
Ақтөбенің іргесіндегі Есет Батыр ауданының тұрғындары бірлесіп, құрбан шалды. Осы елді мекеннің 4 ықшам ауданындағы 16Г үйінің тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазан-ошақ жағып, құрбанға шалынған мал етін асты.
Айт намазы оқылып болған соң, үлкен-кішісі аулаға жиналып, мерекелік дастархан жайды. Бір-біріне тілектер жаудырып, Айт мерекелерімен құттықтап жатты. Өлгендер әруағына құран бағышталып, дұға етілді.
«Біз тұратын аудан бұрын «Нұр-Ақтөбе» деп аталды. Осында жан-жақтан көшіп келдік. Осы өңірдің барлық-дерлік ауданынан көшіп келгендер бар. Тіпті, көрші облыстардан қоныс аударғандар жетерлік. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдардан қалаға көшіп келіп, той-томалақ, мереке-думандарда ауладағы көршілермен дастархандас болғанға не жетсін! Баршы халықты Айт мерекесімен құттықтаймын. Бәле-жәледен аман болайық! Небір індет, соғыс атаулы болмасын!», — дейді Есет батыр елді мекенінің тұрғыны Жоламан ақсақал.
Қазан-ошаққа жүгіріп, қызмет етіп жүрген келіншектердің бірі Индира бүгінде қала қазағының көршілермен қарым-қатынасы үзілудің алдында тұрғанын айтады.
«Мойындау керек, қалада тұратындар көршілерінің кім екенін білмейді. Бір-біріне есік ашпайды. Бұрын этаж жағалап, жеті шелпек таратушы еді. Қазір ол да ұмыт болып бара жатқан сияқты. Осыған дейін Ақтөбенің орталық ауданында тұрдым. Расымен, көрші подъездер түгілі өз подъезіміздегі тұрғындардың жүзін бір көрмей өттік», — дейді ол.
Есет батыр ауылы Ақтөбенің шетінде орналасқан жаңа аудан. Үлкені бар, жасы бар, бастамашыл топ сәті келгенде көршілердің басын қосып, арқа-жарқа болып жатады.
«Қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық және діни мерекелер атап өтілуі керек. Өсіп келе жатқан балаларымызға осындай құндылықтарды дәріптеуіміз керек қой», — дейді Ерлан есімді осы ауылдың тұрғыны.
Бұл күні есетбатырлықтар бір-біріне сый-сыяпат әзірлер, жақсы тілектер айтып жатты. Шалынған құрбан малдың еті үшке бөлініп, мұқтаж отбасыларға, көрші-көлемге таратылды. Көршілер бір-бірінің амандығын тілеп, жақсылықта жолығып тұруға жазып тұрсын деген тілектерін айтты.
Асыланбек Қолжан, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы
Өте тамаша, көршілермен араласып тұру керек. Барша қазақ еліне Құрбан айт қабыл болсын
Осылай тату татті болайық, ауыз біршілік болсын ағайын. Берген құрбандарың қабыл болсын