Ақтөбеде 600 адамды жұмыстан шығармау үшін көне зауытты жаңғырта бастады — TilshiNews

Ақтөбеде 600 адамды жұмыстан шығармау үшін көне зауытты жаңғырта бастады

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытында №1 және №2 балқыту цехтарының аспирациялық жүйелерін жаңарту жұмыстары басталды. Нәтижесінде қатты зат шығарындылары 30%-ға кемиді деп күтілуде. «Қазхром» компаниясы ауқымды экологиялық жобаны іске асыруға 12 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 және №2 балқыту цехтары кәсіпорын ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатыр. Цехтарды жаңғыртудың компания үшін ғана емес, аймақ үшін де стратегиялық маңызы бар. «Қазхром» ТҰК» АҚ даму стратегиясын қайта қарастыра келе 600-ге жуық адам жұмыс істейтін ескі балқыту цехтарын жаңғыртуды ұйғарған. Бұл ретте өндірістік қуатты арттыру ғана емес, сонымен қатар газ тазарту жүйесін жетілдіруге басымдық беретін экологиялық жобаларды жүзеге асыру да ерекше маңызды.

– Цехтарды жаңғырту Ақтөбе облысының табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыру бойынша Жол картасына енгізілді, — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Сергей Прокопьев. – Біз бұл жұмыстарды дер кезінде тыңғылықты орындаудың маңызын түсінеміз және ол үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Бүгінгі күні жобалау толықтай аяқталды, негізгі технологиялық жабдық сатып алынған. Геосаяси ахуалға байланысты мердігер мекеме кеш анықталды. Қазір мердігер ұйым жобаны іске асыруды бастап кетті. №2 балқыту цехының газтазартқышын жаңарту жыл соңына дейін, ал №1 балқыту цехында келесі жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру барысында электрлі сүзгілер жеңдік сүзгілерге ауыстырылады. Олар алдыңғысына қарағанда екі есе тиімді. Сондай-ақ цехтардың ішіндегі газ құбырлары жүйесі жаңғыртылып, жаңа сүзгілерге газдарды бұрып жіберу үшін төменгі зонттар қондырылады. Бұдан өзге жоғары қуатты түтінтартқылар мен қосымша қосалқы станция тұрғызылады.

Аспирациялық жүйені «ЭнергоМашЭкология» (Украина) инжинирингтік компаниясы әзірлеген. Аталған компания ферроқорытпа өндірісіндегі аспирациялық жүйелерді өндіру саласында көш бастап келеді. Ал Ақтөбе металл құрастыру зауытына қарасты «ҚазЭнергоМашЭкология» мамандары құрастырумен айналысты.

– Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде балқыту цехтарының жұмыс кеңістігінен шаңды іріктеу жақсарады, — дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас экологы Светлана Мащенко. – №2 балқыту цехының электр сүзгілерін жаңартудан өзге, шығарынды шахталары мен газ құбырларының аспирация жүйесін, №1 және №2 балқыту цехтарының пеш қақпақтарын тығыздау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар газтозаңдық шығарындыларды оқшаулау мақсатында жүргізіледі. Жобаның нәтижесінде 2024 жылы шаң шығарындыларын орташа есеппен 1830 тоннаға дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл қоршаған ортаға жүктемені кемі 30% — ға азайтуға сеп.

Қазіргі күні жеңдік сүзгілер мен газ құбырларының, түтінтартқының астына тіреуіштер орнатылып, іргетастар қаланды. №2 балқыту цехындағы жұмыс кеңістігінен шаңдарды қармауға арналған төменгі зонттар қондырылып жатыр.

Жоба ERG-дің ұзақ мерзімді Экологиялық стратегиясының аясында жүзеге асып жатыр. Бейнені мына жерден қарай аласыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *