"Заңсыз пайдаланып жатыр": аптап ыстықта Ақтөбенің бірқатар ауданында су тапшы — TilshiNews

«Заңсыз пайдаланып жатыр»: аптап ыстықта Ақтөбенің бірқатар ауданында су тапшы

Бірнеше күнге созылған аптап ыстықта Ақтөбенің бірнеше ауданында су болмай қалды. Тұрғындар тілшілерге хабарласып, мұңдарын шақты.

«42 градус ыстық. Су жоқ. Бұл не масқара? Не жуына алмай отырмыз, не бақша суара алмаймыз», – деді хабарласқан тұрғындар. Су қаланың орталығы саналатын Сәңкібай батыр даңғылы, 8 мөлтек аудан, ағайынды Жұбановтар және 101 атқыштар дивизиясы көшелерінде болмады. Сонымен бірге, қаланың шеткері аудандарында су тапшылығы байқалды.

Тұрғындар суды сатып алуға мәжбүр болды.

«Мына ыстықта суды сатып алып отырмыз. Күнделікті тұтыну үшін ай сайын қыруар ақша төлеп отырсақ та, салқын су жоқ. Қаланың ортасында тұрамыз. Су мекемесіне күніне он рет хабарласамын, айтатындары бір жауап», – дейді ашуға булыққан ақтөбеліктер.

Тұрғындар мұңын айтып, сумен қамтамасыз етуші «Аqtobe su-energy group» акционерлік қоғамына хабарластық. Мекеме бұл мәселені жоққа шығармады.

«Аптап ыстыққа байланысты су пайдалану мөлшері артты. Мұндай жағдай соңғы бес жылда алғаш рет болып тұр. Тұрғындар салқын суды әртүрлі жағдайға пайдаланады, бірі бақшасын суарса, енді бірі ішуге таппай отыр. Мекеме мамандары қаланың әр тұсынан жасыл желектерді суару фактілерін қатаң бақылап отыр. Орталық су беру жүйесіне заңсыз қосылып, бақша суаратындарды да анықтады. Жаз басталғалы 500-ге жуық заңсыз су қолдану фактілері белгілі болды. Жасыл желектерді суару кешкі 22-00-ден түнгі 00-00-ге дейін және таңғы 5-00 мен 7-00 арасында жүзеге асатынын тағы бір мәрте еске салғымыз келеді. Тұрғындарға регламентті бұзбауын ескертеміз», – деп хабарлады мекеме өкілдері.

Мекеме қызметкерлері ауыз суға байланысты қаланың барлық мөлтек аудандарында сумен қамтамасыз ету штаттық режимде жүзеге асып жатқанын хабарлады.

Мекеме берген ақпаратқа сәйкес, ауыз су тапшылығына байланысты сұрақтар 59-52-60, 55-81-69 байланыс телефондары арқылы қабылданады. Келіп түскен әр хабарламаға сәйкес мамандар тексеріс жүргізіп, мәселені шешу үшін жұмыс жасайды.

Қазіргі уақытта мамандар Оңтүстік-батыс ауданы бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Басқа мекен-жайлар бойынша тексеріс жасау үшін көрсетілген телефондар бойынша хабарлама тастау керек.

Асыланбек Қолжан, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

 

1 Comment

  1. Осыдан біздің әімнің жұмфс істемейтінін байқауға болады, жанбыр жауса паводкиге дайын емес, күн ыстық болса су жоқ деген не масқара. Жоғары отырғандар ұяттан безген

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған