
Бизнесмендерге психологияны оқып, адам жанын емдейтін мамандарға жолығу қажет пе?
Кәсіби психолог Динара Наурызбаева Isker Tilshi жобасының кезекті басқосуында бизнесмен психологиясы жөнінде әңгіме өрбітті. Мәтіннің ықшамдалған нұсқасын Tilshi.kz сайтының оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.
Динара, сеніңше, кәсіпкер психологиясы деген не?
Асеке, Isker Tilshi басқосуына шақырып, сұқбат ұйымдастырып жатқанына мың да бір алғыс! Ал енді негізгі тақырыпқа көшер болсақ, менің ойымша, өзімен қатар, өзгеге де жауапкершіікті ала алатын тұлғаның, нәтижеге, нақтылыққа, кірісті арттыруға жетелейтін дүние – көшбасшы психологиясы. Ал енді ғылымға жүгінетін болсақ, Оксфорд сөздігі көшбасшыны кәсіпорын, фирма иесі, экономикалық немесе қаржылық саладағы белсенді тұлға екендігін көрсетеді.
Кәсіпкерлерге психологиясымен жұмыс істеу керек пе? Не үшін?
Әрине! Психологпен жеке мәселелерін шешу, отбасылық қарым-қатынасты жақсарту, балалар мен ересектердің мінез-құлқын түзету, кәсіптік бағдар беру, ұжымда қолайлы психологиялық климат құру, тіпті бизнесті дамыту стратегиясын анықтау үшін де жұмыс істеуге болады.
Тәжірибеңде қандай кәсіпкерлер жолықты? Оларды қазіргі таңда қандай мәселелер алаңдатады?
Жеке бастың құпиялылығын сақтау мақсатында компанияның атауы мен кәсіпкерлердің аты-жөндерін атамай-ақ қояйын. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер де бар. Штатында 15 адам жұмыс істейтін бизнес субъектілері, 550 адам басқарып отырған бизнесмендер бар. Кәсіпкерлер психологтармен жұмыс істей білу керек. Бірінші кезекте, әрине, тұлғалық даму жағына айырықша мән беру керек. Екіншіден, тұлғаға тән мәселелер – өзіне сенімсіздік, сепарация, енемен сыйыспау, жұбайын түсінбеу, т.б. жайттар бойынша ойланып қоймай, нақты жұмыс істеу керек. Кейде бизнестің экономикалық көрсеткіштерін арттыру керек деген сарындағы сұрақтармен жолығып жататындар аз емес.
Заманауи бизнесмендер психологтарға жүгіне бастады. Бизнес жұргізу үшін ол керек пе?
Менің ойымша, психолог әрбір адамға керек. Бұрын отбасылық психолог, жеке психолог деген ұғымдарды кинолардан көретін болсақ, қазіргі таңда ондайға мүлдем таңқалмаймыз. Бизнесмен өзінің санасын, сезімдерін тани алатын болса — эмоционалды интеллекті жоғары болады. Түк білмеді дегеннің өзінде ең болмағанда манипуляцияны түсіне білу керек. Өзінің кәсіпорнында жеке шекарасын, ұжымдық гармонияны сақтауға, үй мен жұмыстағы мәселелерді араластырмау үшін де психология керек деп ойлаймын.
Бизнесмендерге қандай әдебиет оқуға, қандай курстардан өтуге кеңес бересің?
Міндетті түрде «Тиімділігі жоғары адамдардың 7 дағдысы» («7 навыков высокоэффективных людей»), «Клиенттер өмір бойы» («Клиенты на всю жизнь»), «Ешқашан бір өзіңіз ауқаттанбаңыз» («Никогда не ешьте в одиночку») кітаптарын оқуға кеңес беремін. Ал, курс атаулыдан ораторлық шебер, тайм-менеджмент, ТМД деңгейіндегі тренингтерге қатыссын. Пайдасы болмаса, зияны болмайды.
Динара Наурызбаевадан пайдалы кеңестер:
Тайм-менджмент міндетті түрде болу керек. Интуицияға сену ләзім. Спортпен міндетті түрде тұрақты айналысуды ұмытпаймыз. Ағзадағы Д3 мен ферритин деңгейін тексеріп отыру артық болмайды. Психологқа жолығып, тұрақты түрде бейсана, түпсанамен жұмыс істеуді дағдыға айналдырғаннан жаман болмайды.