"Өз мобильді қосымшамыз бар": Ақтөбе облысының тұрғыны Yandex.Taxi мен inDriver-дің баламасын жасап шықты — TilshiNews

«Өз мобильді қосымшамыз бар»: Ақтөбе облысының тұрғыны Yandex.Taxi мен inDriver-дің баламасын жасап шықты

Ақтөбе облысының тұрғыны такси қызметіне қатысты мобильді қосымша әзірледі. Alo Taxi қосымшасы алғашында Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде жұмыс істеді. Ауыл таксистері қосымшаны жүктеп алып, жолаушылар тасымалдай бастады. Алайда, түрлі себептермен қосымша жұмысы тоқтады. Уақытша…

«Тілшінің» Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы Нұрбек Қобылан Шұбарқұдық кентінің тұрғыны, кәсіпкер Ақжол Еділбайдан өңір үшін тым жаңашыл мобильді қосымшаның болашағы туралы сұрады.

«Облыс орталығында ресейлік такси қосымшалары жұмыс істеп келеді. Қалалықтар үшін мүмкіндік көп. Ал шалғай ауылдары ескі әдетке салып, көшеден көлік ұстайды немесе телефон соғып, такси шақыртып жатады. «Яндекс такси», «inDriver» секілді такси қызметтерін ауыл тұрғындары пайдалана алмайды», – дейді бастама авторы.

Жас кәсіпкер әрі маркетолог Ақжол Еділбай ойлана келе такси қызметінің жаңа бір түрін өз туған ауылына алып келуді көздейді.

«Себебі, 13 мыңға жуық тұрғыны бар Шұбарқұдық елдімекені үшін жеке таксилерге қоңырау шалып, мекенжайын түсіндіріп отыру, оны такси жүргізушсінің жолаушының үйін шарқ ұрып іздеуі де оңайға соқпайды. Бұл жағдай қос тарапқа да тиімсіз», – дейді кәсіпкер.

Ауылындағы такси қызметінің ақсап тұрғанын ескере келе Ақжол өз жерлестеріне такси қызметінің тиімді түрін ұсынбаққа ниет етіп, Alo taxi мобильді қосымшасын ауылдастарының кәдесіне жарайтындай етіп, сәуір айында іске қосты.

Рас, алғашында тұрғындар үйренісе алмады. Дегенмен, техниканы азды-көпті түсінетіндер, әсіресе телефонның құлағында ойнайтын жастар жағы пайдаланып үлгерді.

Ауылда дәмханалар «Алло, таксидің» жеткізу қызметін тиімді пайдалана білді. Тұрғындар үшін бургер, дөнер, пицца, суши секілді тағамдарды жеткізіп беріп отырды.

«Осы аралықта мобильді қосымшаны іске қосу жолында түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болдық» дейді Ақжол мырза. Шұбарқұдық кентінің әр үйін нақты мекен-жайымен картаға енгізу оңайға соқпапты. Қазіргі таңда Alo taxi қосымшасы уақытша тоқтап тұр дейді.

Дегенмен, райынан қайтпайтынын айтқан кәсіпкер алдағы уақытта қосымшаны жетілдіріп, тек ауыл емес, көрші елдімекендерге де шығарып көрмекші. Мобильді қосымша мүмкіндіктері жетілдіріліп жатыр.

Нұрбек Қобылан, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған