
Людмила Ақмола облысындағы Урюпинка балалар үйінен шыққаннан кейін Шортанды ауданындағы колледжге оқуға келеді. Сол жерде ол жігітпен танысып, кездесе бастайды. Оқу аяқталғаннан кейін Людмила Степногорск қаласындағы Жасөспірімдер үйіне оралып, сол жерде өзінің жүкті екенін біледі.
Жас жігіт оның кейінгі өміріне қатысудан бас тартады. Людмила қиын жағдайға тап болып, енді Жасөспірімдер үйінде одан әрі тұра алмайтын болғандықтан, әкімшілік оған Аналар үйіне баруға ұсыныс жасаған. Осылайша, жүктіліктің 22 аптасында қыз Көкшетау қаласында орналасқан «Ана үйі» ресурстық орталығына келіп, көмек пен қолдау көрсетуге дайын жандармен танысады.
Аналар үйінде Людмила Ксения есімді қыз баланы дүниеге әкелді. Ресурстық орталықтың мамандары жас анаға балаға дұрыс күтім жасауды үйретеді, сонымен қатар Людмила аспаз болып жұмыс істейді. Біраз уақыттан кейін ол Вячеслав есімді жігітпен танысады. Ол Людмиланың өзі тәрбиеленген балалар үйінің түлегі. Қазір Слава Көкшетау қаласынан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан Қызыл таң ауылында қазақ отбасымен тұрады. Оның әрқашан көмектесуге дайын тұратын ағалары бар. Вячеслав Людмиланы көрген сәттен бастап өзінің болашақ жары екендігін бірден түсінгенін, ал оның қызын өзінің туған қызындай тәрбиелеуге дайын екендігін айтады. Слава көп ойланбастан Людмилаға ұсыныс жасайды.
Халықаралық әйелдер күнінде Людмила мен Слава тағдырларын байланыстырып, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты. Олардың үйлену тойы Аналар үйінде өтті. Орталық қызметкерлері жас жұбайларға өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен келісім тілеп, кішкентай сәбимен бірге шығарып салды.
«Кейде өмір қиын және әділетсіз болады, бірақ ешқашан үмітіңді үзбей, өзіңе және өз күшіңе сену өте маңызды. Мен «Ана үйі» ресурстық орталығына және қиын уақытта маған көмек қолын созған жандардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Өз махаббатымды тапқаныма қуаныштымын, ал қызымның қазір өзімде ешқашан болмаған толыққанды жанұясы бар. Біз бірлесе отырып барлық қиындықтарды жеңе аламыз», — дейді Людмила.
«Аналар үйі» ресурстық орталығынан көмек алу үшін хабарласатын ыстық желі нөмірі 8-800-080-77-71
Материалды «Ана үйі» қоғамдық қорының PR қызметі ұсынды