
«Наурыз – игі істер айы» – дәл осындай ұранмен ERG құрамындағы Қазхром қызметкерлері көктемнің алғашқы айын қарсы алды. Жыл сайын компанияның «туған қалаларында» қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жүр. Әрине, қызметкерлер игі істерді жыл бойы жасап жүр, алайда наурыз айында бұл мейірімді дәстүрлі акцияға құлшыныс ерекше.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында «Наурыз – игі істер айы» кіп-кішкентай бүлдіршіндерді қуантудан басталды. Мұнда Жастар кеңесінің еріктілері «Үміт» сәбилер үйіне барып, болашақ дәрігер, аспаз деген ойыншықтар жиынтығын сыйға тартты. Сөйтіп, бір ойын бөлмесі жабдықталып қалды. Жуырда жастар тағы бір бөлмені ойыншықпен толтыру үшін қайтадан сәбилер үйіне бармақ. Осы жолы жөргектер мен тәтті тағамдар ала бармақ. Бүгінде аталған мемлекеттік мекемеде тастанды атанған 30 шақты сәби бар.
Сонымен қатар, ақтөбелік еріктілер ерекше балаларды да назардан тыс қалдырмады. Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен зауыт қызметкерлерінің балалары арт-терапияға қатысты. Олар ботаникалық барельефтен шеберлік сабағын алып, өз қолдарымен туынды жасады.
— Суретті таңдауға көмектестік, – дейді ерікті Динара Мақсұт. — Шара соңында бірге отырып, әңгімелестік. Ата-аналары алғыстарын білдіріп, тілектерін жаудырды. Балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, өзіміз де бір демалып алдық. Сөйтіп жүргенде, 2 жарым сағат зыр ете қалыпты.
Айтпақшы, балақайлар шыққан өнімді «Қайырымдылық жәрмеңкесі» атты корпоративтік шараға сыйға тартты. Осылайша, олар жақсылық жасауға өз үлестерін қосты.
Хромтауда толастамай жауған қар салдарынан тек жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер ғана емес, сондай-ақ, жеке үй иелердің аулалары қалың қардың астында қалған. Дөң тау-кен байыту комбинатының Жастар кеңесі жалғызбасты ардагерлерге барып, аула ішін қардан тазалап берді. Сонымен қатар жастар волейболдан «Мейірімді жүрек» қорының қайырымдылық турниріне қатысты. Бұдан бөлек, жастар теннистен өздерінің жарысын өткізді. Жиналған қаражат мұқтаж жандарға жіберілетін болады.
— Мейірімді акцияны қуана-қуана қолдаймыз және бұл шараға атсалысқан барша жанға алғысымыз шексіз, – дейді Дөң комбинаты жастар кеңесінің төрағасы Еламан Марат. — Мұнымен игі істеріміз шектелмейді. Бізге қосыламыз деген жандар көбейеді деп сенеміз. Сондай-ақ, жастар қарттардың үйлерін жинастырып бермек, ал кәсіпорынның кейбір цехтары зейнеткерлер мен көпбалалы қызметкерлерге азық-түлік сатып алуға көмектеседі.
Наурыз мейрамының қарсаңында Дөң комбинаты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Хромтаудың қалалық алаңында «Қайырымдылық жәрмеңкесі» өтеді. Қолдан жасалған бұйымдар қойылады. Сатылымнан түскен қаражат қайырымдылыққа бағытталады.