
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Көктем көркі — қызғалдақ» атты тарихи-танымдық шара өтті. Оған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жаратылыстану факультетінің студенттері мен Шығармашылық академиясы көркемдік бейнелеу үйірмесінің тәрбиеленушілері қатысты.
Ақтөбе — шренк қызғалдағының отаны. Шренк қызғалдағы қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ерекше әсем көркімен дараланатын қызғалдақтың Отаны Қазақстан болып саналады. Бүгінде жер жүзінде 3 мыңнан астам түрі бар. Зерттеуші ғалымдар біздің топырақта өсіп-өнген қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға кейін Тайландқа жеткенін анықтады. Отанынан басқа жерлерде тамырланған қызғалдақ тұқымының алыс шетелдердегі жаңа түрлері өсіп-өнді.
Шара барысында музейдің табиғат және экология бөлімінің меңгерушісі Майра Буханова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті биология кафедрасының аға оқытушысы Бауыржан Туралин жалпы қызғалдақ туралы мағлұмат берді.
Шарада Шығармашылық академиясы көркемдік бейнелеу үйірмесінің тәрбиеленушілері қызғалдақтың түрлі суреттерін салып, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар жиналған қауым музей қорында жинақталған қызғалдақтар бейнеленген этнографиялық бұйымдар, ұлттық киімдер мен Қызыл кітапқа енген қызғалдақтың 18 түрінің және аталған өсімдікті зерттеген ботаник-ғалымдар Шренк, Биберштейн, Борщовтың суреттерінен жасақталған көрмені тамашалады. Солардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Лидия Кәденованың қызғалдақтың ою-өрнектері бейнеленген сахналық киімі, ер жігіттің киімі, қолөнер шебері Анар Төремұратованың әйел адамға арнап тіккен ұлттық киімі мен музей қорына 1947 жылы тапсырылған етік бар.
Шара соңында Шығармашылық академиясы көркемдік бейнелеу үйірмесінің тәрбиеленушілері музей директорының Алғыс хаттарымен марапатталды.