Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған танымдық шара өтті — TilshiNews

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған танымдық шара өтті

«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» тақырыбында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған тарихи-танымдық шара өтті, деп хабарлайды музейдің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов. Шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, оқушылар мен студенттер қатысты.

Шара барысында жиналған қауым музей қызметкерлері әзірлеп және Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектеп пен М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің оқушылары қойған «Қазақ» газеті — 1918 жыл» атты сахналық көрініс пен музей қорындағы экспонаттардан жасақталған «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі тұрмыстық бұйымдар» атты көрмені және аталған басылымның алғаш жарыққа шыққаны туралы шағын бейнесюжетті тамашалады.

Музейдің бөлім меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан жүргізген шарада Қазақстанның Құрметті журналисі Идош Асқар, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов, облыстың мемлекеттік архивінің жетекші ғылыми қызметкері Думан Сарбаев, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, қалалық жас туристер стансасының қосымша білім беру педагогы Диляра Ысқақ сөз сөйлеп, тарихы тағылымды «Қазақ» газетінің еліміздің баспасөз саласында алар орны ерекше екенін айтып, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Музей директоры Мейрам Дүйсенғали шараның маңыздылығына тоқталып, Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектеп, М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебі және А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясы оқушылары мен аталған білім ордаларының басшыларына Алғыс хаттар табыстады.

«Тілші-ақпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған