Садыр Жапаров: Шекарадағы даулы жердің 99 пайызы Қырғызстан пайдасына шешілді — TilshiNews

Садыр Жапаров: Шекарадағы даулы жердің 99 пайызы Қырғызстан пайдасына шешілді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қырғыздың «Кабар» мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұқбатында мемлекеттік шекараны нақтылауға арналған келіссөз қорытындылары жөнінде айтып, шекарадағы даулы жердің 99 пайызы Қырғызстан пайдасына шешілгенін мәлімдеген.

«Шекара нақтыланарда дау болған жердің барлығы Қырғызстанға өтті. Ауылдағы болсын, қаладағы болсын, мейлі даладағы жер болса да 99 пайызы біздің пайдамызға шешілді. Бұған жету үшін көп келіссөз жүріп, көп жұмыс істелді. Келісімшартқа қол қойғанға дейін егжей-тегжейін ашық айтқан жоқпыз. Бірақ мен бүгін Жогорку кеңеш комитетінде бұл мәселені ашық талқылауға тапсырма бердім. Мұны өз көзімен көрген кезде халық қол соғатынына сенемін», — дейді Жапаров.

Жапаровтың сөзінше, Қырғызстанның Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарындағы 1400 шақырым шекара бойынша келісім жасалған, ал Өзбекстанмен «шекара мәселесіне біржола нүкте қою жоспарланып отыр».

Садыр Жапаров сөзінде «мемлекет тағдырын бір ғана Өзген тағдырына байлап қоюға болмайды» деп мәлімдеген.

4 қазанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ош облысының Өзген ауданы тұрғындарымен кездескен. Қыркүйекте бұл аудан халқы осы өңірдегі Кемпірабад су қоймасы Өзбекстанға өтіп кете ме деген қауіппен наразылыққа шығып, президенттен мән-жайды түсіндіруді талап еткен.

Президентпен кездесуге қатысқан Жогорку Кеңеш депутаты Жанарбек Ақаев «президенттің сөзіне қарағанда, өзге елге бір метр де жер берілмеген» деп хабарлады. Тағы бір депутат Адахан Мадумаров Азаттықтың Қырғыз редакциясына «Кемпірабад су қоймасы Өзбекстанға өткенін» айтқан.

Қырғызстан қыркүйектің соңында Қырғызстан мен Өзбекстанның шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары шекарадағы кейбір учаскелер бойынша жаңа келісім процедурасын бастау туралы хаттамаға қол қойған. Осыдан соң қырғыз қоғамында Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға беруі мүмкін деген қауіп пайда болған.

azattyq.org

фото: lenta.ru

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған