
Әр жыл мезгілі жаңа сән маусымымен ерекшеленеді. Осыған байланысты сәнді түстер палитрасы мен гардеробтағы киімдер өзгереді. Күз құбылмалы мезгіл болғандықтан сәнді, әрі жылы киім таңдаған жөн. Стилист маман Гүлдана Нұрғалиқызы биылғы күз мезгіліндегі сәнді түстер мен киім үлгілері жөнінде баяндап берді.
Ашық күлгін – күздің ең сәнді түсі
«Сәнді гардеробтың иесі болу оп-оңай. Ең бастысы, түстер үйлесімділігін сақтаған жөн. Күз мезгілінде ашық күлгін түс сәнді болмақ. Сонымен қатар сарғыш түс барлық образға сай келеді. Үшінші кезекте – қызыл түс. Бұл түс ешқашан сәннен шықпаған. Тек өз реңктерін өзгертіп, сән әлеміне үнемі қайта оралады», — дейді стилист Гүлдана Нұрғалиқызы «Тілшіге» берген сұқбатында.
Алдағы маусымда қою қоңыр түс біздің климатымыз үшін ең дұрыс таңдау болмақ. Қызғылт сары мен қанық жасыл түстер де сәнді түстер трендінен орын алды. Сонымен қатар стилист маман қою көк, фуксия және сұр түсті киім таңдауға кеңес береді.
Сәнді киім үлгілері
«Күз мезгілінің гардеробын базалық киім үлгілерімен толтыруға кеңес беремін. Тренч, пәлте, күртеше мен плащь – сәнді сырт киімдер. Кардиган — әмбебап киім. Онымен кез келген сәнді образдар жасауға болады. Кеңсеге де, күнделікті киіп жүруге де өте ыңғайлы. Таңертең қоңыр салқын болып, түскі уақытта қайта жылынатын ауа-райында киюге болады. Жемпір – көптеген заманауи интерпретацияларға ие. Түрлі реңктегі жемпірлер жағымды көңіл-күй сыйлап, сәнді көрінуге көмектеседі.
Аяқ киімнің барлық жаңа түрлері мен тенденцияларына қарамастан, оның жайлылығы мен ыңғайлылығына мән беріңіз. Таңдау кезінде оның мега-практикалығына сенімді болыңыз», — деп кеңес берді.
Гардеробыңызды пиджак пен юбка сәнді ете түспек. Пиджак іскерлік образды жасау үшін қажет. Сондай-ақ күнделікті образдар жасауға да септігін тигізеді. Жылы және тығыз материалды жүн, тері, твид, вельвет секілді материалдардан тігілген юбка трендтің көшін бастап тұр. Ұзын юбкалар образды сәнді етеді. Джинстар мен кең, клеш шалбарлар сәнді образ жасауға көмектеседі.
Сәннен шыққан киім үлгілері
Жылдар бойы тығыз пішілген классикалық пиджак әйелдердің іскерлік гардеробының ажырамас бөлігі болды. Дегенмен бүгінде оны тығыз матадан жасалған, тікелей кесілген үлкен блейзерлер алмастырды. Тар, былғары шалбар мен леггинстер сәннен шықты. Mom`s, boyfriends джинстары сән сахнасынан көрінді. Іскерлік кездесуге, кеңсе стиліне сай әйелдер жейдесінің тар пішілген түрін кең, бос тұратын түрі алмастырды.
Қысқа тоқылған көйлектер салқын ауа-райында қолайсыз, әрі тығыз модель болғандықтан адамның дене мүсініндегі кемшіліктерді баса көрсетеді. Дизайнерлер кең әрі ұзын пішілген көйлектер киюге кеңес береді. Сәнді аксессуардың түрі – сөмке. Белдік сөмкелер бұрын сәнді болған еді. Бүгінде мұндай сөмке түрі сәннен шықты.
Стилисттің сөзінше, 90-шы жылдардағы былғары киімдер қайтадан танымалдылыққа ие болды. Былғары сөмке мен рюкзак, шалбар, күртеше, етік – ең сәнді образ.
Аружан Смағұлова, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы