
Айгүл Мақсотқызы — Ақтөбдегі Ai Bilim орталығының негізін қалаушы. Бағыты — балаларға мектеп бағдарламасынан тыс білім беру, қосымша сабақтарға машықтандыру. Isker Tilshi қонағы Айгүл бизнеске алғашқы қадамы, алғаш рет шетелге шығуы, желілік бизнестегі үміті мен айналымы үлкен бизнеске аяқ басуы жайлы әңгімелеп берді.
Айта кетейік, Айгүл Мақсотқызы Isker Tilshi ортасының тұрақты тыңдаушыларының бірі.
Алғашқы табысы жайлы
Ең алғашқы табысым — 2 сынып оқып жүргенімде би сайысына қатысып, 120 тг иеленген кезім. Үш қыз болып «Аққу» биін билеп, 40 теңгеден бөліп алғанымыз есімде. Оқушы кезімде көбінесе ақшаны өлең айтып, би билеп, түрлі конкурстарға шығып табатынмын.
8 сыныпта оқып жүргенімде ақындар айтысына қатысып, аудан бойынша екінші орын иеленіп, өзім армандаған, алғым келген жұмсақ ойыншықтарға қол жеткіздім. Иә, иә, жұмсақ ойыншықтар сыйға тартты. Үйге екі қалта ойыншықпен жүгіріп келгенім есімде.
Әкем үнемі «менің қызым жүрген жерінде ақша тауып жүреді» деп әзілдеп отырады.
Желілік бизнестегі үміті жайлы
Кейін оқуға түстік. 2 курс оқып жүргенімде бір таныс қызым келіп Орифлейм желілік бизнесін ұсынды. «Айгүл, қымбат көлік мінгің келеді ме?», «Арманыңдағы үйде тұрғың келеді ме?» дегенде «әрине», деп келісе кеттім.
Бір жетінің ішінде 35 адамды өз тармағыма тіркеп, көптеген тауарын ауыл, аудан аралап сатып жібердім. Арманыма жетем деген құлшынысымды баса алмадым. Бір күн үйде жатпадым. Сабақ арасындағы қоңыраудың өзін тиімді пайдаланғым келіп, басқа факультеттің қыздарын «бай болуға» шақырып, ұсақ-түйек, сабын, далап, опаларды сатып, асханадан тойып шығатынмын.
Жоспарды орындадым, екі есе деңгейге көтерілдім. Бірақ олардың берген уәделері ойымнан шықпай, көңілім түсіп, командамды тарқатып жібердім. Бірақ сату, адамдармен қарым-қатынас, кез-келген есікті қағу, өзіме шектеу қоймау сияқты мықты тәжірибе жинадым. Және алдағы уақытта тек мұғалім ғана болмай, дәл осылай еркін, шәй ішіп қойып, адамдармен дос болып жүріп ақша табуға болады екен ғой деген түсінік қалыптаса бастады.
Қағаз жұмыстан бас тартып, шетелге шығуы туралы
Университет бітірдім, магистратура тәмамдадым. Сақтаған Бәйішев атындағы университетке кафедраға оқытушы болып жұмысқа кірдім. Бірақ маған ол жерде жұмыс істеуге бір жыл жеткілікті болды. Еркіндік жетіспеді. «Белгілі ережемен, белгіленген киіммен жүру, қағазға көміліп, таң атқаннан кеш батқанға дейін бір жерге байлану —менікі емес» деген ой келді. Жұмыстан шығып кеттім.
Тұрмысқа шықтым. Біраз жыл медицина саласында аударма ісімен жұмыс жасадым. Еркін кесте, аптасына бір-екі рет барып қағаздарды аударып, қоғамдық жұмыстарға қатысып жүргендіктен, әрі кішкентай баламмен былай жұмыс жасау маған өте ыңғайлы болды.
Екінші ұлымды босанғаннан кейін үйде бос отыра алмай шетелге бірінші рет жалғыз өзім шығып қайттым. Бір кеште Стамбулға барып киімдер алып келуге шешім қабылдап, жолдасымнан 1000 доллар ақша алып, жолға шықтым. Алып келген тауарларымды таныстарыма, тумаларыма, достарыма сатып, ақшамды екі есе шығарып алдым. Солай 5 рет қатынап барып келіп жүрдім. Кейін доллардың бағасы көтерілгенде тиімсіз екенін түсініп, баруды тоқтаттым.
Карантин салдарынан болған кедергі туралы
Жолдасымның жұмыс бабы бойынша Астана қаласына арман қуып бардық. Барлық жоспарымыз іске аспай, карантинге тап болдық. Денсаулыққа пайдалы ешқандай қоспасыз қытырлақ чипстер мен пастила жасап көрдік. Дегидраторлар сатып алып, жемістерді кептіріп, эко пакеттерге өлшеп салып, Астана қаласындағы экодүкендерге тапсырдық.
Түрлі жәрмеңкелерге шығып саттым, қайырымдылық қорларына қатысып, түрлі мекемелерден тапсырыстар алдық.
Кейін Ақтөбеге келіп, дәл сол дегидраторларда ет кептіріп, дүкендерге тапсыра бастадық. Әрине сатылым болды. Бірақ жолдасым екеуміз одан да үлкен кәсіпке шығуды армандап жүрдік. Кейін үйімізді сатып, Flipping (көнелеу үй алып, жаңалап сату) кәсібімен айналысып кеттік. Құрылыс компаниясынан үй алып, құжаттары шыққанша күтіп, күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп сата бастадық. Әлі де дамыту үстіндеміз.
Tilshi Isker
Молодец
Жарайсы4
Жарайсың