
Денесінің 90-95% күйік шалған әйел аурухана 5 күн ем алып, бүгін көз жұмды, деп хабарлайды «Тілші» «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің айтуынша, жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдаған науқас бүгін түстен кейін көз жұмды. Оның денесінің 90-95% күйік шалды.
Еске салсақ, 14-маусым күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы кәріз-сорғы стансасында газ-ауа қосындысы жарылып, оператордың денесін түгел күйік шалды. Алдын ала болжам бойынша, ол оқиға орнында сіріңке тұтатқан.
«Алдын ала болжам бойынша, оператор кәріз жинау бекетінің есігін ашып, шырпы тұтатқан. Күйік шалған кезде бірден күйеуіне хабарласып, ол ауруханаға жеткізген. Қазіргі кезде кәріз стансасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы анықталған себебі – өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы. Науқастың денесінің 90-95%-ын күйік шалды», — деп ақпарат таратты облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбенің Кеңқияқ ауылында бұған дейін мұнай-газ кешені өртеніп, төрт жұмысшыны күйік шалды. Олар облыс орталығы мен Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Екі жұмысшы ауруханада көз жұмды.