
Әлемде белең алған тренинг атаулы Ақтөбеде де кеңінен етек жая бастады. Бүгінде қалада түрлі бағытта тренингтер өткізіліп келеді. Коворкинг, қонақ үйлердегі мәжіліс залдары бір күн босамайды. Zoom платформасында өтетін оқулар өз алдына. Тренинг-вебинарлардың арзаны бар, қымбаты да көп, тиімдісі бар, тиімсіз, алайда тек бизнес көзіне айналғандары бар.
Isker Tilshi ортасының кезекті басқосуы осы тақырыпқа арналды. Сарапшы ретінде Айгүл Дүйсенованы әңгімеге тарттық (Назарларыңызға ықшамдап ұсынып отырмыз).
Бірден айта кетейік, Айгүл Егізбайқызы 20 жылдан астам уақыт үкіметтік емес секторда еңбек етті. Бір күні екіншісіне ұқсамайтын, қоғам үшін маңызды саналатын әлеуметтік жобалар арасында жүрген ол ондаған, тіпті жүздеген тренингке қатысып, сөре-сөре сертификаттары жиналып қалғанын жасырмайды. Өзі де талай мінберде азаматтық қоғам өкілдері алдында дәріс оқыды. Мемлекеттік, халықаралық құрылымдармен серіктестік орната алды.
Биыл Айгүл Егізбайқызы отбасылық бизнес ретінде тренинг орталығын ашқан болатын. Бүгінде орталық жұмысын аяққа тұрғызып, бар міндетті әкімші қыздарға табыстады.
Ал, өзі жергілікті атқарушы орган – мәслихатқа депутат ретінде сайланып, санаулы күннен бері әлеуметтік, мәдени бағыттар бойынша тұрақты комиссияның төрағасы атанды.
«Үкіметтік емес ұйым өкілі ретінде мүмкіндігіміз шектеулі болуы мүмкін. Ал, депутат ретінде тетіктер бар, қордаланған мәселе көтеруге, мүдделі тараптардың назарын аударуға, заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік бар. Депутаттық лауазымда осы бағытта өзімді сынап, аз да болса, пайдамды тигізгім келеді», — дейді ол.
Isker Tilshi отырысында Айгүл Егізбайқызы ҮЕҰ қызметіне қалай келгенін, қандай қателіктерге бой алдырғанын, араға жылдар салып, өзін бизнесте сынап көргісі келгенін, алайда, соңғы уақытта бірыңғай депутаттық қызметпен айналысып жүргені туралы тарқатып айтып берді. Отырыс шамамен 2 сағатқа созылды.
«Бір жылда 3 амплуада болып көрдім. Бір жыл да емес, айналдырған үш айдың ішінде үш саланы өткеріппін. Ақтөбе облысының Азаматтық альянсына жетекшілік етіп жүрген кезім. Тренинг орталығын ашып, жұмысын енді айналдыра бастаған едім. Содан, сайлау науқанында бағымды сынап, күтпеген жерден депутаттыққа, одан комиссия төрағалығына өттім», — дейді спикер.
Айгүл Егізбайқызының пайымынша, төрағалық айлығы жүретін жұмыс, әрі мемлекеттік қызметкер дәрежесіне пара-пар. Сондықтан, бизнестен бас тартуға тура келген.
«Жақында бір бейтаныс келіншек қоңырау шалып, бизнес бастағалы жатқанын, ашылу салтанатында мені көргісі келетінін айтты. Соншалықты ақ көңіл болсам керек, келісе салдым. Әлгі келіншек ештеңеден қорықпайды. Баспанасын сатып, қаржысына нысан сатып алған. Мақсаты – анық. Өзіне сенімде. Үйге келгесін біраз терең ойға түстім», — деп еске алады Айгүл Егізбайқызы.
Осы оқиға қонағымызға үлкен ой салса керек. Неше жылдан бері бизнес ашуды ойлап-ойлап, алайда жүрексінетінін жасырмаған ол қаршадай келіншектің еш жүрексінбей, тәуекелге бел буғанын ерлікке балағанын айтады.
«Содан, өңірдегі тренинг өткізетін алаңдар жайлы ақпарат жинай бастадым. Тарифтерін де сұрастырдым. Кеңсе іздей бастадық. Жолдасым екеуміз қаржы салып, жетпегенін несиеге рәсімдеп, тренинг өткізетін орынды аштық», — дейді Айгүл Дүйсенова жай ғана бір оқиғаның үлкен күш бергенін айтып.
Алғашқы тренинг және тариф жайлы
Алғашқы тренинг әйелдер тақырыбына арналған және оны бір танысы өткізетін болады. Әлі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Дереу қажетті құралдар, төсеніш іздеп, дайындықты бастап кетеді.
Орталық өкілдерінің айтуынша, бүгінде бірнеше бағытта тренингтер ұйымдастырылып келеді. Мобилография, SMM, қыз-келіншектерге арналған оқулар, бизнес, мотивация, кейде журналистика және PR тақырыбында семинар-тренингтер өткізіледі.
Желілік бизнес өкілдері де тренингтен тренингке өтіп, сату, келіссөз жүргізу, маркетинг түсіндіру секілді инструменттерді игеріп жүреді. Айгүл Егізбайқызының айтуынша, білім алу үшін келіншектер кішкентай балаларымен тренингтерге келетін кездер болады. Орталықта балалар арбасы қаптап кететін болса керек.
«Ал, баға саясатына келер болсақ, бастапқыда тым күрделі есеп жүргізіп кеттік. Онысы әрі қате, ыңғайсыз есеп болды. Біраз желініп қалған сияқты болдық. Уақыт өте тұрақты бағамды есептеп шығардық. Жүре-бара ол жағы да реттелді», — дейді орталық өкілдері.
Бүгінде тренинг орталығында бизнес ойындар да ойнатылады.
Қазіргі таңда орталықты жалға алып, семинар-тренингтер ұйымдастырып жатқандар көп.
«Адамдар тренингтен ақша аямайтынын байқадым. Бизнес тақырыбында өтетін оқуларға жұрт жүз мыңдаған теңге төлеп қатысады. Психологиялық оқуларға миллионның үстінде қаржы төлеп оқып жатқандар бар. Меніңше, адамдар өзіне инвестиция салу дегенді енді түсініп жатқан сияқты», — дейді орталық өкілдері.
Айгүл Егізбайқызы тренингтерге үкіметтік емес секторында жүргенде аса жақын болған. Талай семинар-тренингке қатысып көрген. Өзі де көптеген оқыту шараларын ұйымдастырған.
2002 жылы Ақтөбеде американдықтар үкіметтік емес сектор бағытында тренингтер өткізеді. Адам құқығы, әйел құқығын қорғау тақырыптары бойынша ақпарат алған Айгүл Егізбайқызы қоғамдық бірлестік тіркеуге бел буады. Әрі, ол идеясымен жергілікті билік органдарына кіріп шығады. Өкінішке қарай, қолдау таппады.
«Дегенмен, қарап қалмадық. Білген-түйгенімізге сеніп, бәрібір қоғамдық бірлестік атынан жұмыс істей бастадық. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс деген түсінік тек 2003-те пайда болды. Алғашқы грантымызды алғанда қатты қуандық. Кейін халықаралық ұйымдардың бірі институционалдық тұрғыда қолдау танытты. Жұмысымыз алға басты. Уақыт өте халықаралық еңбек ұйымы хабарласты. Осылай үкіметтік емес секторда өз жұмысымызды айналдырып әкеттік», — деп еске алады Isker Tilshi қонағы.
Әйел азаматтарды қорғау, мигранттардың құқықтарын түсіндіру, тағы басқа жобаларды жүзеге асыра жүріп, Айгүл Дүйсенова түрлі тренингтерден көп білім алғанын жасырмайды.
«Жалпы, тренинг атаулы – тек дәріс оқу, ақпарат жинау, білім алумен шектелмейді. Әр тренингтен өзіңе керек дүниені аласың, адамдармен танысасың, тәжірибе алмасасың, өзге қатысушылардан да көп нәрсе үйренуге болады. Бірлесіп жұмыс істеуге де болады. Жобаларды қолға алғанда серіктестерді де осы тренингтерден табасың», — дейді ол.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбеде тренинг өткізетін залдар баршылық. Өкінішке қарай, тренингке қатысушыларға жағдай жасалмағандары да жеткілікті. Бірінің жиһазы ескі, тағы бірі жертөледе орналасқан. Енді бірінде ауа жоқ, желдетілмейді. Тағы бірінде бір залдың адамдары екінші залдағы тыңдаушыларға үлкен кедергі жасайды.
«Жалпы, тренинг атаулы қашанда керек-ақ. Тіпті, кез келген жұмыс беруші немесе мекеме басшысы осындай тренингтерді жүргізе алатын деңгейде болу керек деп санаймын. Неліктен? Өйткені, команданы алға сүйреу – жетекшінің қолында. Ұжымға мотивация беріп, көзделген нәтижеге қол жеткізуге де басшы себепкер болуы тиіс. Жалпы, қазіргі заманда тренинг атаулы – біздің дамуымыз үшін таптырмас құрал», — деп санайды Айгүл Егізбайқызы.
Құрметті оқырман! Isker Tilshi жобасы аясында былтыр күз айларынан бері өңірдегі кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Егер тыңдаушы ретінде қатысқыңыз келсе, редакция поштасына, Instagram-аккаунтымыздың direct-іне немесе +7 778 523 44 96 нөміріне (WhatsApp) хабарласыңыз.
Сонымен бірге, Isker Tilshi жобасы аясында кімді спикер ретінде көргіңіз келетіні жөнінде де хабар беріңіз.
Сапалы контентті бірге жасайық!
Isker Tilshi