
Дастан — KeremET ет дүкенінің негізін қалаған кәсіпкер. Еттің жайын бес саусақтай білетін Дастанның қалада екі ет дүкені бар. Әрі дүкеннің инстаграм парақшасын жүргізіп, әрі жас кәсіпкерлерге курс өткізеді.
Кәсіпкер Isker Tilshi отырысында ет дүкенінің ашылуы, маркетинг, ет өнімдерін сату жайлы айтып берді.
«Кәсіпті апа-жездеммен аштым»
Дастан ағасының қасында қасапшы болып жұмыс істеген. Даму жолын ойға алған ол апа-жездесімен дүкен ашады.
«Ең алғашқы дүкенім 2020 жылдың басында ашылды. Кәсіпті апам, жездем үшеуміз бірге бастадық. Олар базарда ет сататын. Жездем қазыны, шұжықты жақсы істейді. Дүкеннің атын жездеммен ойласып қойдық. Ол KeremET деген атауды ұсынды. Жездем үнемі маған ақыл-кеңес беріп отырады.
Мен инстаграм жүргізуді мойныма алдым. Бұрын жеке инстаграм парақшам болды. Ол кезде сториске видео түсірмейтін едім. Дүкеннің ашылуына бір-екі күн қалғанда видеоға түстім. Кейде бір стористі екі сағат түсіріп жүрдім. Апамның есепке, ұйымдастыруға икемі бар. Бюджетті апаммен ақылдасамын. Шығындарды жауып, қалған ақшаны жалақы ретінде бөліп аламыз», — дейді Дастан.
Ет дүкеніндегі өнімдер
KeremET ет дүкенінде ет, фарш, жартылай фабрикат, мәнті, тұшпара, хинкали, шұжық, қазы өнімдері сатылады.
«Дүкенді ашуға 6-8 млн теңге кетті. Орынды жалға алып отырмыз. Етті тегін тартып, кесіп береміз. Кәсіпте бәрі бірден бола қоймайды. Бізде жылқы, сиыр, қой, құс еттері бар. Шұжықты қолдан пісіруді үйрететін курс сатып алдым. Бірақ жарамдылық мерзімі тез өтеді. Өтпей қалған жағдайда өзім жеймін. Қазір түріктердің таңғы асы суджукты жасап жүрмін. Кәдімгі шұжыққа ұқсайды. Бірақ дәмі ащылау. Алдағы уақытта 7-8 сағат пісетін брискет, асадо секілді американдық ет тағамдарын жасағым келеді».
«Карантинде сауда жүрді»
Карантин кезінде етке сұраныс өте жоғары болған. Тіпті, сатып алушылар дүкеннің алдында ұзын сонар кезекке тұрған.
«Мен осы «кәсіптің бет-бейнесімін». Себебі өзімді эксперт ретінде сезіндім. Адамдарды таңқалдыра аламын деп ойладым. Карантин кезінде етке сұраныс өсті. Ет сататын базарлар жабылған еді. Карантин кезінде дүкенге үш адамнан артық кіргізбей қабылдадық. Есік алды адамға толды. Алғашында дүкен алдында көп машина тұрмайтын. Карантиннің бір артықшылығы сол, біздің тұтынушыларды көбейтті», — деді Дастан.
Әлеуметтік желінің ықпалы
Дастан маркетинг саласында білім алмаған. Оның сөзінше, адамдарға жеке бренд, адамның өмірі, отбасысы қызығырақ екен. Әрі өзі инстаграм парақшаның контент жоспарын жасайды.
«Контент жоспарды ойластырғаныммен оны орындауға уақыт бола бермейді. Демалыс күндері қолым босаса видео түсіремін. Шетелдік фудблогерлердің контентін бақылаймын. Олардың идеясымен, әрі өзімнің фантазияммен видео түсіремін. Ал кейбір ет сататын дүкендер тек өнімін ғана жарнамалайды. Әлеуметтік желіден адамның түрін көрген сайын ол тұтынушыға жақын адамындай болып кетеді. Өнімді сатып алушы да көбейеді.
Басынан бастап өзімді көрсете бастадым. Тек суреттерді сала бермей, өзімді әлеуметтік желідегі аудиторияға таныстыра бастадым. Бірақ маркетинг саласын оқымаппын. Арасында маркетинг жайлы кітап оқыдым. «Партизанские продажи» кітабынан біраз ақпарат алдым. Таргетті де оқымаппын. Жарнамаға да ақша салмаймын. Мен Марғұлан Сейсембай, Бейбіт Әлібеков сынды кәсіпкерлердің парақшаларын оқимын. Руслан Фаршатовтың инстаграмда ұсынған Reels идеяларын қолданамын. Алғашында шеберлік сабақтарына бардым. Қазір барып жүрген жоқпын. Сонымен қатар, Нұрбол Бекботаев ағамызбен кездесіп, 3 сағат әңгімелестік. Кәсіпке жол сілтеп, бағыт-бағдар берді», — деді ол.
Ет сатып аларда есте болсын…
«Оқушы кезімде мал бақтым. Ол кезде «Заречный» елді мекені ауыл сияқты еді. Өріске мал айдайтын едім. Еркек малды қалдырып, ұрғашысын соямыз. Біз жергілікті аумақта жайылған малдың етін сатамыз. Ресейден мал әкелмейміз. Еттің жайын жақсы білетіндер өзіміздің ет пен Ресейдікін оңай ажыратады. Егілген малдың сүйегі ірі, еті майлы болады. Көктем кезінде ешкім мал соймайды. Малды семіртіп, мерзімді күтеді. Біз солардан сатып аламыз. Ет аз болғасын баға да қымбаттайды. Сондай-ақ, ет сатып алуда түр-түсіне мән беру керек. Біздің дүкенде тек жас, әрі балғын ет сатылады. Егер еттің майы сары болса, ол кәрі малдың еті», — деп ағынан жарылды Дастан.
«Жас кәсіпкерлерге бағыт беремін»
«Маған әсіресе, батыс өңірдің қалаларынан кәсіп ашқысы келетіндер жиі хабарласады. Сөйтіп мен «бизнестегі қамқорлық» («наставничество») курсын аштым. Дүкеннің локациясы, SMМ, керек құрал-жабдықтар, әр заттың дұрыс жерде орналасуы жайлы айтып түсіндіремін. Жалпы дүкеннің қайда орналасқаны кәсіпке қатты әсер етеді екен. Яғни, тәлімгер болып, өз кеңесімді беремін», — дейді қасапшы.
«Жұмысшылардан тәжірибе талап етемін»
«Заречный елдімекеніндегі дүкеннің артында цех орналасқан. Онда бес әйел жұмыс істейді. Өнімді өзіміздің еттен жасаймыз. Мәселен, фарштың қанша пайызы ет пен майдан тұратынына дейін өзім бақылаймын. Кейде таңертеңгі уақытта етті турасып жіберемін. Жартылай дайын өнім әзірлейтіндердің тәжірибені талап етемін. Олардың жалақысында проблема жоқ. Себебі олар пайызға жұмыс істейді. Яғни қаншалықты өнімді жұмыс істесе, соншалықты жалақы алады.
Дүкенде жартылай дайын өнімдер жақсы өтеді. Ет сатып алуға келгендер өздерімен бірге жартылай дайын өнімді де ала кетеді. Кейде жақсы сатылғаны сонша, таусылып қалады. Жұмыста үш қасапшы бар. Қасапшы табу қиын емес. Бірақ ұзақ тұрақтамайды. Жұмысқа қабылдаған кезде тәжірибесін, бұрын қайда жұмыс істегенін сұраймын. Екі күн істеген жұмысын қараймын. Икемі болса, жұмысқа қабылдаймыз. Болмаса, өзіміз үйретіп жібереміз. Заречный елдімекеніндегі дүкенге үлкен тоңазытқыш қойдық. Ет болмай қалатынын сезсек, алдын ала алып қоямыз. Жеткізу қызметі ақылы», — дейді Дастан.
«Етті бұзып алмау керек»
Ет сатумен айналысатындар етке таласады. Тіпті атысқан кездер де болған. Дастан арасында қожалықтардан ет алып тұратынын айтады.
«Саудада тауар өтпейтін «өлі кезеңдер» болып тұрады. Осындайда акция, жеңілдік ұйымдастырамын. Мейрамханалармен жұмыс істегіміз келмейді. Себебі олар сүйексіз етті ғана сатып алғысы келеді. Ал сүйегі жоқ ет онсыз да жақсы сатылады. Кешкісін сойылған етті таңертең кесіп, балғын күйінде сатылымға шығарамыз. Ал кешке қарай сатылмаған ет қарайып тұрады. Оны жартылай дайын өнім жасауға жіберемін. Еттің сақтау мерзімі бір-ақ күн. Екінші күні бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан бұзылмай тұрып, фарш немесе жартылай дайын өнім әзірлеу керек. Сатып алушы етті жақсы таныса, екі-үш күн тұрған өнімді бірден біліп қалады да, келесіде келмейді. Жарнаманы дүркіретіп бергенмен жақсы сапа болмаса, мұның бәрі бос әуре», — деп санайды кәсіпкер жігіт.
«Етті көбіне үлкендер сатып алады»
Ет дүкені ҚМДБ-нің халал сертификатын жақында алады. Мамандар арнайы келіп, жабдықтарды, құжаттарды тексеріп кеткен.
«Көбіне етті үлкен кісілер алады. Жастар жағы стейк, шұжық, маринад, фарш сатып алады. Қазір фарш жақсы өтеді. Дүкенімізге блогерлер, мемлекеттік қызметкерлер келіп, сауда жасап кетеді. Блогерлермен бартерге жұмыс істейміз. Инстаграмдағы гивке қатысып көрдік. «Батыс-2″ шағын ауданындағы дүкенде бір жарым жылдай жұмыс істеп жүрдім. Сервисті жақсарту үшін тұтынушымен тікелей байланысып, ет саттым», — дейді Дастан.
«Түріктер — саудаға икемді халық»
«2014 жылы Түркияға барып, демалып келдім. Түріктер сауданы жақсы жасайды екен. Қатты таңқалдым. Алмайын деп тұрған затымды қалай сатып алғанымды білмей қаламын. Базарда тұрған сатушы жұмыс уақыты біткесін қымбат көлікке мініп кете бара жатады. Ал базарда сатушы болып тұрғанда қарапайым адам бола қалады. Олар ашуланбайды, саудада сабырлы».
Кәсіптегі қателік
«2017 жылдары киім сатумен де айналысып көрдім. Әйеліме кәсіп ашып бердім. Бұл – менің кәсіптегі алғашқы тәжірибем. Бірақ бұл қадамымыз сәтсіз болды. Менің қателігім – бірден бутикті сатып алу. Оны сатып алғанша бір жылдай жалға алып, байқап көруім керек еді. Дегенмен бутик жақсы жерде орналасқан еді. Әйтеуір әзер дегенде бутикті екі есе арзан бағаға сатып жібердік. Ақтөбеде киім алатындарға қарағанда сатып алушы аз. Қазір әйелім Заречный елдімекеніндегі дүкенде сатушы, администратор болып жұмыс істейді», — дейді қателігі туралы айтқан Дастан.
Қасапшы Дастан алдағы уақытта дүкендерінің танымал брендке айналуын қалайды. Сонымен қатар, ет дүкенінің инстаграм парақшасында оқырман санын көбейткісі келеді.
Аружан Смағұлова, арнайы Isker Tilshi үшін
***
(редакциядан: мәтінде қандай да бір қате байқасаңыз, хабарлаңыз!)
Құрметті оқырман! Айтары бар, маркетингі ерекше, бизнесті адам қызығарлықтай жүргізіп отырған, жаңадан іс бастап жатқан жастарға ақыл-кеңесін айта алатын кәсіпкерлер болса, Isker Tilshi командасына хабарлауыңызға болады! Сапалы контентті бірге жасайық!