
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытынан (Қазақстан — Қытай бірлескен кәсіпорны) Қытайға AFA 3G ТМ дизайнындағы жаңа ядролық отын – жылу бөлетін құрамалардың (ЖБҚ) бірінші партиясы жеткізілгенін хабарлайды.
Бір қайта жүктеу көлеміндегі (30 тоннадан астам төмен байытылған уран) ЖБҚ орналастырылған 34 көліктік-орау контейнерлері бар теміржол платформалары мамандандырылған күзетпен бірге Қытайдағы атом электр станциясына жеткізіліп, түпкі тұтынушы – Қытайдың CGNPC-URC ядролық корпорациясы қабылдап алды.
«АЭС үшін ядролық отын өндіру жөніндегі инновациялық жобаны іске асыру – Компанияның әлемдік климаттың өзгеруінің салдарын жұмсартуға және төмен көміртекті даму жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізуге қосқан үлесінің мысалы. «Үлбі-ЖБҚ» зауыты Қазатомөнеркәсіпке өндірісті әртараптандыруға, желіні кеңейтуге және қосылған құны жоғары жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған уран өнімдерін шығаруға мүмкіндік берді. Қытайлық серіктестерге өнімді сәтті жеткізу Қазатомөнеркәсіптің әлемдік ядролық отын нарығында сенімді және артықшылыққа ие жеткізуші ретіндегі беделін растады», — деді Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.
Жоба атом өнеркәсібі саласындағы әлемнің жетекші компанияларының табысты көпжақты ынтымақтастығының жақсы үлгісі болып табылады. ЖБҚ өндірісінде Үлбі металлургия зауытында қайта өңделген Қазақстанда өндірілген уран шикізаты пайдаланылады.
«Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытының ұжымын және Қытайдан келген серіктестерімізді осы орасан зор оқиғамен құттықтаймын. Дайын өнімді алғашқы жөнелту ЖБҚ тұрақты жеткізілімдерінің басталуын белгіледі, бұл біздің кәсіпорындар үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай үшін бейбіт атомды игеруде өте маңызды», — деді «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.
«Мен дайын өнімді өндіруге және тұтынушы – Қытай Халық Республикасына алғашқы жеткізуге қатысқан барлық әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Түпкі тұтынушы өкілдерінің қатысуымен «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ және URC-Logistics қызметкерлері командасының үйлесімді жұмысы тарихи оқиғаны жүзеге асыруға көмектесті», — деп атап өтті «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Бас директоры Арман Сүлейменов.
«Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауыты 2021 жылдың қараша айында Framatome француз компаниясының AFA 3G дизайнындағы ЖБҚ өндіру технологиясының иесі тарапынан сертификаттаудан өткеннен кейін және өнімнің түпкілікті тұтынушысы – CGNPC-URC Қытай ядролық корпорациясы тарапынан сертификатталған ядролық отын жеткізушісі ретінде танылғаннан кейін іске қосылды. Бұл атом электр станциялары үшін ядролық отын шығару бойынша Қазақстан Республикасындағы жалғыз өндіріс және 20 жыл бұрын кепілді өткізу нарығы бар. Зауыттың қуаты – төмен байытылған уранға есептегенде жылына 200 тонна.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ инновациялық өндірісінің іске қосылуы Қазақстанға атом станциялары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі шеңберіне кіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту және осы бағыттағы басқа елдермен ынтымақтастық перспективалары бойынша жаңа мүмкіндіктер ашты.
Анықтама: ЖБҚ – инженерлік құрылым, оның жақтауына жылу бөлетін элементтер (твэльдер) – уран таблеткаларымен толтырылған түтіктер орналастырылады. Бұл құрамалар АЭС үшін отын болып табылады. ТБэлдерге арналған уран таблеткаларын «ҮМЗ» АҚ дайындайды.