
Кезектен тыс өткелі отырған Президент сайлауында атыраулық жүзден астам тәуелсіз бақылаушы саяси науқанның ашық та әділ өтуіне ат салысады. Бұл туралы бүгін «Атырау-Ақпараттың» баспасөз клубында мұнайлы аймақтың белсенді, ерікті жастары және қоғам белсенділерімен кездескен «HAQ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Тоғжан Қожалы айтты.
Аталған қор 20-қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына тәуелсіз бақылау жүргізетін бірден ұйым. Қор белсенділері мұндай жауапты жүкті биыл төртінші рет арқалап тұр. Тоғжан Қожалының айтуынша, мыңнан астам байқаушы еліміздің 8 қаласындағы сайлау учаскесінде саяси доданы бақылайды.
«Тәуелсіз бақылау — демократиялық қоғам құру үшін керек. Сайлауға тәуелсіз байқаушылар көптеп қатысса, саяси науқан әділ өтеді. Ол үшін әр сайлау учаскесінде 2 байқаушы болу керек. Ел бойынша 12 мыңнан астам сайлау учаскесі бар, сондықтан 20 мыңнан астам байқаушыны жұмылдыруымыз керек, — дейді Тоғжан Қожалы.
Ал, «Золотое время» ҚҚ атынан жиынға қатысқан Айгүл Уәлиеваның айтуынша, 18 бен 30 жас аралығындағы жүзден астам атыраулық сайлауда тәуелсіз байқаушы болуға ниет білдірген. Олардың 70-тен астамы Атырау қаласының тұрғындары. Тәуелсіз байқаушылар үшін арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылған.
«Біздің тағы бір мақсатымыз — болашақ жастарға сайлаудың маңызын түсіндіріп, саяси білімді болуға шақыру. Байқасаңыздар, жастар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқанымен сайлау күнң өз таңдауын жасауға, яғни дауыс беруге бармайды. Керісінше 45-50 жастан жоғары аға-апаларымыз белсенділік танытады. Олар сайлаудың маңызын бұрыннан санасына жақсы сіңірген. Осыны жастарға жеткізгіміз келеді», деді Айгүл Уәлива.