
Елімізде өзін «банкрот» деп жариялауға өтініш беру бір ай бұрын басталған болатын. Яғни, банк алдында берешегі көп, несиесін төлей алмай қарызға белшеден батқан адам өзін банкрот ретінде көрсетсе, қарыздарынан мемлекет өтеп береді.
Сәйкесінше, оған келесіде банктен несие берілмейді. Заңда көрсетілгендей, азамат өтініш білдіргеннен кейін 15 күн ішінде құжаты тексеріледі. Кейіннен 6 ай уақыт өткеннен кейін нақты шешім шығады. Мемлекет азаматтың барлық кіріс-шығыстарын мұқият тексереді. Яғни шын мәнінде қарызыңызды төлей алмайтыныңызға көз жеткізеді.
Енді ресми статистикаға тоқталсақ. Елімізде бүгінге дейін 40 мыңнан астам қазақстандық банкроттыққа өтініш білдірген. Олардың ішінде 17 мың арыз қанағаттандырусыз қалған. Ал, қаралу үстіндегі арыздардың саны 19500 құрайды. 2409 адамның өтініші мақұлданған. Яғни, осынша азамат өзін-өзі банкрот деп тануға болады деген сөз.
Өзін-өзі банкрот деп тануға өтініш берген азаматтардың ішінде ең төменгі қарыз соммасы 1383 теңге.
Ал ең көбі 282 миллион теңгеден асып жығылады екен.
Қарызынан құтылғысы келетіндердің көбі Оңтүстік Қазақстан мен Түркістан облысының тұрғындары.
Осы мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндерге мына талаптар қойылған:
— банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз 5 млн 500 мың теңгеден аспауы тиіс;
— төленбеген мерзімі кемінде 12 ай болуы қажет.
Ал 5 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкерлердің ісін сот қарайды.
Мен құзырлы орган маманы ретінде халыққа жөн-жосықсыз банкроттыққа өтініш бермеуге шақырамын. Себебі, мұндай статус алатын адамдар болашақта түрлі кедергілерге тап болады.
Мәселен атап айтсақ:
— Сізді банкрот деп таныса, 5 жылға дейін несие ала алмайсыз;
— Несие тарихыңызға әсер етеді;
— Болашақта үй немесе көлікті банктен рәсімдеу қиынға соғады.
Сондықтан бір-екі миллион қарызға бола өтініш берудің қажеті жоқ. Расымен де, жағдайыңыз қиындап, берешегіңіз бес миллионнан асып кетсе, төлейтін мүмкіндік болмаса ғана өтініш берген дұрыс, — деп кеңес берер едім.
Жапакова Д.А.,
Бостандық аудандық сотының судьясы, Алматы қаласы