Асхат Шахаров - урбанистика, Оразалин, теріс жолдағы спортшылар, кландар мен қанды қаңтар жөнінде — TilshiNews

Асхат Шахаров — урбанистика, Оразалин, теріс жолдағы спортшылар, кландар мен қанды қаңтар жөнінде

Асхат Шахаровпен кездесіп сұқбаттасқан күні әкімдік қызметкерлері оның қызметтен кетіп жатқаны жайлы бір-біріне мессенджерлер арқылы хабар таратып жатты. Ертеңіне телеграм-каналдарда оның Астанаға қызметке ауысқаны жайлы бейресми ақпарат жарияланды.

Дегенмен, әкім креслосында үш жылға жуық отырған Асхат Шахаровқа көкейдегі сауалымызды қойдық. Ақтөбе қаласының әкімі (сұқбат 24 қараша күні алынды) өз жұмысына қандай баға беретінін, спортшылармен қарым-қатынасы, қаңтар оқиғасы, халық сынына көп ұшыраған Оразалинмен жауапкершілікті бөлісу, кландарға қатысының бар-жоғы, тағы басқа сұрақтарға жауап берді.

Ақтөбеде үш жылға жуық әкім болдыңыз, өзіңізге, жұмысыңызға қандай баға бересіз?

Әр адамның өз бағыты болады. Қаланың да өз ерекшелігі бар. Соңғы он жылда Ақтөбе қатты өзгерді. Біраз өсіп қалды. Әрине, проблема да пропорционалды түрде артады. Қалаға заманауи талаптар қойыла бастайды. Халық жаһандық дәуірде жан-жақпен салыстыра бастайды.

Халықтың менталитеті деген бар. Содан кейін Ақтөбеге облыс аудандарынан ғана емес, өзге облыстардан ағылып жатқандар көп. Ақтөбе – бүгінде батыс аймақтағы ірі қала. Дегенмен, қаланың өз мүмкіншіліктері бар. Шектеусіз емес.

Біз бір жылдан астам уақыт бас жоспарды бекіту жолында жұмыс істедік. Архитекторларды жұмылдырдық. Қоғамдық тыңдау деген бар. Урбанистер қауымдастығын шақырттық. Жан-жақты талқылау болды. Бұл біздегі басты мәселе болды.

Мұның барлығын бір әкім шешпейді. Енді оны облыс әкімдігі жылдың соңына дейін жария ету керек. Маған дейін Ақтөбеде бірнеше әкім жақсы жұмыс істеді. Қаланың күнделікті жағдайы жақсы болғаны жақсы. Оның күтімі тағы бар.

Қала тұрғыны үйден аулаға шығып, аялдамаға жетіп, көлікке отырғанда көңіл күйі жақсы болуы үшін, аула, аялдама, автобустар дұрыс болу керек. Подъездің іші, ауланың жағдайы, асфальт, жарықтандыру, бейнебақылау – мұның барлығы қала тұрғынына әсер етеді. Егер олар дұрыс болмаса, адам жұмысқа барғанда ашулы болады.

Сол үшін де алдымен аулаларға кірістік. Қоғамдық көлік саласына реформа жасамасақ та, жүйелі өзгеріс енгіздік. Бағамдармен жұмыс істедік, дифференциалды тариф, электронды төлем жүйесін енгіздік , жеті саты бойынша жолаушыларға жеңілдік қарастырылды. Кәріз жүйесіне қатысты үлкен жобалар бар. Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің қарауында. Егер үкімет үйі мақұлдаса, жобаны жүзеге асыруға болады.

Жағдай бірден жақсарып кетпейді. Барлығы ретімен болатын дүние.

Урбанистика жайлы айтып қалдыңыз. Әкім кезіңізде білмедім, спортшы кезіңізде әлемнің біраз жерін араладыңыз. Қандай елді, қандай қаланы ұнаттыңыз? Жалпы, әлем қалаларынан идея алып, Ақтөбеге қосуға тырыстыңыз ба?

Әрине, урбанистика деген жақсы дүние. Бірақ, оған өте үлкен қаражат керек. Бір жерді қымбат материалмен жарқыратып қоярмыз. Бірақ, екінші осал жерімізді көрген адам екеуін салыстырады ғой. Оған үлкен қаржы керек.

Германия, Жапония секілді елдерде болдым. Маған қатты әсер еткені Будапешт қаласы. Адамның жүріп тұруына ыңғайлы қала. Ең ұнағаны – екі қаланы көпірмен байланыстырғаны, терең тарихы, ұстанымы бар. Болмысы бізге жақын мажарлар бар дегендей…

Токионы айтуға болады. Тығыз орналасқан, халыққа жағдай жасалған. Бірақ, біздің халық кеңістікті жақсы көреді.

Асхат Берлешұлы, Батыс Қазақстан облысында екі ауданды басқардыңыз. Сіз Ақтөбеге ауысарда Оралдағы атышулы «Уральская Неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова «Шахаров алты жылда ауданда тып-тыныш отырды, көпшілікке шықпады» деген сарында пост жазды. Бұл Оралдағы беделді медиа менеджердің бағасы іспетті көрінді. Сіздің тараптан реакция байқамадым.  

Батыс Қазақстан облысында тоқсан сайын орталық коммуникациялар қызметіне шығып есеп беріп отырдық. Маған қойылған сұрақтарға жауап беріп отырдым. Барынша ашық болуға тырыстым. Әрі-беріден соң аудандар орталықтағы баспасөзге көп шыға бермейді ғой.

Жақсы. Онда сол ауысуға қатысты сұрағымды қояйын. «Асхат Шахаров Нұрлан Ноғаевтың адамы», «Ноғаев Ақтөбеге өз адамдарын жіберіп жатыр» деген әңгіме тарады. Одан қалды айналаңызға Оралдың жігіттері келе бастады. Спортсмен, боксер шенділер тағайындала бастады. Жалпы, кландарда барсыз ба?  

Алып-қашпа әңгімелер ғой.

Қазір көп жағдайда алып-қашпа әңгімелер расталып жатады.

Мен спортзалдан ешкімді алып келмедім. Қалай айтуға болады? Бір бөлім басшысы келген болар. Ал, Азамат Бекетов Атырауда донор ауданды басқарған білікті әкім. Оны ел біледі, Ақтөбенікі. Ақтөбеде туып өскен соң Ноғаевтың өзі неге келе алмайды? Шынымды айтсам, БҚО-да жеті жыл жүріп, ол жерден кеткім келмей жүрді. Аудан басқарған бөлек, облыс орталығына әкім болу бөлек дүние.

Санаулы күн бұрын Ақтөбе әкімінің креслосын саудалағандарға сот үкімі шығып, бірнеше адам сотталды. Ақтөбе әкімі дегенде қазіргі кезде көз алдымызға Шахаров келеді. Бұл орынды кімдер саудалауы мүмкін? Бәлкім тергеу құпиясы болуы да мүмкін. Дегенмен…

Нақты кімдер екенін, қалай болғанын білмеймін. Естігенім – ол адамдардың Ақтөбеге қатысы жоқ.

Жалпы, кресло саудасы билік жүйесінде болуы мүмкін бе?

Жұмыс істеп жүрміз ғой, қазіргі жағдайда олай болуы мүмкін емес.

Оңдасын Оразалиннің (Ақтөбе облысының бұрынғы басшысы — «Тілші») атына көп негатив жазылды. Халық қатты сынады. Өңірдегі ахуалға қатысты көп сын естіді. Объективті тұрғыда алғанда сіз «Оразалинмен бірге жауапкершілік арқалау керекпін» деп ойламадыңыз ба? Өйткені, Оразалиннің тұсында қалада сіз отырдыңыз. 

Адамның өзіне байланысты. Баспасөз қызметінің журналистермен қарым-қатынасына байланысты. Бәлкім, осы факторлар да себеп болуы мүмкін. Маған жолыққан адамға өзім шығамын. Ыңғайлы кезде сөйлесіп, айтқанына құлақ асуға тырысамын. Баспасөз қызметім де көп жайттан хабардар етіп отырады. Ол жағынан бізде жұмыс жақсы жолға қойылған. Негізі, кім хабарласса да дер кезінде жауап берген дұрыс.

Барлығын (БАҚ өкілдерінің — ред.) жинайық, сұрайық. Сауалнама жасайық. Жауап берейік деп отырамын. Бір журналиске ақпарат беріп, екіншісіне бермесең, реніш басталады. Араларына іріткі салғандай болатын кездер болды (күліп). Сондықтан, барлығын бірдей шақырып алып, ақпарат береміз. Шұғыл жағдайда да баспасөз конференциялар ұйымдастыра қоямыз. Апат болса да, қоғамда мәселе туындап жатса да, ақпараттандырып отырамыз.

Медиа өкілдерінің жұмысы сізге жаға ма?

Әркім әртүрлі форматта береді. Өз басым тілшілердің арқасында ысылдым. Түрлі көзқарас болу керек, кемшіліктер айтылу керек. Сынады екен деп ізінен шам алып түспеймін. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе журналистерінің жұмысына ризамын.

Ізіңізге түсіп, әдейі кемшін тұсыңызды жазған блогерлер болды ма?

Ондай болды. Блогерлермен болды. Менде кемшілік жоқ емес.

Қазір коммуникация заманы. Қарамағыңыздағы қызметкерлермен неше чатта отырасыз?

(Асхат Берлешұлы біраз уақыт телефонын шұқып, чаттар санын есептеп шықты — «Тілші»). Қала бойынша 19 чатта отырады екенмін. Олардан бөлек бірқатар жобаларға арналған уақытша чаттар бар. Қыс маусымы, жылыту кезеңі, қазандықтарға, жолдарға, қар аршуға қатысты маусымдық чаттар да болады.

Бұрын спортта болған Шахаров қазіргі спортшылармен араласып тұра ма?

Әрине. Мен оларға мемлекетшіл болу керектігін айтып жүремін. Өйткені, спортшының беделі бар. Оны үлгі ететін жастар көп. Халық таныған соң, әр сөзіне мән беріп тыңдайды. Спортшылар да өз ойын айтады.

Алайда…

Алайда, кейде өзі түсінбейтін тақырыптарға сөз қозғайды. Жетекке еріп, дұрыс емес жолға түсіп кетуі мүмкін. Теріс не қате пікір айтып қалуы мүмкін.

Мен негізі осыған әкеле жатыр едім, сіз алдымды орап кеттіңіз. Жақсы, демек, спортшылар арасында дұрыс емес жолда жүргендер бар дегенмен келісесіз бе?

Ондайлар бар.

Сіз спортшы болғанда жағдай қалай болды?

Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Шағын спортзалда жаттығамыз. Энергиямыз жан-жаққа кетпесін деп, спортқа ден қоямыз. Диалог, полемика, саяси әңгімелер дайындалып жатқан спортшының ойын басқа жақтарға бұрып жібереді. Барлық назар спортта болу керек деп қарайтынбыз.

Спортшыларға оңаша кездесулерде осы жөнінде айтасыз ба?

Спорттан тыс ештеңеге барма деп айта алмаймын ғой. Дегенмен, өзге салаға араласқанда абай болу керектігін ескертемін.

Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға спортшылармен бардыңыз. Олар сіздің өтінішіңіз бойынша келді ме, әлде өздерінің қалауы ма?

Мен ешкімге кепіл бермедім. Олардың отбасылары, ата-аналары бар. Бір жағдай болса кім жауап береді? Бірақ, алаңда жүрген жігіттер сұрақтың астына алды. Көпшілігі тыныштықты қалады. Мародерлер болмаса екен деді. Ал, тәртіпке полиция жауап берді. Спортшы жігіттерге «қасымда күзетіп жүріңдер» деген әңгіме болмады.

Спортшыларға қатысты бір жайтты айтайын. Олар көп жағдайда намысшыл келеді. Өзімен іштей күресе алмаса да, бірінші айтқан сөзінде тұрғанды құп көреді. Ал, спортшыларды, олардың атақ-дәрежесін пайдаланғысы келетін тараптар жоқ емес. «Отбасылы болыңдар, бала тәрбиелеңдер» деймін. «Жұмыс істеңдер, тренер бол, менеджер бол, бизнеспен айналыс» дегенді айтып отырамын. Тек спортшы жігіттерді сырт күш пайдаланып кетпесе болды.

Жарайды. Қаңтар тақырыбына оралайық. Аяқасты халықтың сүйкімдісіне айналып шыға келдіңіз. Бұл бағыңыз ба, әлде проблема туындатқандар болды ма?

Иә, біреулерге жақтым, біреулерге ұнамады. Ол уақытта ұнау-ұнамау үшін емес, халыққа басу айту үшін шыққаным рас. Кейін ойланасың ғой. Блогерлерге шығып «мені жаза бермеңдерші, ерлік көрсетті деп мақтауымды асырмаңдар» деп өтініш айттым. Аса қатты жаратпағаным рас.

Ол жерде жалғыз мен емес, жедел штаб жұмыс істеді, командалық жұмыс. Облыс әкімі  өзі қадағалап отырды.

Асхат Берлешұлы, алаңға жоғары жақпен келіспей шығып кеттіңіз ғой?

Ондай болды, енді. Жалпы, қаңтар оқиғасы туралы айта бергім келмейді. Сол кезде мен психологиялық тұрғыда қатты шаршап кеттім. Тыныштық болсын дедік.

Мен алаңға бір шығып қойдым. Нақты жауап болмаған соң, «ақылдасайық, жауабымды жеткіземін» дегенім рас. Менің орныма басқа адам келіп, «Асхат осылай айтып жіберді» деп айта алмайды ғой. Сондықтан соңына дейін жеткізу керек болды. Мен барынша шынайы сөйлестім. Ешкімді алдамадым.

Моральды тұрғыда қиын болды. Сондықтан, қаңтар оқиғасын еске түсіргім келмейді.

Анықтап алайық, қаңтар туралы айтқыңыз келмей ме, әлде алаңға шыққаныңызды меңзедіңіз бе?

Алаңға шыққанымды айтқым келмейді.

Сізге сол үшін қысым болды ма?

Өзің түсінесің ғой! (қаңтар оқиғасы күндері БАҚ өкілдері мен блогерлерге хабарласып, «Асхаттан пайғамбар жасаудың қажеті жоқ» деген сарында команда болғаны тілшілер арасында жиі айтылады – «Тілші»)

Облыс әкімдерінің рейтингі үш ай сайын жарияланып тұрады. Қала басшыларының рейтингін қадалағалайсыз ба? Қандай позицияға тұрақтап жүрсіз?

Рейтинг атаулыны кімдер түзеді, қалай жасалатынын білмедім. Кейде байқап қаламын. Әр қаланың жағдайы әртүрлі. Салыстыруға келмейтін дүниелер бар. Меніңше, баға беретін халық. (Шахаров қала әкімдері рейтингінде алғашқы үштікте ілігіп жүрді – «Тілші»).

Әкімдікке жастай араластыңыз. Жас көріп, басынатындар бар ма? Эйджизмге кезікпейсіз бе?

Енді мен Ақтөбеде үлкен кісілердің көз алдында өстім. Бірақ, қала әкімі деген статусқа да қарау керек деп ойлаймын. Көпшіліктің көзінше субординация сақтаған дұрыс. Баласынып сөйлейтіндер болды. Оңашада, кабинетте айтып қалсын, ал бірақ, ресми, қызметтік шараларда олай айтуға болмайды. Осылай деп айтсам, «өзгеріп кетіпті», «танымай қалыпты» деген сарында әңгіме айтылады. Ұнатпай қалатын адамдар болады.

Түсіне білгенге қалада көптеген мәселе әкімге байланысты. Сондықтан, кей жағдайда субординация сақтаған дұрыс деп ойлаймын.

Алдыңызға көп адам келеді. Қандай жағдай айтады?

Шаруаларын айтып келеді. Қиын жағдайға тап болса, көмек сұрап келеді. Кейде ақша сұрап келетіндер бар. Бірнеше рет келетін адамдар бар. Кезексіз үй бер дейтіндер бар. Шу шығарып кетеді, ауыр сөз айтып кетеді.

Әкім болғасын барлығын тыңдауым керек. Кейде 30-40 адамға дейін қабылдаймын. 4-5 сағат уақыт кетеді. Әкімге кірген адам шығарда басқа көңіл күйде болу керек деп ойлаймын. Егер қалай кірді, солай шығатын болса, онда ол — менің кемшілігім. Ол адамды аша алмадым, мәселесін шешуге ниет білдірмеген боламын.

Кейде провакация жасап, шу шығаруды ойлап келетін адамдар болады.

Әкімдік қызметіңіздің біраз уақыты Ескі Қазақстанда өтті. Жаңа Қазақстанда жаңаша жұмыс істеуім керек деп ойланатын кезіңіз болды ма?

Әрине. Алдымен, әкімдердің сана-сезімі, жұмыс істеу стилі өзгеру керек. Халыққа не керек, оларды тыңдау керек, мәселелерінің шешілгені керек. Көбірек байланысқа шығу керек. Модернизация, жаңа тетіктер ойластыру керек. Рас, мәселе шешемін деп өзгенің құқығына нұқсан келтіріп алмау жағын да ойлау керек. Заңды аттауға тағы болмайды.

Негізі, қиын сұрақ. Жалпы, халықты билік жұмысына араластыру керек, түрлі комиссиялар құрамына тартып, олармен санасу керек. Коллегиалды шешім қабылдауға жұмылдыру керек. Мен көшеде келе жатып, шешім қабылдай салмаймын. Кабинетте ақылдасып отырып, жұмыс істеу керек.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

 

 

2 Comments

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *