
Ербол Мирманов Қандыағашта туып өскен. Кезіккен қиындықтарға қарамай, тез шешім қабылдай алатын қабілеті бар. Жіберген қателіктерінен сабақ алып, аз уақытта үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Тәуекелге бел буа біледі.
Isker Tilshi кездесуіне келген жас кәсіпкер Ақтөбедегі еңбек жолы мен Дубайдағы бизнесі жайлы, бизнестегі бауырларымен қарым-қатынасы, шешім қабылдау, үнемі ізденісте болу керектігі жөнінде тарқатып айтып берді.
Ербол – Ақтөбедегі My Bro барбершоп пен осымен аттас халал ет дүкендері желісінің негізін қалаушы. Сонымен бірге, бүгінде Дубайдан Қазақстанның барлық қаласына көліктер жеткізумен айналысады.
Назарларыңызға Isker Tilshi отырысында болған әңгімені ықшамдап ұсынамыз.
«18 жастағы балаға көлік алып беру – дұрыс емес»
– Қандыағашта туып өстім. Сонда мектепке бардым. Отбасым қарапайым. Ортам да қарапайым болатын. 2006 жылы облыс орталығына қоныс аудардық. Бастапқыда өзімді қолайсыз сезіне бастадым. Жұрттың баласы өздерін басқаша ұстайды, сөйлеуі де басқа, киім киюі де басқаша. Өзімді артта қалғандай сезіндім. Басқалардан қалып қойған сияқты күй кештім. Орта мектепті тәмамдаған соң қайда барамын, не істеймін деген сауал мазалай бастады. Гранттан үмітім болмады, оны мойындаймын. Құжаттарымды сырттай бөлімге тапсыратын болдым, – деп еске алады жас кәсіпкер.
18 жасында Ерболға ата-анасы көлік алып береді. Содан бозбала тек бір күнін ойлайтын жағдайда болғанын жасырмайды. Айтуынша, ішкі эгосы әбден “өсіп” кеткен. Қазір ғой, кәсіпкер жігіт басқаша ойлайды. «18 жастағы балаға көлік мінгізу дұрыс емес» деген әңгіме айтады.
Мейрамхана әкімшісіне бағынғысы келмеген даяшы
Алғашқы жұмыс орнын анасы тауып береді. Мейрамханада даяшы болу керек екен. Алайда, ауылда еркін өскен бозбала тамақтану орнында қонақтарға қызмет көрсетуден қысылады. Бар ойы – ер жігіт «ұялмай істейтін» жұмыс – такси жүргізушісі болу. Алайда, анасының «даяшы болып көр, ұнамаса, тастап кетесің» деген уәжіне құлақ асып, даяшылыққа кірісіп кетеді.
– Ақтөбеде «Мегада» мейрамханада жұмысқа кірісіп кеттім. Даяшылардың әкімшіге бағынатынын қайдан білейін, бір сөйлегеннен-ақ сөзін көтере алмай, тырысып қалдым. Мінезімді көрсеттім. Сол кезде өзім әлі сынақта жүр екенмін. Апта соңында барлығымызды жинап алып, жұмысқа қабылданған-қабылданбағанымызды хабарлайды. Мені қабылдапты. Бірақ… даяшы етіп те емес! Даяшының көмекшісі болып шыға келдім. Себебі, мен ас мәзірін жатқа білмейді екенмін. Бұл маған белгі болды. Мейрамханадағы әр түрлі елдердің тағамдары көрсетілген мәзірді бір аптада жаттап алып, даяшылыққа көтерілдім. Сол қызумен мейрамханада қатарынан 2 жыл жұмыс істедім. Артқа қарап, ойланып отырсам, сол кезден-ақ біраз тәжірибе жинап үлгерген екем. Бір күні бір отбасы келіп 55 мыңға тамақ ішіп кеткенін көріп, аузымды ашып қалдым. Ол сома – менің бір айлық еңбекақым еді. Кафеден таңғы ас ішу дегенді де сол жерде алғаш білдім. Даяшы болып жүріп, кәсіпкерліктің шет жағасын енді сезіне бастадым. Сату, адамдармен қарым-қатынас дегеннің алғышартын сол жерден үйреніп шықтым, – дейді Ербол.
«Жігіті даяшы екен» деп қалай таныстырады?» – Ерболды толғантқан сауал осы!
– Мен 26 жасыма дейін жұмыссыз болыппын. Әр жерде істеп жүргенім болмаса тұрақты жұмысым болмапты. Үйленер алдында ғана ойлана бастадым. Ертең мені «жігіті даяшы екен» деп қалай таныстырады? Мамаларым «той жасаймыз» деп отыр. Жиған-тергенім сонда кетті. 500 мыңдай ақшам қалды. Отырып алып ютубқа «Немен айналысуға болады?» деп жазып, іздене бастадым. Арасында барбершоп дегенді көзім шалды. Көп ойланбадым. Көңілім ауды.
Оның алдында басқа шаруалармен жүгіріп көрдім. Аузым күйген кездер болды. Содан барбершоптың оқуын оқып, жұмысқа қаламын деп шешім қабылдадым. Оқу аяқталды. Жұмысқа кірісіп кеттім. Алайда, араға айлар салып, ойым өзгере бастады. Маған барбершоптағы жұмыс ұнады, бірақ, одан да жақсы дүниелер іздей бастадым.
«Алғашқы инвестициям – 10 сүлгі еді»: Соңғы 3 000 теңге – үлкен бизнестің бастауы ма?
– Тойыма бір ай уақыт қалғанда жұмысты тастап кеттім. Соңғы айлығыммен несиемді жаптым. Сенесіздер ме, қалтамда небары 3000 теңге қалды. Бір айдан кейін той. Енді не істеймін? Жарнамадан қыз-келіншектер салонын тауып алдым. Жалдау құны 150 мың теңге екен. Телефон соғып бағасын 120 мың теңгеге түсіруін өтіндім. Келіскендей болды. Енді оған ақша табу керек.
«Шаш қиюға үйретемін» деп хабарландыру бердім. Көп ұзамай екі жігіт телефон соғып, оқу ақысын сұрады. Ал менің ойымда жалдау ақысын шығарып алу ғана тұрған. Ол екеуінен 60 мыңнан алдын ала ақшасын алып, мана айтқан сұлулық салонын жалға алдым. Ол жерде сүлгіден басқаның барлығы болды. Базарға барып, қалтамдағы соңғы 3000 теңгеге барбершопқа қажет 10 сүлгі сатып әкелдім. Бұл менің алғашқы инвестициям еді.
Ерте келіп өзім еденін, сүлгілерді жуып қоятын едім. Шаш қиып, одан түскен ақшаға барбершопқа кішкентай болса да зат сатып ала бастадым. Араға жыл салып, ол жердегі бизнесті 3 миллионға сатып жібердім.
«Үйрену үшін жетістікке жеткен адамның қасында жүру керек»
Кәсіпкер Ербол Мирманов «әр істі бастағанда сол істі жақсы меңгерген, сен көрмеген дүниелерді көре алатын бір адамның жаныңда жүргені жақсы» деген пікірде.
– Қазіргі жұмыс орнымды ашқаннан кейін бірден армандаған 10 кресломды сатып алдым. Сосын ментормен жұмыс жасай бастадық. Көп көмегі тиді. Қазірдің өзінде серіктес ретінде пікір алмасып отырамыз. Ол уақытта инстаграмның жүріп тұрған кезі еді. Ойындар ойнатып, көпшілікті тартуға тырыстық. Google, 2GIS, инстаграм, тіпті тиктокқа дейін аштық. Әрқайсысының өз көрермені, контенті бар, – дейді ол.
Ербол соңғы үш айда маркетингті толығымен тоқтатқанын айтады. Желідегі жұмыс парақшалары әлі де бар. Бірақ ешқандай контент ұсынылмайды. Десе де бұған дейін жасалған жұмыс әлі де нәтижесін беріп жатыр.
– Қазір айына 1100-1200 адамға қызмет көрсетіп отырмыз. Егер алдағы айларда маркетинг іске қосылмаса біз клиенттерімзді жоғалта бастауымыз мүмкін. Бірақ, бұған дейін жасаған жұмыстың арқасында сатылым деңгейі бірқалыпты. Кәсіп бастар алдында бір нәрсені білуіңіз керек. Идеальды бизнес модель жоқ. Франшиза сатып алып, дәл солай жүріп кетеді деп ойлау қате. Егер бастаған ісіңіз өрге баспаса, демек өзіңізге дәл келетін бағытта емессіз, немесе сай келетіндей етіп жүргізе алмай жатырсыз. Бәрі қателеседі. Бастысы – өзіңді таба білу емес, үнемі даму үстінде болу, – дейді ол.
«Қызметкерге сен бермеген мүмкіндікті басқа орта бере алады»
Барлық істің артында үлкен команданың күші жататыны бүгінде ешкімге таңсық емес. Тек басшылық қол астындағыларды өсіруге асықпайды. Оған себеп – маманын жоғалтып алуға деген қорқыныш болуы мүмкін.
– Қазір кеңес заманы емес. Ешкімді күшпен ұстап тұра алмайсың. Тек өзіңді ғана емес, қызметкерлеріңді де дамытып, оларды шабыттандырып отыруың керек. Бір қызметкер кетсе, оның артынан бес адамға мүмкіндік ашылады. Сен оларды дамытпасаң, басқа мүмкіндік ұсына алатындардың командасына қосылатынын да естен шығармау керек, – дейді Ербол.
Көптің көңілінен шығу, әрине, оңай емес. Ерболдың да командасындағылардың бір-бірімен келіспей қалатын тұстары болады. Бұл ретте басшылықтың қол астындағы қызметкерлеріне дұрыс жол сілтей алуы да маңызды.
«Менімен болған жылдары үшін үстемақы қойдым»: Ербол команданы қалай сақтап отыр?
– Жаңа меңгеруші тағайындалды. Ол бір жыл бұрын ғана келген. Ал менің командамда бес жылдан бері жұмыс жасап жүрген мамандар бар. Олардың кеше келген адамға бағынғысы келмеуі түсінікті нәрсе. Біз топтарға бөліп, әр түрлі идеялар жинақтауды сұрадық. Өзара келіспейтін адамдарды бір топқа біріктірдік. Олар бірге жұмыс жасап, үздік идеяларды алып келе алды. Біздің тараптан сол идеяны жүзеге асыру оларды жігерлендіре түседі. Бұл мотивация тағы бір айға жетеді. Осылай үнемі шабыт беріп отырмаса, бірсарындылық жалықтырып жібереді. Шаштараз оқытатын академия аштық. Тегін оқытып, келісімшарт арқылы 2 жыл жұмыс жасауға немесе ақшасын төлеуге келісетін едік. Қазір менімен бірге жұмыс жасаған әр жылы үшін пайыздық үстеме қосып отырамын. Үш жылдан кейін үлескер болуы мүмкін. Бес жылдан кейін бөлек шығарамын.
«Бизнесіне ақша салып көрмеген адамға инвестиция салғым келмейді»
Кәсіпкердің тәжірибесінде жақындарына да сәтсіз инвестиция салған кездер кездескен.
– Келіншегіме дүкен ашып бергем. Жүріп тұрған кәсіп болғанымен қарайтын қол жетіспеді. Сатып жібердік. Туған інім өзі келіп идеясын айтып, оған көмектсеуге тырысып жатырмын. Жақындарыма көп ақша салдым ғой. Бірақ өкінбеймін. Өмірден бар нәрсені алып кете алмайсың. Жақсы ұрпақ пен жақсы іс қалдыруың керек. Сен үйреттің ғой. Оған ақша бермесең де, өміріне азық болатындай тәжірибе беріп кеттің. Оның бағасы қашан да жоғары. Жалпы өз басым өздігінен талпынып алғашқы ақшасын салып көрмеген адамға салым салғым келмейді. Себебі, бір тиын құртып көрмеген адам ақшаның қадірін біледі деп ойламаймын. Өзі 100 мыңнан болса да, бастап көріп, ниеттенуі керек. Сонда оның тәжірибесі бар екеніне сенуге болады.
«Жастарға «саған ешкім бірдеңе беруге міндетті емес» дегенді сіңіру керек»
Жастар өсіп келе жатыр. Санасына «ешкім саған ештеңе беруге міндетті емес» дегенді сіңіру керек. Дипломды қалтаға басып алып, «маған бер» деу қате. «Білім керек емес» деп те айта алмаймын. Мен оқымадым. Бірақ енді оқуым керек. Білімсіз ұзаққа шаппайсың. Мен де бастапқыда кітап оқымай, көкірек керіп жүргем. Өмір сабама түсірді.
«Біздің шыңымыз олардың табалдырығымен бірдей»
Ербол Мирманов бүгінде Дубайда бизнес жүргізеді. Себебін жаңа биікті бағындырумен байланыстырды.
– Жаңа ойыншылар жоқ. Сенен де мықтыларды көрген сайын өсіретін бәсеке болады ғой. 7 адамнан тұратын командам бар. Көлік тасып жүргенімізге бір жыл болады. Екі жақ екі бөлек әлем. Қыдыру бөлек, бизнеспен барған бөлек екен. Мен жеттім деп жүрген биік олардың табалдырығы іспетті. Бірінші өзім барып көлік сатып алдым. Күтіп алып жүрген жігіттермен бірігіп жалғастырғым келді. Бұл да өзіме берілген белгі ғой, – дейді ол.
Жеке брендті қалыптастырып үлгерген кәсіпкер «бизнес – өмір салты» деген ұстанымда. Оның ойынша, кәсіп саған өмір бойы қызмет етуі үшін үнемі дамытып отыруың қажет.
– 30 жасқа дейін барлығын дамытып алу керек. Одан кейін де тоқтап қалуға болмайды. Тек бағытты өзгертіп тапқаныңды инвестиция мен қайырымдылық сияқты үлкен істерге жұмсау керек. Тағы бір өте маңызды нәрсе бар. Ол – отбасы. Отбасыңа сенің қанша ақша тапқаның, жетістігің маңызды емес. Оларды қамтамасыз ету – онсыз да сенің міндетің. Жанұяңа керегі – сенің көңілің, махаббатың. Ақшаның артына түсіп, соны естен шығарып алмау керек.
Арайлым Қасым, арнайы Isker Tilshi жобасы үшін
***
(редакциядан: мәтінде қандай да бір қате байқасаңыз, хабарлаңыз!)
Құрметті оқырман! Айтары бар, маркетингі ерекше, бизнесті адам қызығарлықтай жүргізіп отырған, жаңадан іс бастап жатқан жастарға ақыл-кеңесін айта алатын кәсіпкерлер болса, Isker Tilshi командасына хабарлауыңызға болады! Сапалы контентті бірге жасайық!
***
Бұл контент Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды.
Isker Tilshi тобы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.