
Елордадағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты XII Наурыз кездесулері өтті. Жекелендірілген медициналық көмекшілер мен биоинтерфейстерді құру бөлімінде Актобедегі NIS-тің оқушылары ІІІ орынға ие болды. Он екінші сынып оқушылары Айдай Каражан, Камила Курамысова, Раушан Тажимова «SignApp» ымдау тіліне аудармасы бар бейнеқоңырау қолданбасын ойлап тапты. Бұл мобильді қосымша есту қабілеті нашар адамдарға әртүрлі ымдау тілдерін қолдана отырып, жоғары сапалы қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Қолданба Android Studio платформасында Java тілінде, ал анимациялық платформа – Moho бағдарламасында жазылған.
- Ымдау тілдерін аударуға арналған мобильді қосымшасын жасарда осындай адамдар арасындағы қарым-қатынастың болмауы мәселесін шешуді ойладық. Біздің жұмысымыз сондай-ақ Тұрақты дамудың он мақсаты – қоғамның осал топтары үшін барынша инклюзивті ету арқылы теңсіздіктерді азайтумен тығыз байланысты, – деді жоба құрастырушыларының бірі Айдай Каражан.
Наурыз кездесулеріне Айдай жоба жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Асқар Бедермен бірге барды. Жас ұстаз шәкірттері жобаны жасау барысында осы қосымшаға мұқтаж жандардың қалауын ескеріп, мақсатты аудиторияны сараптағанын айтты. Зияткерлер есту және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы колледж мектебінде болып, прототипін фокус-топқа сынау үшін берген. «Осының арқасында оқушылар мақсатты аудиторияның қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыратын, жасанды интеллект пен анимацияларды пайдалана отырып сапалы өнімді жасай алды», – деді Асқар Бедер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2050 жылға қарай шамамен екі жарым миллиард адам есту қабілетінің қандай да бір дәрежесінен зардап шегеді. Дегенмен, бүгінде құлағының мүкісі бар адамдарға дамуған елдер нарығында өнімдердің аз түрі бар. Мысалы, бүгінде үш жүзге жуық ымдау тілі болса да, естімейтін адамдарға оларды үйренуге немесе қолдануға мүмкіндік жоқ. Ақтөбелік зияткерлерден құралған команда SignApp мобильді қосымшасын жасау арқылы бұл мәселенің шешімін таба алды.
SignApp – сурдоаудармашысы бар бейне қоңырау қолданбасы. Жасанды интеллект бір тілдегі қимылдарды таниды және басқа тілге автоматты түрде аударады және аударма анимациясын көрсетеді.
Қолданушы қосымшаға тіркеліп, ана тілін таңдайды және телефон нөмірі бойынша достарын іздеп, оларды қоса алады. Хат алмасу үшін арнайы чат бар, ал бейнеқоңырау әрбір сұхбаттасушы енгізуі тиіс құпия кодтан басталады. Қоңырау кезінде аудармашы мен анимация автоматты түрде іске қосылады және қажет болса, пайдаланушылар «Субтитрлерді» қоса алады. Сондай-ақ, қарым-қатынасты тиімді ету үшін «Камераны ауыстыру», «YouTube бейнесін бөлісу», «Қоңырауға жаңа достар қосу» және т.б. функциялары бар.
Айта кетейік, бас қалада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Оқушылар Массимо Пиньятелли, Атакан Варол, Дастан Рүстемов, Айгүл Сәдуақасова, Сиамак Фазли мен басқа да отандық және шетелдік ғалымдардың баяндамаларын тыңдап, шеберлік сағаттары аясында денсаулық сақтау саласына жаңаша көзқарас танытуға мүмкіндік алды.
NIS-тің «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты Наурыз кездесулері ғылымға қызығушылықтың, білімге құштарлық пен зерттеушілік шабыттың шексіз екенін он екінші мәрте дәлелдеді. Дәстүрлі ғылыми жобалар байқауына қатысу – еліміз бен әлемдегі болашақ ашылуларға басқан елеулі қадам. Бүгінгі таңда медицинаға жасанды интеллект пен цифрлық технологияны енгізу адамзаттың келешегін анықтайды. Жыл сайын наурыз айында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас ғалымдар үлкен ғылымның дамуына үлес қосуға жиналады.
Елордада NIS-тің 100 оқушысы үш күн бойы үлкен ғылымға терең бойлады. Жасанды интеллект, Big data және биомедицинаның бірегей әлеміне Зияткерлермен қатар ауылдық тірек мектептердің 50-ден астам оқушысы алғашқы қадамдарын жасады. Қатысушылар өз қоржындарын NIS Наурыз кездесулерінің сертификатымен, жеңімпаздар және жүлдегерлер дипломдарымен толықтырды.