Фейсмассаж – 10 жылға жас көрінудің құпиясы — TilshiNews

Фейсмассаж – 10 жылға жас көрінудің құпиясы

Дильназ Надирханова – 19 жастағы жас кәсіпкер, әрі студент. Өңірге белгілі фейсмассаж маманы Фариза Ашаковадан білім алып, массаждың осы түрін дамытып жүр. Оның сөзінше, фейсмассаж орта жастағы кез келген әйел адамның жас көрінуіне ықпал етіп, ине мен отаның көмегінсіз бет бейнесін қалпына келтіруге көмектеседі.

Фейсмассаж ағылшын тілінен аударғанда «бет массажы» деген мағынаны білдіреді. Аталған массаж түрі елімізге кейінгі кездері танылып келеді. Қазіргі таңда табиғи сұлу көріну сәнде болса, онда фейсмассаж беттің балғындығы мен өңін сақтаудың кілті.

Фейсмассажды анамның кеңесімен үйрендім

«Бұрын бұл саладан мүлдем хабарым болмаған еді. 52 жастағы анам Фариза Ашаковадан массаж алып келіп, мені сол салаға қызықтыра бастады. Анам өзінің бет терісінің тазарып, өңі кіріп қалғанын айтты. Сен де фейсмассажды оқып, үйреніп алсаң қайтеді деген ұсыныс тастады. Алайда курсты бітіре сала өз алдыма кәсіп ашам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – дейді Дильназ «Тілшіге» берген сұқбатында.

Ең бастысы – берілмеу

Дильназ жас кәсіпкерлерді орта жолда берілмеуге шақырады.

«Бірде салонға келген әйелдің энергиясының ауырлығынан болар, қатты шаршап, көңіл-күйім де түсіп кетті. Тіпті массаж жасауға қолым жүрмей, жұмыс істеуге ынтам болмай қалды», – деп қиын сәттерін есіне алды.

Бәсекелестерім көп емес

Фейсмассаж Қазақстанда енді ғана дамып келеді. Жалпы қоғамда мұндай түсінік, термин жақында таныла бастады. Оның пікірінше, фейсмассаж саласында алдағы 5-10 жылда болмаса, әзірге бәсекелес көп емес.

«Алғашқы клиентімді қабылдаған күнді ұмытқан емеспін. Ол – 66 жастағы Любовь Абдугалиева. Сол күні салоным процедура жасауға дайын емес еді. Қажетті құрал-жабдықтарым, массажға арналған майларым болмады. Барыммен базар болып, клиентім кешіксе де, массажды ойдағыдай жасадым. Сасқанымнан массажға дейінгі суретті түсіруді ұмытып кетіппін», – дейді күліп Дильназ.

Табиғи сұлу көрінгіңіз келсе …

Фейсмассаж – бет массажы. Дильназдың сөзінше, оның әсерінен 10 жасқа жас көрінуге болады. Аталған массаж түрі бетке лифтинг әсерін сыйлау арқылы пішінді сақтауға, әжімнің алдын алуға көмектеседі.

«Процедураға 25-50 жас аралығындағы қыз-келіншектер келеді. Негізі фейсмассажды 21-77 жас аралығындағы әйел адамдарға алуға болады», – дейді Дильназ.

Жаттығуды дұрыс жасамау беттің салбырауына әкеп соғады

«Бет – адамның визиткасы. Адамды көргенде бет бейнесіне, сыртқы келбетіне назар аударамыз. Сондықтан бет күтімін бірінші орынға қою керек. Таңертең және кешке бет күтімімен міндетті түрде айналысу керек. Бет жууға арналған сұйықтық, тері типіне сай кремдер әрбір қыз-келіншектің косметика сөресінде болуы маңызды. Фейсмассажды өз бетімен жасайтын әйел адамдар болады. Бетке арналған жаттығуды дұрыс орындамаған жағдайда бетті салбыратып, пішінін бұзып алуыңыз мүмкін», – деп ескертеді.

Үй жағдайында фейсмассажбен айналысуға болады. Бұл адамның бетіндегі 57 бұлшықеттің қалыпты жұмыс істеуіне, қан айналымын жақсартуға, түрлі дақтарды кетіруге көмектеседі.

«Туристік фирма менеджері мамандығында білім алып жатқандықтан ағылшын тілін оқуға қызығамын. Оқу бітірген соң мамандығым бойынша жұмыс істеуді қалаймын. Алайда кәсібімді әрі қарай өркендетіп, қыз-келіншектердің табиғи сұлу көрінуіне көмектескім келеді», – деп алдағы жоспарымен бөлісті.

Аружан Смағұлова, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған