Мамырбек Мұқанбетқазы: Клиент талғамы жоғарылаған сайын бизнес форматы да жетілдірілу керек — TilshiNews

Мамырбек Мұқанбетқазы: Клиент талғамы жоғарылаған сайын бизнес форматы да жетілдірілу керек

Мамырбек Мұқанбетқазы – Ақтөбедегі жас кәсіпкерлердің бірі. Теориядан гөрі практикада үйренген оның тұрақты клиентурасы және бизнес жүргізуге бір кісідей жол көрсете алатын қабілеті бар. 

Мамырбектің алғашқы кәсібі – дос баласы Бекболатпен фото және видео салон ашуы. Қалаға оқуға келген екеу шағын салон ашады. Алғашқы пайдасы түсе бастағанда екеулеп Ardak Toles атымен танылған дайын бизнес-модельді сатып алады.

«Рас, ол бизнестің клиенттері көп ақша төлеуге дайын болды. Оның үстіне, студияның құрал-жабдықтары заманауи әрі қымбат болатын. Біздің көп ақшаға үйрене алмаған кезіміз. Керісінше, кей жағдайда бағаны түсірдік. Дайын бизнестің бұрынғы клиенттерімен қоса, өзіміздің де клиенттер базасын құрдық. Жас та болса, сапаға жұмыс істедік. Өйткені, сапалы дүние үшін ақшасын аямайтын клиенттер болады», – дейді Мамырбек Мұқанбетқазы «Тілшіге» берген сұқбатында.

Фотобизнеске жас кәсіпкер досының шақыруымен келген. Ауылдан қалаға келіп, студенттік өмірдің қызығын көре бастағанда іс бастау туралы Бекболат досының ұсынысын да жерге тастамауды жөн көрген Мамырбек бірден келісе кетеді. Бірі видеоға жауапты, екіншісі фото түсіру бағытында жұмыс істейді.

«Шынымды айтсам, мен видео мен фотоға тек ақша жинап алу үшін келдім. Уақытша жұмыс екенін де бірден ұқтым. Оңай емес. Күні бойы фото, видеоға түсіресің, оны түнімен монтаждайсың. Белден бел қалмайды. Көзден көз қалмайды. Бірақ, жас шамамызға өте қолайлы бизнес болды», – деп еске алады Мамырбек.

Фото және видео салонда Мамырбек 4 жыл жұмыс істеді. Кейән өзінің үлесін серіктесі Бекболатқа сатып кетті.

Ерлер киімі бизнесіне қадам жасауы…

Идеяға көп бас қатырмады. Өзіне күнделікті киюге сатып алатын киімдерге мүмкіндігінше көтерме бағамен бірнеше данадан алдыртып, қаладағы «Мир» бизнес орталығынан бутик алып, сөрелерге қоя бастайды.

«Бутик ашылған күндері сөреге қоятын тауарымыз жетпей қалады ма деп уайымдадық. Өйткені, барлығын санаулы данамен алдық. Бір жағынан үлкен тәуекелге де барғымыз келмеген шығар. Қысқасы, бастап кеттік. Mens Shop деген атаумен жұмыс істедік. Бізден басқа Астана, Тараз, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Атырау қалаларында осы атаумен дүкендер ашылды. Ол кезде олардың құжаты да жоқ, құқықтық тұрғыда қорғалмаған болу керек, алайда, келісімге келіп, осы атаумен жұмысымызды жүргізе бастадық. Алматыдан тауар алдыртып отырдық. Саудамыз да жақсы жүре бастады», – дейді Мамырбек.

Mens Shop атауымен Мамырбек екі жыл жұмыс істеді. Күндердің күнінде Алматыдағы серіктестері атауды өздеріне қайтарып алмақ болды.

«Орнына көңілімнен шығатындай қаржы ұсынды. Келістім. Бермеген күнде де ештеңе істей алмаушы едім, өйткені, атау заңмен қорғалмаған еді. Менің де заңды тұрғыда алғанда құқығым болмады. Есесіне, қаржымды еселеп, осы бағытта, бірақ сәл басқа форматпен жұмыс істеу керек деп шештім. Осылайша, әлемдік бренд репликаларына кірістім. Люкс сападағы ерлер киімі нарығын көп зерттемедім. Өйткені, осыған дейін біраз тәжірибе жинақтап үлгердім. Бизнесті одан әрі айналдырып әкететініме сенімді болдым», – дейді кәсіпкер.

Мамырбек жаңа бизнесінің атауына да көп бас қатырмаған сыңайлы. Massimo атауын интернетпен «ақылдаса» отырып қойса керек. Мағынасы – максимум…

Жігіттердің талғамы жоғары…

Осыған дейін масс-маркет форматында жұмыс істеген Мамырбек соңғы 5-20 жылда киім таңдауда ер азаматтардың талғамы жоғарылағанын айтады.

«Сәл ертеректе арзан немесе орташа бағадағы киім кие салатын жігіттер бүгінде қымбат және сапалы киім іздейді. Қазір адамдарда басқаша құндылық. Олардың талғамына сәйкес, біз де бизнес форматымызды жетілдіріп отыруымыз керек. Сол үшін де клиенттерімізді әрдайым зерттеп отырамыз», – дейді ол.

Бүгінде Massimo ерлер киімі дүкені репликадан түпнұсқаға қадам жасап жатқанға ұқсайды. Дүкеннен кейбір бренд өнімдердің түпнұсқасын сатып алуға болады.

«Иә, ол жағынан көп ойланамын. Толық өзгертпегенмен, аздап қадам жасап жатырмыз. Өйткені, мұның барлығы айналып келгенде сұранысқа байланысты. Бағасына қарамайтын, сапалы дүние сұрайтын клиенттер қатары артып келеді. Сұраныс бар жерде, әрине, біз де ұсыныс жасауға дайын болуымыз керек», – деп санайды кәсіпкер.

«Бауырыма сенемін…»  

Бүгінде бизнес жүргізуде қолғанаты Еламан екеуі Ақтаудан масс-маркет форматында ерлер киімдері бутигін ашты.

«Ақтауда Akkala Mall-да Oligarch деген атпен орташа бағадағы тауарды ұсына бастадық. Орташа жалақысы Қазақстан бойынша ең жоғары саналатын маңғыстаулық клиенттеріміз бастапқыда біразға дейін түсіне алмай жүрді. Шүкір, қазір жақсы түсінісе бастадық. Жоспарымыз – Massimo дүкенінің бөлімшесін Ақтауда ашу. Қанша дегенмен, мана айтқанымдай, клиенттерде талғам жоғарылап келеді», – дейді жас бизнесмен ағынан жарылып.

Дөнер бизнесінде Мамырбек қай жерде қателесті

Bai Doner – Ақтөбеде аты шыққан, жылдам тамақтану орындарының бірі. Бұл бизнесті алғашында достары Бекболат пен Нұрсұлтан жүргізеді. Кейін Мамырбек Бекболат досының үлесін сатып алып, Нұрсұлтанмен жалғастыра береді. Уақыт өте Мамырбек бұл бизнесте бір өзі қалды.

«Космос» ауданында шағын дөнер нүктесі болды. Кейін орталықтан сәнді де кең орынға ауыстырдық. Осы жерде сәл қателескен сияқтымын. Түсінгенім, дөнер – көшенің тамағы, жылдам тамақтану үшін адамдар өтіп бара жатып ала салады, оған әдемі дәмхананың, жарық, кең, жылы орынның қажеті шамалы екен. Дегенмен, бүгінде жұмыстанып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Мамырбектің пайымынша, бизнесте әрдайым алдыңнан жаңа мәселе шығып тұрады, тек шешім қабылдай білу керек. Сол үшін де жұмыс істеп жүріп, білім іздеу жағына да уақыт бөлу керек.

Жылдам тамақтану бизнесін автоматтандырудың қажеті қанша?

Мамырбек – дөнер бизнесін автоматтандырған кәсіпкерлердің алғашқысы. Дөнершілердің көпшілігі әлі күнге қағазбен, қаламмен есептеп отырады.

«Автоматтандыру бағдарламасына жүгінбес бұрын, оның маңызын түсініп алу керек. Әрі-беріден соң ол бағдарламалар қолжетімді. Бір жағынан тамақтану бизнесі есебінде ашықтықты қамтамасыз етеді», – деп санайды ол.

Бірнеше бизнесті қатар алып жүрген Мамырбектің ақшаға, байлыққа көзқарасы өзгелерден ерекшеленеді. Бос уақыты болғанда саяхаттағанды, бизнес бағытында білім алғанды ұнатады. Өзге елдердегі бизнес модельдерін зерттеуден жалықпайды.

«Іскер Тілші»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *