Ақтөбенің дарынды оқушылары жолшылардан қосымша сабақ алатын болды — TilshiNews

Ақтөбенің дарынды оқушылары жолшылардан қосымша сабақ алатын болды

Ақтөбе облыстық «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы мамандандырылған дарынды балаларға арналған білім ошақтарымен тығыз байланыс құрмақшы. Жақында физика-математика лицей-интернатының жоғары сынып оқушылары филиалдың зертханасында болып, жол құрылыс материалдарын қалай сынақтан өткізетінін бақылады.

Екі жыл бұрын ашылған жол саласына арналған мұражай-көрмедегі жәдігерлермен танысты. Алдағы күндері ғылыми жоба қорғамақ болған оқушыларға сарапшы ретінде орталық инженерлері көмек беруге келісімге келді.

«Қазіргі жоғары сыныпта оқып жатқан оқушы ертеңгі маман. Жол саласына білікті мамандардың тапшы екені рас. Кәсіби бағдар беру аясында мектептерді аралап, түлектермен кездесіп, жол саласына қатысты ақпараттар беріп жүрміз. Әрине, мұнымен шектеліп қалмай, қызығушылық танытқан оқушыны жұмысымызбен ашық таныстырғымыз келеді. Балалар жол құрылыс материалдарына, сапасына қатысты ғылыми жобалар қорғағысы келеді екен. Оны кездесулерде айтып, ұстаздары да сұрап жүрді. Мұны біз әрине қуана-қуана құптаймыз. Былтыр Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы пластик қалдықтарынан асфальт жабындысын ойлап тапқанда қолдау білдірген едік. Ол түлек қазір шетелде оқып жатыр. Ертеңгі күні білікті маман ретінде елге оралары сөзсіз. Кәсіби бағдар беруге қатысты мектептердегі жарты сағаттық кездесуден көп оқушы жол саласына қатысты көкейіндегі сұрақтарына жауап алып үлгермейді. Сондықтан филиалымызда апта сайын «келемін, көремін» деген оқушылар арнап «ашық есік күнін» ұйымдастырып отырмыз», — дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы директоры Тельман Малаев.

Ақтөбедегі жол сапасын қадағалайтын зертхана қызметкерлерінің құрамы биыл бір жас маманға толығыпты. Жергілікті автокөлік жолдары колледжінің студенті Нұрдәулет осынде тәжрибеден өтіп, ол үшін студент болса да айлық алған.

«Біздің орталық бірер жылдан бері тәжрибеден өтетін студенттерге ақы төлеп келеді. Ол үшін студент сабақта озат, үлгерімі жақсы болу керек. Тәртібіне де көңіл бөлеміз. Нұрдәулет бізде ақылы тәжрибеден өтті. Инженер аға-апалары білгендерін үйретіп, қасына ертіп жүрді. Колледжінде алған теориялық білім, тәжрибемен ұштастырып, қазір мықты маман», — дейді Тельман Жәдігерұлы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *