
Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы университетте биыл оқу ақысы жоғарыламайды, талапкерлер мен ата-аналарына алаңдаудың еш қажеті жоқ. Бұл туралы «Тілшіге» университет ректоры Лаура Қарабасова мәлімдеді.
«Оқу ақысын көтеру қажеттілігі бар. Бірақ, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру керек қой», – деді «Тілшіге» ректор.
Лаура Қарабасованың айтуынша, университтеттің директорлар кеңесі оқу ақысын былтырғы деңгейде сақтап қалу керектігі жөнінде өтініш айтқан.
Директорлар кеңесі – университет басшылығынан жоғары, тәуелсіз сарапшылардан жиналған, оқу орнына қатысты маңызды шешімдерді қабылдайтын басқару орган.
Университеттің баспасөз қызметкері Меруерт Бүркітбаеваның айтуынша, гуманитарлық, педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқу ақысы – 495 мың теңге, ал техникалық мамандықтарға шамамен 650 мың теңге.
«Жалпы 450-650 мың теңге шамасында», – деді ол.
Осыған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл еліміздің батыс өңірлерінде бірнеше оқу орны бағаны көтергені туралы хабарлаған болатын.