
Ақтөбелік Мақсат Сайлау 16 жасында алғашқы миллионын табуға әрекет жасады. Кәсіпкерлікке мектеп жасынан араласа бастады. Бүгінде Астанадағы оқу орындарынының бірінің 4-курс студенті.
Мақсат бүгінде Астана қаласында мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындайтын Altyn Belgi орталығының басшысы. Іскер ортада @bysailau атымен танылған жас кәсіпкер Isker Tilshi басқосуында сату менеджерінің қызметі, қаржыны дұрыс жұмсау, кәсіпкерлер ортасы жөнінде әңгімелеп берді.
«Сату менеджері болыңыз»
Біз көбіне сату менеджерін өзімізге тартамыз. Оларды оқыту барысында барлығының басын қосып, жалпы сату техникасын үйрететінбіз. Бұл – тиімсіз тәсіл. Тест тапсыртып, нәтижесіне қарай жұмысқа алу керек деген шешім қабылдадық. Есесіне, мықты мамандар даярлап шығарамыз. Елімізде әлі де потенциалы ашылмаған сату менеджерлері бар. Егер олар жақсы ақша табуды қаласа, өзімізге алып қалғымыз келеді. Сондықтан сату менеджері болып жұмыс істеуге кеңес беремін.
«Әділбек Тұрғанбаев есімді кәсіпкер бар. Оның сату бөлімі күні-түні жұмыс істейді. Түнгі сағат 3-ке дейін төлем қабылдаумен айналысады. 3 ауысымда жұмыс істейді. Өтінім түскен сәтте жауап берген жөн. Біздің модельде бір адам кемі миллион табуы керек. Яғни кем дегенде 3-4 өнім сатуы керек. Сата алса, демала беруге рұқсат. Оған 50 мың теңге айлықпен қатар 8 пайызбен есептегенде 130-135 000 теңге ақша түседі. Айта кету керек, сату қызметінде жарнаманың рөлі орасан зор. Біздің сату бөлімі жарнаманы үздіксіз салып отырады. Өнімді сата отырып, оны талдай да білу қажет», – дейді Мақсат Сайлау.
Бөліп төлеу тиімсіз
Кәсіпкердің орталығында қайтарыммен, негативті пікірлермен жұмыс істейтін «қамқорлық бөлімі» бар. Егер ата-ана баласының оқуына төлеген ақшаны қайтарып алғысы келсе, осы бөліммен байланыса алады.
«Кез келген инфоөнім бөліп төлеуге негізделген. Бөліп төлеу – ең бір қолайсыз әдіс. Банк қайтарымын 14 күнде төлемесе, компания өтеуі қажет. Егер тұтынушы шағым жазаса, біздің шотымыз жабылып қалуы мүмкін. Алдағы уақытта бөліп төлеуден бас тартпақ ойымыз бар. Қазір тұтынушылардың 99 пайызы өнімді бөліп төлейді», – деп өз тәжірибесімен бөлісті.
Тұтынушымен тіл табысу маңызды
Сату кезінде тұтынушымен дұрыс тіл табысу аса маңызды. Бұл өнімді сату техникасына әсер етеді. Кейбір мамандар манипулицияға басып, білімге құйылған инвестиция деген ұранды алға тартады. Ал Мақсат Сайлау ата-аналардың өзімен сөйлесіп, олардың жағдайын біліп алуды дұрыс деп ойлайды. Кәсіпкер оқушының курсқа қатысудағы ойын, пікірін сұрап, ата-анасына ақшаны бөліп төлеудің жайын түсіндіреді екен.
Орталықта білім алып, грантқа түсіп кеткен түлектер көп. Кәсіпкер Астанаға, Алматыға барған сайын олармен кездесіп тұратынын айтты. Әр оқушы орталықтан сапалы білім алып, грант жеңіп алуды қалайды. Мұндайда оқуға жігерлендіріп, күш беретін мотивация керек. Ал мотивация оқушының өз ішінен пайда болуы керек.
Санмен жұмыс істей білу керек
Аяз Шабутдиновтен көп нәрсені үйренген абзал. Кәсібін сандарсыз елестете алмайды. Яғни кәсібінің барлығы есепке, санға негізделген. Ол 2013-2014 жылдары Coffee Like кофеханасын ашқан. Әлем бойынша 200-300 нүктесі бар. Кәсібін миллион рубльмен бастапты. Қарамағындағыларға күнделікті қанша адамның келіп-кететінін есептеуді тапсырған. Олардың есептеуінше, 6000 адамның 3 пайызы кофе сатып алған көрінеді. Егер күніне 6000 адам келмесе, франшизаны ақтап алу мүмкін емес. Сол себепті санмен жұмыс істей білу керек.
Күн сайын бәсекелесіңізді бақылап отыру маңызды. Әлеуметтік желіге не салған, не сатып жатыр деп бір шолып шығыңыз. Жалпы, мен 4 жылда нейролингвистикалық бағдарлауды үйрендім. Адамның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, әрбір қимыл-әрекеті қарама-қарсы отырған адамға қалай әсер ететінін түсінесіз. Нейролингвистикалық бағдарлау жайлы кітап оқуға кеңес беремін. Әсіресе, Америкаға оқуға барып, тәжірибе алмасуға болады, – дейді кәсіпкер.
Әр өнімнің сату кезеңі болады. Кейбір мерекеге, мезгілге байланысты өнімдер де тез сатылады. Демек, осындай себептермен сауда да жақсы жүреді. Бастысы, өнім жақсы өтетін кезеңді анықтап, алдын ала қамдану қажет. Сатумен, жеткізумен қатар өнімді қоймада сақтау да маңызды.
Кәсіпкерлердің ортасынан қалмаған жөн
Бизнесте «орта» болуы қажет. Ортамен шетелге шығу таным-түсінікті, білімді арттырады.
– Өткенде ғана Түркияға барып қайттық. Әрине, ол сапарға Марғұлан Сейсембаев үшін бардық. Тәжірибе алмастық. Ол жаққа 120 кәсіпкер барды. Оның ішінде «кәсіпкерлер», бизнеследилер болды. «Тағам» асхана желісінің басшысы Жеңіс ағамен кездесіп, сөйлесуді бұрыннан қаладым. Осы сапарда жүздесудің сәті түсті. Еркін форматта әңгімелесіп, пікір алмастық. Түркия сапарында неше түрлі кәсіпкерлермен кездестім. Әрине, 120 кәсіпкердің бәрімен сөйлесіп шығу мүмкін емес.
Сапарластарымның қатарында екі жүз теңгелік кітапша сатып, миллиардер болған кәсіпкерді көрдім. Шынымды айтсам, таңданысымды жасыра алмадым. Кәсіпкердің сөзінше, жай ғана сата білу керек екен. Осындай кәсіпкерлердің ортасынан қалмау керек. Әрдайым кездесулерге барып, пайдалы ақпарат жинап қайтамын. Сонымен қатар, үлкендермен араласу ой қабілетіңізді арттырады. Психологпен жұмыс істеу керек. Кәсіпкерлердің психологиясында «травмалар» бар. Неге десеңіз, олар сандарды қабылдай алмайды, – деп өз ойымен бөлісті.
Қаржыны дұрыс жұмсай білу керек
Ол бұрын таргетпен айналысқан. Кәсіпкердің сөзінше, Қазақстанда 100-ге жуық таргетолог бар. Ал SMM, копирайтерлердің саны 100-ге жетпейді. Мобилографиямен тұрақты түрде айналысатындардың саны 300-дей болып қалады екен.
- 250 мың тауып жүрген кездер болды. Сөйтіп жүргенде миллионға қолым жетті. Ағаларымды ментор ретінде пайдаланып, қаржыны қалай жұмсау керектігін сұрап аламын. Олар маған аянбай кеңес береді. Ағаларым компанияға ақша салып, кэш жинауды үйретті.
Оның жылжымайтын мүлік сатумен айналысып көру жайлы ойы болған. Дегенмен нарықта баға арзандап кетуі мүмкін деген болжамын алға тарты.
20 пайыз ақшаның құнсыздануын, адамның бас-басындағы 2-3 үйді есепке алсақ, жылжымайтын мүлікті сатумен айналысу тиімсіз екен. Мысалы, 10 миллионның үйі 13 миллионға өседі. 20 пайыз ақшаның құнсыздануын есепке алсақ, үстінен миллион ғана пайда көреміз. Ал машинаға сұраныс жоғары, – дейді ол.
Неше түрлі нишалар бар екен. Мысалы, фитнес орталықтағы табыс 40 пайызды құрайды екен. Бізде кейде 12, 5 пайызға дейін түсіп кеткен еді. Нарықтағы бағамен есептесек, бұл қалыпты жағдай. Басқа кәсіпкерлер бізге салық төлемейтін бизнес модель табуды ұсынды. Бәрібір ашық компания болу керек. Біз алғашында салықты дұрыс төлемейтін едік. Әрқайсысымыз жеке кәсіпкерлік (ИП) аштық.
Үлкендермен кеңесіп, тәжірибе алмасыңыз
Getcontact-ты шығарған адаммен кездестік. Ол менің серіктесімнің танысы екен. Бір-бірін сырттай таниды. Getcontact-ты ойлап тапқан жігіттің сөзінше, ақша айналымы 5-6 миллион екен. Ал біздің табыс миллиардтарды құрайды. Ол менің серіктесіме қалай озып кеттің деп таңқалды. Менің серіктесім мұның бәрі үлкендермен араласып, ойлау қабілетімді арттырумен байланысты деп жауап берді.
Мақсат Сайлау – программист. Дегенмен, ол курс сатуды қалайды. Оның қалауы – аудиториясындағы мыңдаған адамға білім беру. Негізінен, бұл – ең тиімсіз тәсіл. Одан да 100 адамды оқытып, ішінен ең мықты 10 адамды таңдап алып, солармен жұмыс істеген жақсы, – дейді Мақсат Сайлау.
Аружан Смағұлова, арнайы Isker Tilshi үшін
***
Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды.
Isker Tilshi тобы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.