Нұрхан Тілеумұратов - Ақтөбедегі кәсіпкерлерді үкімет тарапынан қолдау, қаржы бөлудегі жемқорлық тәуекелдері және рейтингтегі көшбасшылық жөнінде — TilshiNews

Нұрхан Тілеумұратов — Ақтөбедегі кәсіпкерлерді үкімет тарапынан қолдау, қаржы бөлудегі жемқорлық тәуекелдері және рейтингтегі көшбасшылық жөнінде

Осы жолы Isker Tilshi ортасында спикер ретінде кәсіпкерлерді емес, саланы дамытуға мүдделі мемлекеттік орган өкілін шақырдық.

Сонымен, кезекті қонағымыз — Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Нұрхан Тілеумұратов билік тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жасалып жатқан шаралар туралы айтып өтті, сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар мен инструменттер, кәсіпкерлік басқармасы жұмысының үш бағыты, қаржы бөлудегі жемқорлық тәуекелдері жайлы әңгімеледі.

Бүгінгі таңда облыста 92 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға субсидия қарастырылған. Кәсіпкер несиені екінші деңгейлі банктерден рәсімдейді, ал пайыз айырмашылығын үкімет өтеп береді. Өйткені, ставка жоғары, ал несиенің пайызы кәсіп бастаймын деген адамға салмақ салады. Бұл — басқарма басшысының сөзі.

«Осыған дейін субсидиялау процесін әкімдік жүргізетін. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган арасында тікелей байланыс болмасын деп, кейін басқа операторға ауыстырды. Жемқорлық тәуекелі болғаны рас», — дейді ол.

Қазіргі таңда несиенің 7-8 пайызын кәсіпкер көтереді, қалған айырманы мемлекет өтеп береді. Қалалық жердегі кәсіпкерлер 8, ауылдағы іс адамы 7 пайыз төлейді.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, үкімет тарапынан кепіл мәселесі де шешімін тапқан.

«Әсіресе, жас кәсіпкерлерде кепілге қоятын мүлік бола бермейді. Мемлекет 85 пайызға дейін кепіл бола алады. Бұл процедура «Даму» қоры арқылы жүзеге асады. Әзірге, абырой болғанда, кепілдік жағдай (несие алған кәсіпкерде мәселе болмады деп оқыңыз — ред.) болмады», — дейді ол.

Кейбір банктер кепіл мөлшерін артық белгілейді. Ол да кәсіпкерге тиімсіз. Кей банк стартаперлерді қолдау бағдарламасын жолға қойған.

Кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір тетігі – қайтарымсыз грант. Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан өте жоғары сұранысқа ие. Алайда, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға қаржы аз. Былтыр, мәселен, 140 млн теңге қарастырылды, 500 өтініш келіп түсті. Сұраған қаражат мөлшері 2,5 млрд теңгеден асып кетті.

 

Ашықтықты қамтамасыз ету

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп жұмыс істейді. Арнайы комиссия құрамына журналистер де енген.

«Кейін ашықтық қағидасы сақталмады, жасырын жағдайда шешім қабылдапты деп айтпас үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Мен әлі жаспын, өмірім алда», — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Басқарма басшысының өзі комиссияда болмайды. Мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деп санайды. Комиссия отырысы тікелей эфирде көрсетіледі.

Қаржы көп емес, өтініш өте көп. Содан конкурс аяқталған соң, арыз-шағымдар легі толастамайды. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде тексермеген орган қалмайды. Бірнеше күн тексереді.

«Сотқа жүгінгендер болды. Бір соттан өтті, екіншісіне барды. Алайда, комиссия жұмысынан осы күнге дейін заңбұзушылық анықтамады», — деп қорытты басқарма басшысы.

“Соңғы жылдары Нұрхан Тілеумұратов конкурстардың арнайы платформаларда ұйымдастырылатынын алға тартады. Бірінші өтінім берген адам мен бес жүзінші болып кезекке тұрғанды бір мезетте қарай алмаймыз. Барлығы – кезегімен”.

Нұрхан Тілеумұратовтың пайымынша, тегін ақша масылдыққа да бой алдыруы мүмкін. Сондықтан ол қаржыландырудың несиелендіру түрін пайдалануға кеңес береді.

Бүгінде «Ауыл аманаты» бар, басқа да бағдарламалар бар.

Кейде инфрақұрылым жағынан қолдау болады. Кей кәсіпорынға электр жарығы тартылады, кейбіріне су жеткізіледі. Ақтөбедегі аквапарктердің біріне кәріз жүйесі салынған. Хромтауда май шығаратын цехқа су өткізіп берген. Қасқыр сарқырамасына жарық тартылыпты.

Сандарды сөйлетсек: 2019 жылы Ақтөбе облысында 400 жоба қаржыландырылған. 2020 жылы карантиндік шектеулерге қарамастан, 1200 жоба қолдау тапты. 2021 жылы қаржыландырылған жоба саны 4000-нан асты. 2019 жылмен салыстырғанда қолдау көрген жобалар саны 10 есеге артты.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлікті дамыту жөнінен өңірлер арасында республика бойынша 2 жыл қатарынан алда келеді.

Басқарма басшысының айтуынша, портфельдік несиелендіру де кәсіпкерлер үшін оңтайлы инструмент. Түсінікті тілмен айтсақ, 5 млн теңге несие берілсе, бір жылда үстіне небары 250 мың теңге қосып қайтарады. Бизнес айналымын толықтыру үшін таптырмас көмек.

Нұрхан Тілеумұратов кәсіпкерлікті қолдауға қажетті қаржы көлемін негіздеп жергілікті бюджеттен қаржы көзін қарастырады. Сонымен бірге, Астанаға барып, орталықтан қаражат көздерін іздейді. Сәйкесінше, облыста қаржылық қолдау алдыңғы қатарға шығып келеді.

«Атырау мен Маңғыстау секілді мұнайлы өңірлерді есептемегенде, біраз облыстарды жыл сайын небары 1000, әрі кетсе 1500 жобаның төңірегінде қолдау тауып келеді екен. Ол жағынан, басқарма басшысының есебінше, Ақтөбе әлдеқайда көш ілгері. Өзге облыстар орталық жағаламайды, қаржы сұрамайды. Керісінше, бөлінген аз қаржының өзін игере алмайтын кездер болады», — дейді Тілеумұратов.

Түсіндіру жұмыстарына келетін болсақ, Ақтөбе облысында соңғы кездері арнайы ақпараттық топ құрылған. Оған кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары, «Атамекен» палатасы, ауыл шаруашылығын қолдау қорлары, басқа да институттар өкілдері кіреді.

«Аптасына 1-2 ауданды аралап шығамыз. Мәдениет үйлеріне кәсіпкерлер жиналады. Сол жақтағы басшыларға кәсіпкерлерді алаламай шақыру керектігін ескертеміз. Ешқандай шектеу қойылмайды. Біздің мақсатымыз – насихаттау, түсіндіру. Бізбен банк өкілдері де барады. Жиналыстар сұрақ-жауап форматында өтеді. Жиналыстан соң, кәсіпкерлер әр құрылыммен жеке отырып, сөйлеседі. Бір жағынан оларға қалаға келу оңай емес. Кабинет жағалап, басшыларды ұстай алмай жүреді. Ал, бұл жерде біз өзіміз ауылдарға барамыз», — деп тарқатты әңгімесін Isker Tilshi қонағы.

Кәсіпкерлік басқарма тарапынан қазақ, орыс тілдерінде нұсқаулықтар шығарылған. Онда қажетті құрылымдардың барлық контактілері болады. Сайттарға сілтемелер беріледі.

 

Бизнестегі әйелдердің менторлығы жөнінде

Басқарма басшысы Ақтөбе облысындағы әйел азаматтардың рөлін атап өтті. Олар бір емес, екі қауымдастық құрған. Әкімдіктен көмек сұрап келетін көпбалалы әйелдерді оқытып, үйретіп, жаңа деңгейге шығарады. Кезінде көмек сұрап жүрген әйелдер бүгінде кәсіп ашып, бірқатары тіпті ментор болатын деңгейге жеткен.

«Керісінше, еркек кәсіпкерлер қауымдастығы жоқ» деп күледі спикер.

Нұрхан Тілеумұратов, жалпы, өңірде біреуге қызмет еткісі келмейтін, 100-200 мың теңге айлыққа қарағысы келмей, кәсіппен айналысқысы келетін адамдар санының артып жатқанын айтады. 30 жылда болмаған өсім, соңғы 1-2 жылда қатты байқалса керек. Тіпті, соңғы бір жылдағы тиісті мерзімде 20 пайызға өсім байқалады (былтырғы жарты жылмен биылғы алғашқы жартыжылдықты меңзейді).

 

Франшиза жөнінде

Ақтөбеде соңғы жылдары франшиза жүйесі бойынша ашылып жатқан бизнес нысандары бар. Соның ішінде, танымал бренд кофеханалар да көптеп ашыла бастады. Бренд франшизаларына қатысты Нұрхан Тілеумұратовтың айтқаны мынау:

Кофе тұтыну жаңа сатыға шықты. Біреулері франшиза сатып алады, кейбірі өз брендін қалыптастыруға тырысып жатыр. Қазір жастардың өзі стақанмен кофе ішіп келе жатады. Бұл имидж шығар, кофе ішкен адамның деңгейі басқа дегенді білдіретін болар.

Ақтөбеде бұл бағыт қарқын ала бастады. Таңдау мен талғам тұтынушының еркінде. Ұнаса қайта сатып алады, ұнамаса енді жоламайды. Әзірге кофе бизнесі мемлекеттен қолдау күтіп отырған жоқ.

Франшизаға қарамай, өз брендтерін қалыптастырып, филиалдарын өзге өңірлерде ашып жатқандар бар.

Мәселен, «Афсона» мейрамханасы қазірде Астана, Атырау қалаларында бар. «Романтик» гүл дүкендері желісі Қазақстанның барлық-дерлік облысына шығып қана қоймай, Ресейдің қалаларында да ашыла бастады.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сонымен бірге, Алматы, Жамбыл облыстары кәсіпкерлер саны жағынан Ақтөбеде алда. Ақтөбе облысы республика бойынша 7-8 орында. Алайда кәсіпкерлікті қолдау жағынан – бірінші орында. Өткенде Ақтөдеге Баталов мырза келгенде таңқалып кетті. Бізді үлгі етіңдер деп тапсырма беріп жатты. Бір кездері Алматыдағы кәсіпкерлікті қадағалаған орынбасарына да ескертті.

Контент Isker Tilshi отырысынан ықшамдалып дайындалды

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *