
Қаржы сарапшыларының сөзінше, біздің елде енді қабылданып жатқан банкроттық туралы заң әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар құбылыс. Оның екі түрі болады: заңды тұлғалар үшін және жеке тұлғалар үшін.
Заңды тұлғалар үшін банкроттық бұған дейін де болған. Қазір енгізіліп жатқан жаңа түрі бұл – жеке адамдар үшін. Әлем елдерінің тәжірбиесіне сүйенсек, банкроттық деп тану ел экономикасының әлсіреуіне әкеліп соқтырған. Ал, біздің елде мұндай мысалдар жоқ екен. Сарапшылар жеке адамдардың банкроттығы әрине керек екендігін айтады.
Ол біздің еліміздегі қаржы нарығындағы белгілі бір ойын ережелерін жалпы ережелерін қалпына келтіреді деген пікірде. Кері әсері де болуы мүмкін. Бюджетке артылар салмағы бойынша бұл мемлекеттің балансындағы қарыздар емес.
Бұл – банктың балансындағы қарыздар және олар проблемалық берешектер. Мұндай несиелерді «үмітсіз несие» деп те атауға болады. Заңды қолданысқа енгізу арқылы мемлекеттік бюджетке, ұлттық қорға кері әсері болмайды дейді сарапшылар.
Тақырыпты кеңінен ашу үшін және талқылау мақсатында бірнеше сала мамандарының пікірін келтіруді жөн көрдім.
Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, елімізде қабылданған заңның олқылық, кемшіліктері көп болады. Неге? Қай жағынан?
«Компания қиын жағдайға тап болып, қарызға белшесінен батқан жағдайда оларды біз банкрот деп қабылдадық. Ал енді жеке тұлға да банкрот болуы мүмкін ғой. Әрбір отбасы қиын жағдайға тап болады. Осындайда отбасыны бір жағынан коллекторлық, бір жағынан сот орындаушылар соқпаққа, қыспаққа алып жатса, адамдар әрине психологиялық ауруға шалдығуы мүмкін. Ал, банкроттық туралы заңның болуының өзі азаматтарды ойлауы, мемлекеттің капиталы екенін байқатады. Енді оның олқылық, кемшіліктеріне келер болсақ, заңды қабылдаудың өзі жеңіс. Алдағы уақыттары қағидалары мен талаптарын, ережелерін жетілдірумен жұмыс істеуіміз керек»,-дейді экономист Мақсат Халық.
Заңгер Тілеужан Кішкенебаев:
«Несиесін төлей алмай жатқан адамдар үшін бұл заң тиімді. Банкроттыққа ілігу үшін мүлік кепілдік болмауы керек. Оның кері әсерлері де бар. Оның біріншісі – азамат 5 жылға дейін несие ала алмайды. Сонымен қатар, 3 жылға дейін Қазақстаннан шет елге демалуға, сапарлауға, жұмыс істеуге немесе басқа мақсаттармен шыға алмайды»
Естеріңізге салайын, банкроттыққа өтініш беру 2023 жылдың 3 наурызында күшіне еніп, жұмыс істей бастаған болатын. Бүгінге дейін 40 мыңнан астам азамат өзін банкрот деп танып, өтініш білдірген.
Г.Р. Ажибаева,
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы