Қырғыз жерінде ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартқан Садыр Жапаров Астанада Путинмен кездеседі — TilshiNews

Қырғыз жерінде ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартқан Садыр Жапаров Астанада Путинмен кездеседі

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанада өтетін халықаралық іс-шараға қатысып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің әкімшілігі хабарлады.

Садыр Жапаров 13 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-саммитіне, 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына, содан соң Орталық Азия – Ресей форматындағы саммитке қатысады.

Бұған дейін Ресей БАҚ-тары Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа сілтеп, Садыр Жапаров пен Владимир Путиннің Астанада кездесетінін, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайтынын хабарлаған.

Садыр Жапаров 7 қазанда Санкт-Петербургте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне бармай, Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетовті жіберген.

Ресей ақпарат құралдарының кейбір мәліметіне қарағанда, ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне Ресей мен Тәжікстан президенттерінің 70-ке толғаны себеп болған.

Бұған дейін Қырғызстан өз жерінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жаттығуын өткізуден бас тартқан. ​ ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің «Бұзылмас бауырластық – 2022» жаттығуы Қырғызстан аумағында биыл қазанда өтуі тиіс еді.

14-17 қыркүйекте Қырғызстан және Тәжікстан арасында ірі қақтығыс болып, қырғыз билігі ҰҚШҰ-ны Тәжікстанмен шекарадағы жағдайды реттеу үшін белсене атсалысуға шақырған болатын.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған