«Жалған ұран айтып, өтірік уәде бере алмаймын»: депутаттыққа үміткер Жаңалық Ахаш жоспарларымен бөлісті — TilshiNews

«Жалған ұран айтып, өтірік уәде бере алмаймын»: депутаттыққа үміткер Жаңалық Ахаш жоспарларымен бөлісті

Ақтөбе облысындағы тілшілердің арасынан биылғы сайлауға Жаңалық Ахаш та түсіп жатыр. Жиырма жылдан аса журналистика саласында қызмет етіп жүрген оны көпшілік «КТК» телеарнасы арқылы таниды. Қайнаған жаңалықтардың ортасында жүретін журналист қоғамдық жұмыстардан ешқашан тыс қалған емес. Ақтөбе қалалық мәслихатына депутат болуға талпынып жатқан әріптесіміздің жоспары да жетерлік.

«Осы сайлауға қатысуға он ойланып, жүз толғанып шешім қабылдадым. Тіркеу туралы куәлікті де соңғы күндері алдым. Ешқандай партияда жоқпын. Жалған ұран айтып, өтірік уәде бере алмаймын. Осы уақытқа дейін депутат болмай-ақ та Ақтөбенің өзекті мәселелерін көтеріп, әкімдіктегілер мен құзырлы мекемелердің назарын аудартып жүрген журналиспін. Бірақ, мәселе көтеру мен ақпарат таратудан бөлек, оның шешілуіне де атсалысу қажет. Сондықтан мәслихатқа баруды жөн деп шештім. Әріптестерім де, тұрғындар да хабарласып, сайлауға қатысуыма дем берді. Онымен қоса көпшілік мәслихаттың жұмысынан бейхабар болып жатады. Онда не талқыланып, қаланың дамуы үшін қандай шаралар қабылданып, бюджеттің қалай бөлініп жатқаны туралы көп айтылмайды. Ал мәслихаттың жұмысы жұртқа әркез жария болып отыруы міндет. Журналистің депутат болғанынан тұрғындар ұтылмайды», — дейді Ақтөбе қалалық мәслихатына №26 округтен сайлауға түсіп жатқан кандидат Жаңалық Ахаш.

Жаңалық Ақтөбе облысының Шалқар ауданы Шілікті ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы Тоғыз орта мектебінде негізгі білім алып, кейін Ақтөбе қаласына келеді. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенінде-ақ журналистикаға араласты. Қазақ-түрік лицейінде білім алып жүріп, облыстық телерадиокомпанияның «Рауан» радиосына жұмысқа тұрды. Жаңалықтың дарынды, сөзге шебер екенін сол кездегі ағалары бірден таныған болу керек, тіпті мектеп бітірген аттестаты болмаса да, тілші етіп қызметке алды.

«Рауан» жабылғаннан кейін, Жаңалықты «Тандем» радиосының басшылығы аттай қалап, жұмысқа шақырды. Кейін «Тандемнің» Атыраудағы филиалының атқарушы директоры, жаңадан ашылған «Керек инфо» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. «Ақтөбе» телеарнасының жаңалықтар қызметіне жетекшілік етті. Соңғы 15 жылда «КТК» телеарнасының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.

«Ел «КТК-дағы Жаңалық Ахаш» деп танып жатады. Оның өзі үлкен абырой, зор құрмет. Мәселесі болса күні-түні хабарласатын тұрғындар көп. Жұрттың қадесіне жарап, біреуге керек болғанның өзі не тұрады? Осылай сенім білдіріп жатса, сен де тыныш отыра алмайсың. Сенімді ақтау парыз. Мүмкіндігің келгенше сол мәселені шешуге тырысасың. Осы күнге дейін шамамның келгенінше ел мүддесі үшін жұмыс істедім. Депутат бола қалсам да сол ұстаным. Осы сайлауға №26 округтен түсіп жатырмын. Оған Заречный-1,2,3 тұрғын үй алаптары мен Лесхоз ауылы кіреді. Ақтөбенің қай ауданы болмасын, мәселесін бес саусақтай білемін. Бірақ өзім тұратын аумақтан сайлауға түсуді жөн деп шештім. Осы жақта да мәселе жетерлік. Басың ауырып, балтырың сыздаса ең алдымен дәрігер іздейсің. Ал Заречный-2 тұрғын үй алабында амбулатория атымен жоқ. Тұрғындар не қалаға, болмаса Заречный-3 шетіндегі шағын емханаға барады. Ол жаққа автобус қатынамайды. Ал Лесхоз бен Заречный-3-тің шетінде тұратындар үшін орта мектеп керек-ақ. Ондағы балалар көрші тұрғын үй алаптарындағы білім ошағына қатынап оқиды. Заречный-1 орталығында мектеп салынады деген алаң болды. Кейін ойын алаңы деді. Сонымен ол мәселе де қалды. Жол жайы жыл сайын айтылады. Ал көшелерді жарықтандыру мен иесіз ит мәселесі де өзекті. Бұл айтқан проблемаларым Ақтөбенің барлық аудандарына да қатысты. Мұны жаңалықтарға түсіріп, телеарнадан да айтып жүрмін. Енді әкімдіктің мінберінен де айту үшін сайлауға бара жатырмын», — дейді Жаңалық Ахаш.

Материал ✓26 сайлау округі бойынша Ақтөбе қалалық мәслихатына кандидат Ахаш Ж.Ш. тапсырысы бойынша республикалық бюджет қаражатына әзірленді.

2 Comments

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *