Атырау мұнай өңдеу зауыты 9 айда 4,2 млн тоннаға жуық мұнай өңдеді — TilshiNews

Атырау мұнай өңдеу зауыты 9 айда 4,2 млн тоннаға жуық мұнай өңдеді

 «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) барып, жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Атап өтер жайт, ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспарлы-алдын алу жөндеу кестесіне сәйкес 2022 жылғы 1 қазанда Атырау МӨЗ-де жөндеу-профилактикалық жұмыстары басталған болатын. Алғаш рет зауытта барлық технологиялық құрылғыларды жөндеу кезекпен жүргізілуде. Бұл мұнай өнімдері өндірісін тоқтатпауға мүмкіндік береді. Жөндеудің мұндай тәсілі Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпорындарында бұрын-соңды қолданылмаған.

Жиын барысында АМӨЗ бас директоры Мұрат Досмұратов атап өткендей, осы жылдың 9 айында зауыт 4,2 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, жоспарлы көлемнен 112 мың тоннаға асып түсті. Бұл ретте 1 млн тоннадан астам автобензин, 1,2 млн тонна дизель отыны, 114 мың тонна авиаотын және басқа да мұнай өнімдері шығарылды.

«Былтыр Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге тоқтаған жоқ және бір жыл ішінде өңделген мұнай көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Биылғы жөндеу жұмыстары зауытты толық тоқтатпастан жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз, зауыт 50-70% қуатында жанар-жағармай шығарып, тиеп-жөнелтіп отыр. Зауыт өндірістік жоспарды толық орындайды деп күтеміз», – деді М.Мырзағалиев.

Сонымен қатар жиында зауытты электр қуатымен қамтамасыз ету тұрақтылығын арттыру мәселесі, «Tazalyq» жобасын іске асыру, зауыттың Теңіз мұнайын өңдеу мүмкіндігі қаралып, цифрландыру жобалары бойынша есеп тыңдалды.

Жұмыс кездесуінен кейін «ҚазМұнайГаз» басшысы бірқатар тапсырма берді, соның ішінде АМӨЗ-де жоспарланған жөндеу жұмыстарының сапалы әрі дер кезінде аяқталуын қамтамасыз ету, цифрландыру және автоматтандыру жобаларын іске асыруды жалғастыру. Зауытты электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етудің маңызды екеніне ерекше ден қойылды, осыған байланысты зауыт басшылығына АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін «KEGOC» акционерлік қоғамымен бірге іс-шаралар жоспарының орындалуын жалғастыру жүктелді.

Бұдан бөлек, М.Мырзағалиев сапар барысында біріккен газ-химия кешеніне барып, полипропилен өндіретін зауыттың іске қосу-реттеу жұмыстарының жайымен танысты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған