Қазатомөнеркәсіп «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» конференциясын өткізеді — TilshiNews

Қазатомөнеркәсіп «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» конференциясын өткізеді

Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің алаңында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 25 жылдығына және «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-тің (Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны) 20 жылдығына арналған «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» Х халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

Іс – шараға атом саласындағы жетекші кәсіпорындар мен компаниялардың 450-ден астам өкілдері (оның ішінде 100-ге жуығы онлайн режимінде), сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінен келген ғалымдар мен мамандар қатысып отыр.

Конференцияның мақсаты – халықаралық ғылыми қоғамдастыққа, озық материалдарды, техника мен жабдықтарды әзірлеушілер мен өндірушілерге Қазақстанның және басқа да елдердің атом саласы кәсіпорындарын дамыту мақсатында өзекті ғылыми-технологиялық міндеттерді талқылау және оларды шешу алаңын ұсыну.

«Осы жылдар ішінде Қазатомөнеркәсіп Қазақстанның тек қана бейбіт атомды дамыту жөніндегі саясатын ұстана отырып, атом энергетикасын, білім беруді, ғылымды және өндірісті қауіпсіз дамыту саласындағы ынтымақтастықты әлемнің түрлі елдеріндегі серіктестермен бірге қолдап келеді. Конференцияда қамтылатын мәселелердің кең ауқымы мен қатысушылардың жоғары деңгейі оған Қазақстан мен басқа елдер үшін стратегиялық маңызды сала ретінде әлемдік уран индустриясындағы маңызды оқиға мәртебесін беретіні сөзсіз, – деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов. – Ұлттық атом компаниясы бәсекелестік артықшылықтарды қамтамасыз ету және саладағы ғылыми-технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізу мақсатында өндірістік процеске озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізе отырып, ғылыми әзірлемелерді белсенді жүргізуді жалғастыруда».

Конференцияда «Геология, геотехнология және тау-кен дайындау жұмыстары», «Уран өндіру және қайта өңдеу технологиясы», «Реакторға дейінгі ядролық-отын циклінің – конверсия, ядролық отын өндірісі технологиялары мен өзекті мәселелері», «Сирек, сирек жер металдарын және олардың негізіндегі жоғары технологиялық өнімдерді өндірудің ресурстары мен тиімді технологиялары», «Атом саласы кәсіпорындарының қауіпсіз жұмыс істеуі және техногендік қалдықтарды басқару», «Тұрақты даму мәселелері (ESG), атом саласының жұмыс істеуінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері», «Цифрландыру, автоматтандыру және атом саласындағы роботтандыру» сияқты жеті негізгі секцияда атом саласының өзекті мәселелері қаралатын болады.

Ғылыми-технологиялық және инновациялық даму Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық басымдықтарын іске асыруда, атом холдингі қызметінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Қазатомөнеркәсіп ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) ұйымдастыруға көп көңіл бөледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша атом холдингінің ҒЗТКЖ саласындағы жобаларды іске асыруға салған инвестицияларының сомасы 3,24 млрд теңгені құрап, Компания зияткерлік меншік объектілеріне 15 қорғау құжаттарын алды.

Қазатомөнеркәсіп өз қызметкерлерін өнертабыстық ұсыныстар беру тетіктері арқылы инновациялық қызметке тартады. 2021 жылы атом холдингінің қызметкерлері 2277 өнертапқыштық ұсыныс ұсынды. Өндірісте енгізілген өнертабыстық ұсыныстарды пайдаланудың жиынтық экономикалық әсері 1,34 млрд теңгені құрады.

24 қарашада конференция шеңберінде Қазатомөнеркәсіп Paul Scherrer Institute (Швейцариядағы жаратылыстану және техникалық ғылымдардың көпсалалы федералды ғылыми-зерттеу институты) және Қазақстан-Британ техникалық университетімен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл құжаттар ғылыми-зерттеу жұмыстары, инновациялық технологиялар мен әзірлемелер трансферті, сондай-ақ атом саласы үшін ғылыми кадрлар даярлау саласындағы бірлескен қызмет бағыттарын дамытуды көздейді.

Қазатомөнеркәсіп осындай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды 2000 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіп келеді. Оның жұмысына жақын және алыс шет елдерден: Ресей, Франция, Канада, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Австралия, АҚШ, Украина, Өзбекстан және Орталық Азияның басқа да елдерінен атом саласы мен сирек металл өнеркәсібі кәсіпорындарының, ғылыми ұйымдары мен компанияларының ғалымдары мен мамандары қатысады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған