Балабақшаларды лицензиялау не үшін қажет? Облыстық білім басқармасы басшысы жауап береді — TilshiNews

Балабақшаларды лицензиялау не үшін қажет? Облыстық білім басқармасы басшысы жауап береді

Осы жазда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің балабақшаларды лицензиялауды қайтару керектігін айтқан болатын. Бұл мәлімдеме кәсіпкерлер арасында қызу талқылана бастады. Осы ретте «Тілші» сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы Райбек Сағадатов Ақтөбе облыстық білім беру басқармасы басшылығы мен жауапты мамандарының пікірін білген болатын.

«Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау, ең алдымен, балалардың денсаулығын қорғау, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту үшін қажет. Тәрбие мен оқыту мазмұнын жетілдіру де керек. Лицензиясы бар жекеменшік балабақшалардың өз жұмысын дамыту үшін қоғамдық маңызы бар ірі жобаларға қатысуға мүмкіншіліктері артады. Жаңа кіріс көздерін тартуға, бизнесті дамытуға, ірі жобаларға қатысуға үлкен мүмкіншілік бар. Әрине, лицензия алу үшін нормативті құжаттарды дайындап, интернет порталына тіркеп ұсыну қажет. Жекеменшік балабақшаларда санитарлық нормалар, бөлмелердің ауданы, санына белгілі талап қойылады. Санитарлық-эпидемиологиялық станция мен өрт сөндірушілердің қорытындысы, мекеменің барлық қажетті материалдық техникалық базасы және оқу-әдістемелік құжаттардың болуы, білім беру бағдарламаларының толық болуы қажет», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы.

Сонымен қоса, жауапты ұйым ұсынған ақпарат негізінде Ақтөбе облысындағы балалардың балабақшамен қамтамасыз етулі деңгейі жоғары екендігін көреміз.

«Ақтөбе облысында 43 мыңнан астам баланы қамтитын 559 мектепке дейінгі ұйым қызмет жасайды. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту – 87,4% (Үш жыл бұрын 84,7% болатын). Бұл көрсеткіш 2021 жылы 2544 орынға арналған 25 балабақша ашу есебінен орындалды, соның ішінде 2085 орынға арналған 19 балабақша Ақтөбе қаласында. Соңғы 5 жылда балабақша саны 102 бірлікке артты. 1-ден 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың ең жоғарғы көрсеткішіне Қобда (98,4%), Ырғыз (97,5%) Мәртөк (96,4%), Әйтеке би (97%), Қарғалы (96,3%) аудандары қол жеткізді. Облыстың барлық ауданында және Ақтөбе қаласында 3-6 жасар балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту 100% құрайды», – деді басқарма басшысы.

Қаладағы мектепке дейінгі ұйымдардың бірінің әдіскері Әселім Қайыржанқызын сөзге тарттық:

«Балабақшаларды жаппай лецензиялау тәртібін енгізу мәселесі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр. Алайда балабақша педагогтарына қойылатын негізгі міндет – баланың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау. Осы мәселені негізге ала отырып балабақшаларды лецензиялау тәртібін қайта қарау мемлекет тарапынан дұрыс шешім деп санаймын. Тәрбие мен білімнің іргетасы, білімнің алғашқы баспалдағы болып саналатын балабақшалар жіті қадағалауда болғаны жөн. Бүгінгі таңда ашылған жеке меншік балабақшалардың саны артуда. Алайда балабақша ашқанда қандай жағдай жасалған, кімді жұмысқа алады әсіресе кадрлардың педагог мамандығын игермеуінде болып отыр бар мәселе. Материалдық-техникалық жабдықталуы талапқа сай ма? Бала саны СанПин ережелеріне сәйкес келеді ме? Балаға қауіпсіз аймақ ортасы құрылған ба? Егер осындай сәйкессіздіктер болса, оларды жою қажет. Қоғамда кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды. Мектепке дейінгі білім беру саласын бизнеске айналдырып отырғандары жасырын емес!  Қалыпты, талапқа сай жұмыс істеп жүрген балабақшалар лицензиялаудан қорықпайды деп санаймын», – деді Әселім Қайыржанқызы «Тілшіге» берген сұхбатында.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің Facebook парақшасында өткен тікелей эфирінде Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуы бойынша, балабақшаларды лицензиялау 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен өткізіледі, ал келер 2022-2023 оқу жылында дайындық жұмыстары жүргізілетін болады.

Райбек Сағадатов, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған