіз көре білуіңіз маңызды». Райбек Сағадаттың пайымы осындай.
Айтуынша, команданың локомотиві ретінде сіз оларды ерте алмасаңыз – жеңіліс тапқаныңыз. Қазіргі көшбасшы (ұжым басшысы) топты ерте алатындай болу керек. Қай салада болса да. Ешкімді алдап жұмыс істете алмайсыз.