Ақтөбеде ең үлкен балалар алаңы салынды — TilshiNews

Ақтөбеде ең үлкен балалар алаңы салынды

Оның аумағы – 1600 шаршы метр. Ойын нысаны жаңадан дамып келе жатқан Есет батыр ауданында орналасқан. Тағы төрт ойын алаңы Тұрғындар қалашығында бой көтерді. Ақтөбе облысы әкімдігі мен ERG арасындағы Меморандум аясында «Қазхром» компаниясы бұл мақсаттарға 70 млн теңге бағыттады.

Ойын алаңдары әр түрлі жастағы балаларға арналған. Төбешіктер, ойын кешендері, шағын күркелер мен әткеншектер – мұның барлығы ыңғайлы етіп қоршалған алаңда тұр. Олардың ең үлкені Есет батыр (бұрынғы Нұр Ақтөбе) ауданында.

– Есет батыр ауданын таңдауда мән бар, – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Сергей Прокопьев. – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін көптеген қызметкеріміз сол ауданда тұрады. Екіншіден, онда балалар саны өте көп екенін білеміз. Сондықтан барлық қажетті ойын кешендері бар ең үлкен балалар алаңын салу керек деп шештік. Балалар мен ата-аналар бұл сыйлыққа қуанады деп үміттенеміз.

Айта кету керек, бұл ойын алаңы қаладағы ең үлкен алаң. Жобалау кезінде балалар қауіпсіздігі ескерілді – астына арнайы резеңке материал төселіп, жабдықтар сертификатталған.

– Біз 2013 жылдан бері осы ауданда тұрамыз, – дейді Ақтөбе тұрғыны Динара Аманғосова. – Әр аулада балалар және спорт алаңы бар. Бір кемшілігі, олар өте кішкентай, әткеншекте бес минут тербелу үшін жарты сағат кезекте тұру керек. Оның үстіне екі жасқа дейінгі балаларға аналған әткеншектер барлық алаңда бірдей жоқ. Шыны керек, өзім жұмыс істейтін ERG компаниясы осындай алаңды салып бергені жанымызға майдай жағып кетті. Қатты қуандым, ең бастысы – онда бөбектерге арналған әткеншектер бар. Бәрі егжей-тегжейіне дейін қарастырылған. Алаң өте сапалы әрі әдемі салынған.

Тұрғынқалашық үйлеріндегі аулалардың да ойын алаңдары жаңартылды. Жиналыстардың бірінде тұрғындар жаңғырту аясында осы аумаққа ойын алаңдарын да қарастыруды өтінген. Олардың өтініштері қанағаттандырылды. Қазір Маресьев, Ливенцов және Кәсіподақ көшелерінде төрт балалар алаңы орналасқан.

Жалпы Ақтөбе қаласында балалар алаңын салуға «Қазхром» биыл шамамен 70 млн теңге қаражат бөлді.

Еске сала кетейік, жақында ғана Жеңіс Аллеясын қайта құрудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Аллеяны көркейту жұмыстары шілдеде басталып, басым бөлігі қараша айында аяқталды. Компания бұл мақсатқа 92 млн теңгеден астам қаржы бағыттады. Жеңіс Аллеясын қалпына келтіру 2021 жылы басталған Тұрғындар қалашығын көркейту жобасының жалғасы саналады. Бұл ауданның тұрғын үйлерін жаңғыртуға 800 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған