
Ақтөбелік жасөспірім бір сәтте танымал болып шыға келді. Инстаграм мен ТикТоктағы аудиториясы еселеп артты. 17 жастағы Расул Серікқалиев жастардың сүйікті әншісіне айналған Садраддинмен дуеті, сахна сыртындағы кедергілер, алғашқы қаламақысы мен аяқасты келген танымалдылық жайлы «Тілшіге» айтып берді.
Садраддиннің Ақтөбедегі кезекті концерттерінің біріне биылғы мектеп түлегі Расул досымен барған. Сахнаға шығаруға да сол досы итермелесе керек.
«Түркияда оқитын досым Садраддиннің әндерін сүйіп тыңдайтынымды біледі. Сахнаға жақында, кумиріңмен ән айт, сенің жалғыз мүмкіндігің осы» деп дем беріп тұр. Мен біразға дейін ұялып тұрмын. Досымның сөзі қатты әсер етті ме, бір кезде бейсболкамды оған бердім де, өзім сахна жаққа адамдардың арасымен қыстырылысып жеттім. Онымен тәртіп сақшылары толып жүр. Темір қоршаумен қоршалған. Жолымда бір әжей тұрып алып, өткізбеді. Осы жерден тоқтайын деген едім. Артыма қарасам, досым әлі айқайлап тұр. «Бар, бар» деп қолымен белгі беріп тұр», – деп еске алады Расул күліп.
Сахнаға жақын жерде бір адам қыстырылып қалған болу керек, тәртіп сақшыларының дені сол кісіге қарай жүгіріп кетті.
«Қоршаудан өттім, колонка жағынан көтеріле бергенім сол еді, үстіме бір ыдыста тұрған су аударылып кетті. Киімім су. Соған қарамастан Садраддинге жеттім де, «келесі бір шумақты мен айтайын» деп айтып үлгердім. Концертке 20 мыңнан астам көрермен жиналды деп естідім. Көрермен жаққа қарасам, барлығы телефондарының жарығын жағып тұр. Садраддиннің «жақсы» дегенін естідім. Мына жақтан күзет жетіп келді. Абырой болғанда Садраддин «бұл бала қалсын» деп мені күзеттен аман алып қалды», – дейді жас әнші.
Әрі қарай… желіде тарап кеткен видеодағы көрініс. Расулдың ізінен қуған күзет қызметі. Оны Садраддиннің құшақтап күзеттен аман алып қалуы. Расулдың микрофон алып, әнді әуелеткені. Садраддиннің әнін жанды дауыста әдемі орындап шықты.
«Садраддин жанды дауыста айтады. Егер онда фонограмма болса, микрофонын басқа адамға ұстатпас еді. Өзім де оның біраз әнін жатқа білемін, үнемі айтып жүремін. Сондықтан, маған Садраддинмен дует орындау қиын болмады. Қуанышымда шек болмады. Соның буымен біраз уақытқа дейін күшті сезімде жүрдім», – дейді балаша қуанған Расул.
Ертеңіне баласының танымал бола бастағанын анасы да байқаған. Әлеуметтік желілерден көрген таныстары Расулдың анасына видеоларды жібергенге ұқсайды. Мектепті биыл бітірген түлегіне директоры да қоңырау шалып, «сен не бүлдірдің?» деп қуанғанын жасырмай, тілектерін жаудырып жатыр.
Расул енді жеке репертуарының қамына кірісіп жатыр. Әзірге, екі әнге тапсырыс берген. Танымал әндердің каверлерін де орындауы мүмкін, бірақ, бұл ретте авторлық құқық дегенді де естен шығармай отыр.
«Кафелерге барғанда танып қалып, кезексіз өткізіп жіберіп жатады. Көшеде, қоғамдық орындарда келіп суретке түсетіндер көп. Бүгінде Bai Doner дәмханасының амбассадоры деген дәрежем бар», – дейді жас талант күліп.
Расул қарапайым отбасыдан шыққан. Анасы – үй шаруасында, әкесі ұзақ жылдар зауытта жұмыс істеді, бүгінде резиденцияда. Үш ағайынды – інісі мен қарындасы бар.
«Мені Алматы, Астана қалаларына телеарналарға шақырды. Бірақ, әзірге ешбіріне бармадым. Жергілікті әкімдердің алдында өтетін концертке де шақырту түсті. Қуаныштымын, әрине. Қаладағы мейрамханалардың бірінде концерт бердім. Алғашқы қаламақым 50 мың теңге болды», – дейді Расул.
Танымалдылыққа келер болсақ, Расулдың желідегі парақшаларында жазылушылар саны күрт асты. ТикТокта 150 мыңға жетсе, Инстаграмда 15 мың оқырманы бар. Қаралым жағы жүз мыңдап саналады.
Марат Төлепберген, «Тілші»