Азаматтық істерге өтініштердің 90 пайызы электронды түрде қабылданады - Бостандық аудандық сотының судьясы — TilshiNews

Азаматтық істерге өтініштердің 90 пайызы электронды түрде қабылданады — Бостандық аудандық сотының судьясы

Бүгінде еліміз бойынша азаматтық істерге өтініштің 90 пайызы электронды түрде қабылданады. Бұл ақпараттық технологиялардың сот ісінде де дамып келе жатқанын көрсетеді. Ол e-gov үкіметтік порталы арқылы жүзеге асады. Арызды электронды түрде жіберу әрекеті оңай әрі өте қарапайым. Ол үшін азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса ғана жеткілікті.

Біріншісі — арызды толтыру, қажетті құжаттарды сканерлеу арқылы сайтқа тіркеу;

Екіншісі — мемлекеттік салымды төлеу;

Үшіншісі – жеке немесе заңды тұлға басқа біреу емес, өзі екенін дәлелдеу мақсатында электронды форматта қол қою;

Міне осы үш қадам ғана орындалады. Кейіннен құзырлы орган қызметкерлері оны автоматты түрде қабылдап, арыз беруші азаматқа хабар беріледі.

Осылайша, елімізде IТ-технологияның дамуы сот саласында қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ бұл халықпен кері байланыс орнатуға да жоғары мүмкіндік. Арыз-шағымдарды электронды түрде қабылдау жұмыс сапасының артуына да үлкен септігін тигізгенін көріп отырмыз.

Бұл әдіс электрондық сот ісін жүргізу туралы АІЖК-нің 133-1-бабы 2019 жылғы 2 сәуірдегі ҚР Заңымен қолданысқа енгізілген еді. Бірақ, еліміздегі пандемия кезінде толық қабылданды. Әлемді дүрліктірген короновирус індеті көпшілік орындарға бармай, бар шаруаны үйден отырып істеуге мәжбүр етті десек те болады.

Қазір осы ақпараттық технологиялардың көмегімен біраз жұмыс атқарылып келеді. Соңғы 3-4 жылдықта оны пайдалану арқылы өз тиімділігін де көрсетті. Нәтижесінде — сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асты, сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетті, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етті. Ең бастысы – халық пен сот қызметкерлері арасында ашықтық пайда бола бастады.

Одан бөлек тағы бір басты жаңалық — қазір сотқа шақырылған азаматқа арнайы шақырту қағаз оффлайн түрде емес, ұялы телефонға SMS хабарлама ретінде келеді. Мысылы бұрын – почта қызметкерлері немесе жеткізу жұмысымен айналысатын мамандар қағазды қолма-қол апарып беріп жүрген болса, қазір мұндай қызмет түрі мүлде жоқ.

Бұл біз секілді судьялар үшін де азаматтар үшін де тиімді шешім деп ойлаймыз. Себебі, уақыт үнемделеді, артық ресурстар құртылмайды. Сотқа шақырылған азаматқа жолданған SMS хабарламада азаматтық істің қайда және қашан өткізілетіні, жауапты хатшының аты-жөні секілді ақпараттар толық көрсетіледі.

Сот жүйесі — заңдылықтың қайнар көзі. Сол себепті — қоғам бұл бағыттан тыс қалмауы керек.

Жапакова Дана Асылбекқызы, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *