Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов 26 министрді қызметінен босатты — TilshiNews

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов 26 министрді қызметінен босатты

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтегі 26 министрді қызметінен босатып, кадрлық өзгеріс жасады. Ол мұны министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында шенеуніктердің Түрікменстан экономикасындағы өсім туралы есебінен кейін жасаған.

Қызметінен босатылғандар арасында білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт, жастар және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша вице-премьер Сапардурды Тойлыев пен экономика, банк және халықаралық қаржы ұйымдары мәселелері бойынша министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мұхамметұлы Мұхаммедов бар.

Бұл Сердар Бердімұхамедовтің президент қызметіне кіріскелі жасаған алғашқы ірі кадрлық өзгерісі.

Бұған дейін Түрікменстанның Австрия, Жапония, Бельгия, Франция, Түркия, Әзербайжан, Украина және Оңтүстік Кореядағы елшілерін өзгерткен.

Сердар Бердімұхамедов 19 наурыздағы инаугурациясынан кейін министрлер кабинеті мен қауіпсіздік кеңесіндегі негізгі лауазымдарда отырған шенеуніктерді ауыстырған болатын.

Гурбангулы Бердімұхамедов президент қызметін ұлы Сердар Бердімұхамедовке бергеннен кейін Түркіменстанда жаңа тыйымдар мен шектеулер шыққан. Наурыз айының соңында Түркіменстан жол полициясы жекеменшік таксистерден мәшинесінің маңдай терезесіне Сердар Бердімұхаммедовтің суретін жабыстырып қоюды талап ете бастаған.

Сәуір айынан бастап Түркіменстан әйелдерге шектен тыс макияж жасауға, тырысқан киім киюге, тырнақ жабыстырып, қас жалғауға тыйым салған. Қоғамдық орында қол ұстасып бара жатқан екі жасты полиция тоқтатып, түрікмендердің дәстүрлі құндылықтары мен әйелдердің отбасы мен қоғамдағы рөлі туралы лекция оқыған.

Сердар Бердімұхамедов биыл наурызда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында 72,97 пайыз дауыс алып, Түркіменстан президенті болған.

Түркіменстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім биыл ақпан айында қабылданған. Бұл шешімге не себеп түрткі болғаны белгісіз, алайда қазіргі президент Гурбангұлы Бердімұхамедов оны «мемлекет басқару ісін жастар беру» деп түсіндірген. 12 наурызда жаппай заң бұзумен өткізілген сайлау Түркіменстанның жаңа тарихында тез арада, жылдам өткізілген алғашқы сайлау болып қалды.

Бақылаушылар бұл сайлауды билікті әкеден балаға өткізу процесі деп санайды.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің өзі 2006 жылы желтоқсанда Түркіменстанның алғашқы презизенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң билікке келген. Содан бері бірнеше рет «сайланып», Түркіменстанда диктаторлық режим орнатқан еді.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған