
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 10 қазанда бейнеконференцбайланыс арқылы PetroChina президенті – CNPC вице-президенті Хуан Юнчжанмен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Тілші» компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөз басында М.Мырзағалиев Юнчжан мырзаны және барша CNPC ұжымын Қытай Халық Республикасының құрылған күнімен (1 қазан) құттықтады.
Кездесуде тараптар Қытайға жеткізілетін Қазақстан мұнайының көлемін ұлғайтуды талқылады. Бұл ретте Атыраудан Қытайға мұнай тасымалдау инфрақұрылымының өткізу көлемін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда.
ҚМГ басшысы мен PetroChina президенті екіжақты ынтымақтастық пен геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларда серіктестік орнату мүмкіндіктеріне тоқталды.
Жиынға қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытының («ПҚОП» ЖШС) өндірістік қуатын күшейту мәселесін де қарастырды. Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді биыл желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Қазақстанда мұнай өнімдеріне деген ішкі сұраныстың ұлғаюына байланысты жобаның өзектілігі артты.