
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарих ғылымдарының докторы, белгілі этнограф-ғалым Рахым Бекназаровтың авторлығымен орыс тілінде жарық көрген «ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы Солтүстік Арал маңы қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистранттары мен докторанттары қатысты.
Сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, тарихшы-ғалымдар Ұзақбай Исмағұлов, Дәулет Әбенов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің деканы Гүлмира Көпенова, музей директоры Мейрам Дүйсенғали, аталған музейдің аға ғылыми қызметкері Қонысбай Рахбаев ғалымның ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген монографиясының мазмұны құнды тарихи деректерге толы екенін ерекше атап өтті.
Еңбек XIX–ХХ ғ.ғ. басындағы Солтүстік Арал маңы қазақтарының тарихы мен мәдениетіне арналған тарихи-этнографиялық зерттеу болып табылады. Көшпелі шаруашылықтан жартылай көшпелілікке және отырықшылыққа көшу кезеңіне баса назар аударылған. Мәдениеттану, ескерткіштану және пәнаралық байланысты, этнографиялық және тарихи дереккөздерді зерттеуге бағытталады. Еңбек ғалымның далалық этнографиялық зерттеулері, сондай-ақ архивтік-библиографиялық, тарихнамалық ізденістері негізінде жазылған.
Кітап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын Ақтөбе облысы бойынша 2022 жылы жүзеге асыруға арналған Жол картасы бойынша «Ғылыми, тарихи және мәдени басылымдарын әзірлеу, баспадан шығару» жобасы аясында жарыққа шығарылды.
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысымен жарық көрген монография облыстық, аудандық, сонымен қатар жоғары оқу орындарының, республикалық және ғылыми-зерттеу институттары мен академиялық кітапханаларға таратылады.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері.