"Даяшылық маған "ешқашан" деген сөзді айтпауды үйретті": Shipa Aktobe орталығының жетекшісі түйгендерімен бөлісті — TilshiNews

«Даяшылық маған «ешқашан» деген сөзді айтпауды үйретті»: Shipa Aktobe орталығының жетекшісі түйгендерімен бөлісті

Ерекше маркетинг құралдарын пайдалана отырып, ақтөбеліктер арасында сұранысқа ие бола бастаған Shipa Aktobe орталығы басшысы Асау-Барақ Өмірбек Isker Tilshi басқосуының кезекті қонағы болды. Бүгінде еліміздің, өңіріміздің танымал адамдары арасынан клиенттер базасын жинап үлгерген жас кәсіпкер осы бизнеске қалай келгені жөнінде егжей-тегжей айтып берді.

Асау-Барақтың негізгі мамандығы құрылысшы. Алайда, әр салада бағын сынап көреді. Ол үшін Алматыны бетке алған жас жігіт сауда-саттықпен айналыса бастайды. Бірде автоқосалқы бөлшектер сату орталығында да еңбек етеді.

«Құрылыс мені о бастан тартпады. Адам өзіне ұнайтын іспен айналысу керек. Сатушы болып тұрған кезде тым ұялшақ едім. Адамдармен араласуды былай қойғанда, танымайтын адаммен екі ауыз сөйлессем, ұялып, қызарып кетемін. Сол жерден сауда уәкілі болып ауыстым. Саудада 3 жылдай жүріп, кетіп қалдым», – деп еске алады Асау-Барақ.

Күзетші болып нәпақа тапқанын да жасырмаған кейіпкеріміз бірде ыңғайсыз көріністің куәсі болады.

«Күзет қызметінде жүргенімде өзімді артта қалғандай сезіндім. Бейдж тексереміз ғой. Бір жақсы адам рұқсатнамасын ұмытып кеткен. Қасымдағы күзетші «ол болмаса кіргізбеймін» деп отырып алды. Ал ұмытып кеткен қызметкер ашу үстінде біраз ауыр сөздер айтып тастады. Әңгіменің төркіні «осы жұмысыңда ешқандай перспектива жоқ, осы күйде қаласыңдар» дегенге саяды. Бұл сөздер маған айтылмаса да, көңіліме алып қалдым. Намысыма тиіп кетті. Бір аптадай сүйретіліп жүріп күзеттен де кеттім», – дейді ол.

Асау-Барақтың үлкен қалаға баруына үйіндегілер қарсы болады. Дегенмен, ата-анасының келісімін алып, Алматыға жол тартады.

«Былтыр наурызда Алматыға тартып кеттім. Қаланы дұрыс білмеймін. Ұзын көшеге түсіп алдым да, көшенің бойындағы барлық-дерлік дәмхана, мейрамханаларға бас сұғып, жұмыс сұрадым. Екінші күн дегенде жұмыс та табылды. Пиццериядан бір шықтым. Араға үш ай салып, аспаздың көмекшісі атандым. Тағы екі ай өткенде толыққанда аспаз атандым. Өз алдына бір пиццерияға жауапты болдым», – дейді ол.

Үлкен қалаға арман қуып емес, өзін табуға келген жас жігіт аспаздықпен шектелгісі келмейді. Бірде достар арасында массаж туралы әңгіме өрбиді. Ойына түйіп қойған Асау-Барақ массаж бизнесі, оны үйрену жолдарын іздей бастайды. Оған дейін кейіпкеріміз ондай оқудың болатынынан бейхабар болса керек.

«Мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын. Бірақ іштей ойланып қалдым. Бөлмеме барып жарнама сайтынан оқытатын адамдарды іздеп көрдім. Шынымен бар екен. Айлығымды алған бойда оқуға жараттым. Оқуым 10 күн еді. Әр күнін тағатсыздана тостым. Тіпті, ұйықтамай таңды атырған кездер болды. Толқыныс, қобалжу болды. Мен өзіме керегі осы сала екенін түсіндім», – дейді Асау-Барақ.

Алайда, жас жігіт 10 күн емес, 2 ай бойы тренердің қасында жүріп, саланың қыр-сырын меңгеріп шығады. Оқығанын тәжірибеде пайдалану үшін жарнама парақтарын жасап, подъездерге жапсырады. Кушетка алып үйінен массаж жасай бастайды.

«2018 жыл еді. Бұл кезде мен әлі де пицца жасап жүргенмін. Пиццериямыз банкрот болып, жұмысшылар жұмысшылар қысқарып қалды. Мені де жұмыстан шығарып жіберді. Тұрақты кіріс болу үшін үйге жақын жердегі кафеге даяшы болып жұмысқа кірдім. Ол мен үшін ең ұят жұмыс еді. Өзіме талай рет «жұмыссыз қалсам да даяшы болмаймын» деп уәде бергенмін. Бұл жұмысым маған «ешқашан» деген сөзді айтпауды үйретті. Күнім соған қарап қалды. Мәзірді жаттай алмай жүрмін, ойым бөліне береді. Админстратордың сөйлегенін көтере алмаймын. Массажға да адам келмей жатыр. Бәрі қабаттасып кетті. Бір қуысқа отырып алып, екеуінің біреуін таңдауым керек деп шештім. Отырып біраз ойландым. Өзімнен сұрадым. Әлі күнге дейін есімде. Мен сол кезде алжапқышымды шештім де ешкімге ештеңе айтпастан «өзім жақсы көретін істі қолыма аламын» деп кетіп қалдым», – дейді ол.

Алматыда көмектесетін ешкімі жоқ Асау-Барақ салондарына телефон соға бастайды. Жаңадан ашылған бір салонға жұмысқа орналасады.  Өзі идея айтып, оны өзі жүзеге асырып көреді. Көшеге шығып брошюра таратып жүреді.

«Бірге оқыған қыз моншада жұмыс барын айтты. Алматының шет жағында екен. Сол жерге кіріп кеттім. Ақшаның «дәмін тата бастадым». Бірге оқыған бір-екі қызды қасыма 50 де 50 қылып отырғызып қойдым. Үшінші қабатта тағы бір кабинет бос тұр екен. Сол кабинетке шугаринг оқытып, тағы бір қызды қойдым. Бұған дейін шугаринг сұрағандар көп болған. Қажетті құрал-жабдықтарды алып, оқуының жарты ақшасын төледім. Ішімнен «бизнесмен бола алады екенмін ғой» деп қоямын», – дейді ол.

Бірде танысым «элита» ғана жүретін жерде жүмыс істегенін, қазір ол жерде жаңа команда жасақталып жатқанын айтады.

«Бәрін тастап сонда кеттім. Массаж жасайтын адамдары толық екен. Әкімшісі «парильщик» болып кіріп ал» деді. Келістім. Әкімшімен жақсы араласатын едік. Аяғымды күйдіріп алып жұмысқа шықпай қалғанда көмекші қылып шақырды. Ол менің массаж жасай алатынымды білмепті. 3 ай өткенде ғана бұрын жұмыс жасағанымды айтып бердім. Ол мені оныншы массаж жасаушы қылып қосып қойды. Жай сертификат емес, оқығаныңды растайтын диплом алуымыз керек болып бір орыс кісіден 3 ай массаждың қыр-сырын үйрендік», – деп еске алады Асау-Барақ.

Барлығы оңалып, ортаға енді сіңіп келе жатқанда Ақтөбеге қайту керек болады. Келгесін де бос жүргісі келмеді. Футбол клубына орналасайын деп жүргенде карантин басталып кетті. Бұйырғаны болар деп, бір апаймен бірлесіп, орын жалға алады. Апай хиджама жасайды, ал Асау-Барақ массаж қызметін көрсете бастады.

«Апам хиджаманың қандай пайдасы барын айтып отыратын. Ақылын аямады. Үйленгеннен кейін тойдан түскен ақшаның 100 мыңына хиджама курсын да оқып алдым. Кабинет алдым. Бастапқыда, әрине, кіріс аз болды. Ғимараттың иесі аренда ақысын 50 пайызға төмендетті. Табысым жақсара түсті. Күніне кем дегенде 20-30 мың, жақсы күндері 80-100 мың теңге тауып отырдым», – дейді ол.

Кәсіпкер массаж салонының жұмысын жүргізу үшін тек «қолдың ептілігі жеткіліксіз» дейді. Сата білу қабілеті, адамдармен тіл табыса алу, тіпті психолог та болу керек деген пікірде.

Иә, клиенттерге жеңілдік, бонус, сыйлық деген нәрселер ұнайды. Бірақ біздің жұмыстағы басты міндет – келген адамның көңілін жайландыру. Аурудың себебі – тек физиологиядан болмауы мүмкін. Психосоматика деген бар. Мүмкін психологиялық жағынан әлсірегендіктен денсаулығы сыр беріп, белі бүгіліп кеткен болар. Келген адам риза болса, ол – жеңіс.

«Осылай кредитсіз, жаймендеп кәсіп аштым. Бірден үлкен нәрсеге жүгіну қате. Қолда бармен көру керек. Миллиондаған несие алып оны қайтара алмай жүргеннен жақсы. Ішкі бір кертарпалық болғанын жасыра алмаймын. Бірақ «уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – желқайық, жүзесің де өтесің» деген бар. Қазіргі таңда 4 адам болып жұмыс жүргізіп отырмыз. Бағаны бірқалыпты ұстап тұруға тырысамын. «Вип», «вип емес» деген жоқ. «Адамдарды бөлмеу керек» деген жеке принциптерім бар. Бастысы – кішкентай қадамдармен үлкен мақсатқа жетуге болатынын естен шығармау керек», – дейді кейіпкеріміз.

Арай Қасым, арнайы Isker Tilshi үшін 

***

Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды.

Isker Tilshi тобы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған