
Қоғамның тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғау саласы маңызды рөл атқарады. Бұл тұста ішкі істер органдарына қызметке қабылданатын болашақ полиция қызметкерлерінен білікті маман даярлап шығару күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Кәсіби біліктілігі жоғары полицей халықтың сенімі мен сұранысына ие бола алады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жаңа Қазақстанды құру жолында білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін оқытушылар құрамына зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Білікті маманды даярлау институттың профессорлық-оқытушылар құрамының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты еліміздің батыс өңірі бойынша кадрларды даярлайтын жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі де бірегейі ретінде 27 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде институт 6000-нан аса білікті мамандарды дайындап, 5000-нан аса қызметкерлерді біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп, қайта даярлады. Білім беру үдерісін жаңғыртудың, оқыту жағдайын жақсартудың негізгі қағидаттары белгіленді. Институттағы білім беру базасының негізгі бағыты әкімшілік полиция қызметкерлерін сонымен қатар көліктегі полиция департаменті қызметкерлері, көші-қон полициясының қызметкерлерін даярлауды көздейді.
Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде құқық қорғау саласының жаңа реформасын қабылдау, атап айтсақ, полицияның сервистік моделі пилоттық жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру қолға алынды. Полиция жұмысының сервиске бағдарланған жаңа форматы қоғамдағы қылмыстылық деңгейін мейлінше төмендетуге, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге, сонымен қатар ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба еліміздің барлық аймақтарындағы жергілікті полиция қызметінің жұмысын оң бағытта жандандыру мақсатында енгізілмек. Полицияның сервистік моделі – бұл құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға септігін тигізеді. Яғни, қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерін анықтау процесіне белсенді қатысуы болып табылады. Азаматтарды қатыстыру шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты қарастырылады. Бұл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеледі.
Жаңа Қазақстанның құрылуы, Президентіміз жүргізіп жатқан реформалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз қамтамасыз ету және полиция жұмысының жаңа форматтарына көшу бағытын іске асыру жөніндегі басым міндеттерді қамтиды. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді.
Білім беру жүйесін модернизациялаудағы басты қағидаларының бірі ол- білім мазмұнының оқу орнының негізгі мәселелерінің бірі екендігінде, ал оның мәні әрбір ғылыми пәндерден ғылыми білімді игеру, тәжірибеде қолдана білуде жатыр. Оқыту бағдарламасының жаңғыруы білім беру қызметін модульдік технологияларға негіздеуге, сонымен қатар цифрландыру бойынша бірқатар шараларды іске асыруға септігін тигізеді. Мәселен, оқу процесі барысында қолданылатын цифрлық деректер базасын жетілдіру, оның ішінде:
қылмыстық сот ісін жүргізудің электронды форматы, әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімін жүзеге асыру үшін оқу процесін электронды планшеттермен қамтамасыз ету, оқу ғимаратындағы дәріс залдарын интерактивті тақталармен жабдықтау, криминалистикалық зертхананың материалдық-техикалық базасын нығайту, автоматтандыралған «Platonus» ақпараттық жүйесін жаңғырту, криминалистика саласы бойынша «Трассология», «Папилон» «Портрет», «Арсенал» және т.б. секілді бағдарламалар мен электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізу. Білім беру мазмұнының мақсаты қашанда қоғамның қажеттігін, жеке тұлғаның сұранысы мен қызығушылығын қанағаттандыруы тиіс.
Білім беру жүйесінде, сапалы кадр дайындауда өзге елдердің тәжірибесін, үздік үлгілерін біздің жүйеге енгізу маңызды аспект саналады. Бұл тұрғыда оқу ордасында халықаралық серіктестіктің өзіндік алар орны бар. Өзге елдің мамандарымен құқық қорғау саласындағы сұрақтарды талқылап, ортақ ұсыныстарды саралаудың көмегі зор. Өткен жылы институт базасында осы бағыттағы жұмыстарды тиімді әрі жүйелі үйлестіруге арналған бірқатар іс-шаралар кешені жүзеге асырылған болатын. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі –салауатты саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақты тәрбиелеу екендігін Президентіміз Қ. К. Тоқаев атап өтті, осы салада атқару керек жұмыстардың бірі ретінде елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Біздің институтымыз ІІО ведомствалық оқу орны болғандықтан оқу орнына шет елдің білім беру мекемелері мен өзге де ұйымдарының қатысуымен институт қабырғасында түрлі іс шаралар өтті.
Мәселен оқу ордасында Ішкі істер министрлігіне ішкі істер органдарын жаңғыртуда көмек көрсету мақсатында шетелдік қонақтар мен Қазақстан Республикасы ІІМ оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Полиция оқу орындарында оқыту дағдылары мен әдістемелерін жетілдірудегі халықаралық тәжірибе» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Делегация құрамына 40 қатысушы, оның ішінде Грузия ІІМ академиясының өкілдері және БҰҰ ЕҚБ халықаралық сарапшылары кірді. Олардың халықаралық заңнамалық база негізінде ішкі істер органдарын стратегиялық реформалаудың ұлттық зерттеулерін қолдау бойынша көп жылдық тәжірибесі бар. Бұл жоба қоғамда және адам құқықтары негізінде заңның үстемдігін қолдауға бағытталған полиция қызметін жүзеге асыруда Қазақстандағы ұлттық әлеуетті нығайтуға негізделген. Үш күнге созылған семинар-тренинг нәтижесінде полиция қызметін жаңғыртуға, мамандандырылған оқытуды ұлғайтуға және халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашылды.
Сонымен қатар, қазан айында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның өкілдерімен Астанадағы Бағдарламалар Офисі өкілдерінің қатысуымен өткізілген кездесу барысында делегация меймандары цифрлық заттай дәлелдемелермен жұмыс істеу кезінде ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, киберқылмысқа, қылмыстарға қарсы күресте Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдарының кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған жаңа жобаға қатысты баяндамаларын ұсынды. Бұл жоба кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін бірқатар кешенді шараларды қабылдау арқылы іске аспақ. Оның ішінде халықаралық тәжірибені игеру, ұлттық тұжырымдаманы әзірлеу, құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ оқу орталықтарын жабдықтау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Кездесуге қатысқан оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы делегация мүшелерімен киберқылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға талдау жүргізіп, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданумен жасалатын қылмыстарға қатысты сұрақтарды талқыға салды. Бұл өз кезегінде шетелдік мамандармен өзара қарым-қатынасты күшейтуге, серіктестікті жандандыруға және олардың тәжірибесін қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда институттың ғылыми әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыру мақсатында бірнеше отандық және шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, олармен тәжірибе алмасу бойынша тығыз байланыс орнатылды. Олардың қатарында көршілес Ресей Федерациясы ІІМ оқу орындарымен, Тәжікстан Республикасы ІІМ Академиясымен, Әзірбайжан Республикасы ІІМ Полиция Академиясымен, Беларусь Республикасы ІІМ Академиясымен және еліміздегі ведомстволық жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық туралы білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастық жөнінде хаттамалар бекітілді. Ақтөбе заң институтының профессорлық-оқытушылық құрамында PhD докторлар, Заң және Педагогика ғылымдарының кандидаттары қызмет атқарады. Оқу ордасының оқытушылары құқық қорғау қызметінде кадр даярлап қана қоймай, халықаралық, республикалық деңгейдегі семинарларда, дөңгелек үстелдерде баяндамаларын ұсынады. Оқу үрдісіндегі өзгерістер құқық қорғау саласында білікті әрі сапалы маман даярлауға оң ықпал ететіндігіне сенім білдіремін.
Ерлан БАЛЫМОВ, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары, PhD докторы, полиция подполковнигі