Қазақстан егемендік алып, экономикасы мен әлеуметтік жағдайын, мәдениеті мен саясатын өркендету жолында ана тілінің көсегесін көгертуге, көкжиегін кеңейтуге ден қоя бастады. Дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттермен иық тірестіріп бәсекеге түсу үшін сол елдің қолданыстағы ауызекі сөйлеу тілі айрықша маңызға ие екендігіне ешкім күмән келтірмесі анық.
Қазақ әліпбиін жасақтауға өзіндік үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған кемеңгер Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген. Демек, қазақ жерінің топырағына аунап өскен әрбір перзенті өз елінің тарихын, ана тілін жетік білуі тиіс.
Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің мызғымас тірегі. 1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңы қабылданғаннан бері Ата заңымыз Конституцияның 7 бабына сәйкес мемлекеттік тіл болып қазақ тілі белгіленді.
Осы Заңның 4 бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтау мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» делінген.
Сонымен қатар, аталған Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып, үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін де қарастырады .
Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамитын ұлттың жаны, оның бақыты мен тірегі. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілі. Дербес еліміздің тарихи тамыры тереңге бойлаған, ұлттық тілі әр қазақ азаматының санасына сәуле құярдай жарық.
«Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза нақылындағыдай тілсіз халық түгіл жеке адам болып қалыптасудың өзі қиын. Толыққанды жеке тұлға ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты құрал — тіл.
Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деген пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс.
Қасиетті қазақ тілімізді одан әрі дамыту негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен барша мемлекеттік қызметкерлер күн тәртібіндегі жиналыстар мен отырыстарды мемлекеттік тілде жүргізу басты мақсатқа айналуы қажет. Еліміздің мемлекеттік тілін қолдану мен жан-жақты дамыту, аясын көңейту қазіргі таңдағы негізгі мәселе болып отыр.
Сонымен қатар осы мәселе мемлкететтік тіліміздің мәртебесін көтеру баршамызға ортақ міндет әрі парыз болып қала бермек. Полицей қызметкері ретінде мемлекеттік тілімізді насихаттай отыра іс-қағаздар барысында ауқымдырақ пайдалануымыз қажет.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Мемлекеттік мәртебесі жоғары қазақ тілінің ахуалы жайында құқық қорғау органының қызметкері ретінде мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет.
Еліміздің экономикасы мен әл-ауқаты артып, саяси-әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл мен ұлттық рухымыздың да қатар өскенін қадағалау – бәрімізге парыз. Қазақ тілі үшін бәріміз де қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы дегім келеді.
Тұрар Құрманияз,
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты кәсіби даярлық факультетінің оқытушы-әдіскері, полиция аға лейтенанты