
Ақтөбелік жас өнерпаз Рахат Төрежан былтыр Қанды қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған Айкөркем Мелдехан мен барша қаңтар оқиғасының құрбандарына арнап ән жазып, бейнебаян түсірді, деп хабарлайды «Тілші».
«Қаңтар оқиғасы кезінде кішткентай қыз баланың көз жұмғанын білеміз. Кейін мурал пайда болғанда жүрегіміз езіліп кете жаздады. Өнер адамы ретінде бір туынды арнағым келген. Идея бұрыннан бар. Бірақ, ән жазудың реті келмеді. Бір күні студентім жазған әнін тыңдатты. Бірден ойыма сөз иірімдері келе бастады. Студентімнің рұқсатымен әнге сөз де жаза бастадым», – деді Рахат Төрежан «Тілшіге» берген сұқбатында.
Рахат бүгінде Ақтөбе гуманитарлық колледжі жанындағы театр үйірмесінің оқытушысы. Мәтінді өзі жазған, әні – студенті Бекзат Жарқындыкі.
«Видеоны Ақтөбедегі «Текемет» деп аталатын өнер алаңының қыз-жігіттеріне тапсырдым. Жастардан құралған топ мен ұсынған идея бойынша мағыналы бейнебаян түсіріп шықты. Алғашында аузымды «қаңтар» деген жазумен жабуым керек болатын. Жастар жағы, керісінше, «қаңтар туралы айтылу керек» деген оймен, жазуды алып тастау керек деген ой тастады. Видеодағы кішкентай қыз Жансая Асанова – Айкөркемнің прототипі», – деп еске алады түсірілім барысын Рахат.
Автордың пайымынша, бұл туынды Айкөркемнің, жалпы барша Қаңтар оқиғасы құрбандарының рухына бағышталады.
Айта кетейік, 4 жасар Айкөркем Мелдехан былтыр қаңтарда оққа ұшқан болатын.
Асқар Ақтілеу, «Тілші»