"Саусақтар сөйлейді": Ақтөбеде ым-ишара тілін игерген ата-аналар мылқау балаларымен түсінісе бастады — TilshiNews

«Саусақтар сөйлейді»: Ақтөбеде ым-ишара тілін игерген ата-аналар мылқау балаларымен түсінісе бастады

Ақтөбеде «Саусақтар сөйлейді» жобасы басталғанына 2 айға жуықтады. Осы уақыт аралығында сөйлемейтін бала тәрбиелеп отырған ата-аналар аптасына екі рет тегін курсқа қатысып, ым-ишара тілін игере бастады.

Сурдопедагог Нұрлыгүл Камилованың айтуынша, жобаға барлығы 60-қа тарта адам өтініш қалдырған. Олардың басым бөлігі бұрын ым-ишара тілінде мылқау адамдармен сөйлесіп көрмеген.

«Аптасына 2 рет сабақ өтеді. Әрине, ым-ишара тілін толық игеру мүмкін емес. Біз тек күнделікті әңгімелесуге қажетті білім береміз. Ата-аналар балаларымен сөйлесе бастады. Олардың не айтқысы келгенін түсінетін деңгейге жетті», – дейді «Саусақтар сөйлейді» жобасының сурдепедагогі Нұрлыгүл Камилова.

Оның айтуынша, мылқау баламен түсінісу үшін курсқа ата-аналардан өзге, әжелері, аға-әпкелері, бауырлары, тіпті, ерікті жандар да келіп қатысып жүр.

«Әрине, 3 ай уақыт өте аз. Жобаның тым қысқалылығы өкінішті. Жаз мезгілі болғасын балаларын оқуға түсіреміз деп басқа жаққа кетіп қалған аналар бар. Каникул, еңбек демалысы кезінде қаладан шығып кеткендер жетерлік. Көп ата-ана хабарласып, тағы да жалғасса деген өтініштерін жеткізді», – дейді сурдопедагог.

13 жастағы Алмаз Серкебай туған қарындасымен сөйлесу үшін осы курсқа әжесімен қатынап жүр екен.

«3-4 жасымнан тұтығып сөйлеймін. Қазір 8 сынып оқушысымын. Ым-ишара тілі курсына әжем екеумін келіп жүрміз. Қарындасым сөйлей алмайды. Сондықтан, қарындасыммен осы ым-ишара тілінде сөйлесу үшін келіп жүргеніме екі айға жуықтады. Бүгінде үйде аздап әңгімелесіп жүрміз», – дейді Алмаз.

Ақтөбеде бұрын мұндай әлеуметтік жоба болмаған. «Саусақтар сөйлейді» жобасын мұғалжарлық «Жас Өрен» қоғамдық бірлестігі «Назарбаев қорының» қолдауымен жүзеге асырып келеді.

«Әріптесім әрі құрбым Нұргүл Қалиева екеуміз осы жобаны ойластырып, конкурсқа ұсынып көрдік. Жобамызды Алматы қаласына барып қорғадық. Донорларға ұнады. Ақтөбеден кеңсе алып, сөйлемейтін балалары бар ата-аналар үшін бар жағдайды жасадық. Сурдопедагог аптасына 2 рет сабақ жүргізеді. Сұраныс бар, бірақ, біздің жоба уақытша. Басқа қаржы көздерін қарастырып көреміз, қолдау тапса, әрине, жалғастырамыз. Ата-аналардың қуанышын көргенде мұндай әлеуметтік жобаның керектігін түсінеміз», – дейді жоба жетекшілерінің бірі, белгілі журналист Әлия Таласова.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған